Sport

МАРАФОНҒА 4,5 МЫҢ АДАМ ТІРКЕЛДІ



«Astana Marathon 2017» марафонында кениялық спортшы жеке рекорд орнатпақшы. Бұл туралы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, жарысқа АҚШ, Германия, Италия сияқты 19 елдің спортшылары қатысады. Жаяу жүгіруге ұсыныс білдірген 4 жарым мың спортшының ішінде әлемге танымал кениялық желаяқтар да бар.

– Бұл 2009 жылдан бері жылда өтетін марафонның беделін біршама көтереді. Өйткені жүгіру кезінде Астана мен ТМД елдері үшін рекорд жаңартылады деп күтілуде. Саймон Кипругут Кируй жаттықтырушысы Филип Кипронның жетекшілігімен Астанада 2:10 сағат ішінде 42,2 шақырым қашықтықты бағындыруға дайындалуда. Осылайша, өзінің жеке рекордын (02:12:22) жаңартпақшы, – дейді ол.

«Астана Марафон» директоры Гауһар Брамлей-Фентонның айтуынша, 42.2 км, 21.1 км қашықтыққа жасы 18-ден асқан азаматтар қатысады. Ал 10 шақырымдық эстафеталық марафонға 16 жастан жоғары және скандинавиялық жүру ұсынылады.

– Спортшылар үш қашықтықта сынға түседі. Ең төзімді желаяқтар 42 шақырым жерді жүгіріп өтсе, 21 шақырым дайындығы мықты спортшылар үшін болмақ. Ал 10 шақырымға жасы 16-дан асқан әуесқойларға жүгіруіне болады. Марафон ЭКСПО көрмесіне қарсы орналасқан көлік тұрағынан таңғы 7-де басталады. Ал жеңімпазға 850 мың теңге сыйақы тағайындалған, – дейді ол.

Бүгінде 42,2 шақырым қашықтыққа – 485 адам, 21,1 шақырымға – 755 адам, 10 шақырымға 3143 қатысушы тіркелді. Сондай-ақ, марафонға еліміздің 22 қаласы мен 19 шет елдің азаматы үміткер болып отыр. Үміткерлер 10 шақырым қашықтыққа жүгіруге қатысу үшін ақы – 4000 теңге, ал қалған екі қашықтық бойынша 8000 теңге төлеуге міндетті. Бұдан бөлек, ұйымдастырушылар жүгіру сағат 7.00-де басталатындықтан, марафоншылар сағат 6.00-ден бастап жиналу керек екенін ескертеді. Жиналу орны: Тұрар Рысқұлов көшесі, Түркістан, 2 көшесінің қиылысы – ЭКСПО-ға қарама-қарсы Р4 автотұрақ аумағы.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button