Көрнекті композиторға құрмет
Ертең, 22 маусым күні Конгресс-холда Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының көрнекті композиторы, белгілі музыкатанушы Ахмет Жұбановты еске алуға арналған «Ғасырлар пернесі» атты концерті өтеді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтетін кеште әйгілі композитордың шығармалары орындалады.
Қазақ КСРО-ның халық әртісі, академик Ахмет Жұбанов ұлтымыздың музыка өнерін, кеше өткен сал-серілеріміздің мұраларын бір жүйеге келтіру жағынан мол еңбек сіңірді. Басқасын айтпағанда, оның есімі қазақтың тұңғыш кәсіби халық аспаптары оркестрінің (қазіргі Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі) құрылуының басында тұр. Ол халық күйлерін оркестрге лайықтап, нотаға түсірді және қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты. Сондай шығармалардың қатарында «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Төлеген Тоқтаров», «Ария», «Вокалдық сюитасы», «Абай сюитасы», т.б. туындылар бар.
Бұған қоса, академиктің «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары», «Құрманғазы», «Қазақ халық композиторларының өмірі мен шығармашылығы», «Қазақ халқының музыкалық мәдениеті», «Ән-күй сапары» сияқты еңбектері ұлттық өнертану ғылымына сүбелі үлес болып қосылды.
Композитор ретінде қазір ел аузында жүрген «Қарлығаш» сияқты көптеген ән мен күй, романстардың, хорлар мен аспаптық симфониялық және вокалдық шығармалардың авторы атанды. Латиф Хамидимен бірге «Абай» (1944) және «Төлеген Тоқтаров» (1947) операларын жазды. «Құрманғазы» операсын бастап, оны кейіннен қызы Ғазиза Жұбанова аяқтады.
Концертте композитордың шығармаларын астаналық филармонияның Қазақ оркестрі (көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, дирижеры, ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов) орындайды. Ендеше, тамаша кештен қалып қоймайық, ағайын!
Аманғали ҚАЛЖАНОВ