Білім

Мектеп оқушыларына қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі?



Мектеп оқушыларына жалпы білім беру қоры мен «Мектепке жол» акция­сы аясында қолдау көрсетіледі. Жалпыға бірдей білім беру қоры әлеуметтік көмекке мұқтаж оқушыларға мемлекеттік білім беру стандартында қарас­тырылған білім алу үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етуге бағытталған. Әр мектеп сол қордан бөлінген ақшаны бөлумен айналысады.

Біздің кеңесшіміз – Нұр-Сұлтан қалалық білім бөлімінің стратегия, талдау және сандық технологиялар бөлімінің бастығы Жазира Асанова

Келесі санаттарға көмек көрсетіледі:

1. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балалары (АӘК).

2. Табысы отбасының бір мүшесіне шаққандағы күнкөріс деңгейінен төмен АӘК алмайтын отбасылардың балалары (кіріс мөлшерін жыл басынан бастап айналым айы­на және отбасы мүшелерінің санына ата-аналары мен 18 жасқа дейінгі балалар санына бөлу керек).

3. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған асырау­шы отбасыларда тұратын балалар.

4. Төтенше жағдайлардың салдарынан жедел көмекке зәру отбасылардың балалары.

5. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің басқа санаттарын білім беру ұйымының алқалық басқару органы анықтайды.Анықтама білім беру ұйымында тіркелген ата-ананың өтініші бойынша бөлінеді. Алқалы орган – бұл білім беру ұйымында құрылған, оның ішіне ата-аналар да кіретін комиссия.

Көмек кеңсе тауарлары, мектеп және спорт киімдері, аяқ киім түрінде ұсынылады. Сонымен қатар көмек жазғы лагерьлерге баруды, тамақтануды, мәдени және әлеуметтік шараларға қатысуды қамтиды. Егер отбасы төтенше жағдайдың салдарынан зардап шеккен болса, онда материалдық көмек көрсетуге рұқсат етіледі. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында мәслихат шешімімен жеңілдікпен саяхат/жол жүру карталарын толтыру қарастырылған.
Көмек көрсетуді қарап шығу үшін негіздеме қажет, бұл, ең алдымен, ата-ананың немесе заңды өкілдің өтініші. Яғни, егер ата-ана өтініш білдірмеген болса, мектеп көмектесе алмайды.

Бұл көмекті алу үшін сіз директорға өтініш жазып, келесі құжаттарды қоса беруіңіз керек:

* қорғаншылықты (қамқоршылықты), патронаттық тәрбиелеуді (жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасыларда тәрбиеленетін балалар үшін) бекіту туралы анықтаманың көшірмесі;

* өтініш берушінің (отбасының) мемлекеттік АӘК алушыларға тиесілігі анықтамасы;

* мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары үшін алынған табысы туралы мәліметтер.

Егер ата-ана белгілі бір себептермен жалпыға бірдей білім беру қорынан көмек алушылар санатына кіре алмаса, онда отбасыларға демеушілерді тарта отырып, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы шеңберінде көмек көрсетіледі. Жоғары оқу орындарына гранттар бөлінеді, колледждерде мемлекеттік тапсырыс қарастырылған. Мектепке дейінгі ұйымдарда орын алу құқығы – бірінші кезекте. Қосымша білім беру ұйымдарында жеңілдіктер қарастырылған.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button