2022 - Балалар жылы

Лагерде не үйренеді?



Жылдың жаймашуақ мезгілі – жаз да келіп жетті. Әсіресе мектеп оқушылары үшін көңіл көтеріп, демалып, сейіл-серуен құратын кезең. Ауыл баласы қалаға, қала баласы ауылға асығады. Осындай мезгілде жазғы лагерлердің де жұмысы қыза түседі. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Балалықтың бойтұмары» атты жазғы демалыс лагері 30 мамырда ашылды. Осы лагерде балалардың қалай демалып жатқанын білу үшін тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

[smartslider3 slider=3189]

Таңғы сағат 9.00-де қайнаған тіршілік басталды. Жасөспірімдер сапқа тұрып, таңғы жаттығу жасап, бір сергіп алды да, тамақтанды. Одан соң доп тебу, шомылу сияқты түрлі үйірмелерге бөлініп, лагердің қызығына ден қойды. Мұнда көпбалалы, әлеуметтік ахуалы төмен отбасылардың балалары тегін демалады. Ал басқа балалар үшін 10 күнге созылатын жазғы демалыстың құны – 25 мың теңге. Қазір мұнда 130 бала бар. №73 мектеп-лицейінің 4-сынып оқушысы Жанасыл Құдайбергенов – алғашқы келушілердің бірі. Оның айтуынша, лагерде үйірмелердің алуан түрі ашылған.

– Біз бір күнде төрт үйірмеге барамыз. Кей күндері театр қойы­лымдарын, планетарийді, түрлі концерттерді тамашалаймыз. Ең қызығы осы деп білемін. Лагерде өзіме жақын жаңа достар таптым. Сол себепті басқа балаларға да лагерге баруға кеңес беремін.Үйде отырғаннан гөрі жаттығу жасап, тамақ ішіп, ойнаған жақсы. Болашақта IT-технологиялармен айналысып, өзім жасаған құралдарды басқа адамдарға таныстырғым келеді. Сондықтан лагердегі робототехника үйірмесіне асығып барамын, – деді Жанасыл.

Жанасыл айтқан робототехника үйірмесін біз де көргіміз келді. Осылайша жақында ашылған «Sana» және «Tanym» орталықтарымен таныстық. Мұнда балаларға бағдарламалау және компьютерлік графика дәрісі өтеді. Қазіргі таңда жазғы лагерь балаларына ғана сабақ өтіп жатыр. Тамыз айынан бастап өтетін сабақтар көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына тегін болады.

«Tanym» шығармашылық-технологиялық орталығының директоры Нартай Әшім негізгі мақсат балаларға компьютерлік сауаттылықпен қатар, бағдарламау тілін үйрету, шығармашылыққа баулу екенін айтады.

– Мұндағы ерекшелік те сол – бағдарламау тілін балаларға ойын арқылы түсіндіреміз. Бұдан бөлек, фото өңдеу, дизайнерлік жағынан да сабақ бар. Мәселен, логотип жасап үйрене алады. Сабақ біткен соң қатысушыларға сертификат беріледі. Яғни үйірмелерге барған балалар бірнеше мамандықтың қыр-сырына үңіледі, – дейді орталық басшысы.

Орталық жұмысымен танысқан кезде IT саласының бағыты өте көп екенін байқадық. Газет-журнал беттеуден бастап, бағдарламалау, дата-аналитика секілді күрделі ұғымдар мен жүйелерге дейін бар.

– Балалар мектеп кезінде IT саласын білмей жатады. Бірақ осы мамандықты таңдап, университетке түскенде оларға көп нәрсе қиынға соғады. Осы ретте орталықта сабақ арқылы олардың дағдысын қалыптастырып, үйреткіміз келеді. Мамандық таңдамай, хобби ретінде айналысса да өте жақсы болады, – дейді орталық басшысы Нартай Әшім.

Орталыққа 6-17 жастағы балалар қабылданады. Қатысушыларға әуелі ойын негізінде кодтау үйретіледі. Сосын есептік ойлау жүйесін меңгереді. Осылайша түрлі деңгейді үйреніп шығады.

– Басқа орталықтардан айырмашылығымыз – екі тілде дайындалған арнайы бағдарламамыз бар. Құрал-жабдықтар өзімізден болады. Сондай-ақ халықаралық емтихандарға негіздеп оқытамыз, – деді орталық басшысы.

Бұдан кейін «Sana» орталығының жұмысымен таныстық. Залдары кең орналасқан орталық 150 орынға арнап салынған. Алдымен біз барған коворкингте орналасқан залда балалар бағдарламалауды үйренеді. Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы директорының орынбасары Айгүл Әйтімованың айтуынша, мұнда сабақтан бөлек уақытта да айналысуға мүмкіндік бар.

– Орталықта 3 мұғалім жұмыс істейді. Олардың барлығы – кәсіби маман. Бағдарламалау, кодтауға қосымша бізде робототехника мен makerspase бар. Онда балалар 3D принтерлер арқылы жұмысын шығара алады, түрлі құрылғы жасайды. Мысалы, бір мекемеге су беретін жүйені ойлап табу үшін қолдағы қарапайым заттарды қолданады. Сол бағытта ойланып үйренеді. Кейін де бұл баланың ойлауын дамытады, – деді Айгүл Әйтімова.

Одан кейін 25 орындық робототехника кабинеті мен makerspase шеберханасына бардық. Барлық құрылғылар дайындалған. Балалар келіп жұмыс істейді.

– Балалардың қазір бұл салаға қызығушылығы жоғары. Сол үшін де алдағы оқу жылынан бастап көпбалалалы, әлеуметтік жағынан ахуалы төмен отбасылардың балаларына тегін болады, – деді директордың орынбасары.

Лингвистика бөлімінің жетекшісі және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Толқын Қазбекова лагерь 3 маусымда жұмыс істейтінін айтты.

– Әр маусым 10 күнге созылады. Бір топ жиырма баладан құралады. Әр топты екіге бөліп, күнделікті төрт-бес үйірмеге қатыстырамыз. Балалардың басым бөлігі бассейн, мұз айдыны және керамика үйірмелеріне қызығады. Біздің мақсатымыз – балаларды әр үйірмеге қатыстырып, өзіне ұнайтынын таңдауға көмектесу, бос уақытын тиімді пайдалануға дағдыландыру. Ата-аналар тарапынан күнде алғыс естиміз. Үйде отырып, қатарластарымен сөйлесе бермейтін оқушылар осы лагердегі жұмыстың арқасында қабілетін көрсетіп, жан-жақты ашылып жатыр, – дейді ол.

Жазғы лагерь маусымы әлі де жалғасады. Мұнда балалар bala.demalys сайты арқылы тіркеле алады. Ата-аналары өтініш береді. Лагерде мұзда сырғанау, бассейн, домбыра, хореография, вокал, шахмат, қолөнер, бейнелеу өнері, арт-дизайн және спорт жарысы түрлерінен сайысқа түседі.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ, Индира БЕРЖАНОВА,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студент

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button