Басты ақпаратҚала мен Сала

Қаланың қоқысы қайда кетіп жатыр?

Нұр-Сұлтанда пластик, қағаз, шыны, металл және ұсақ-түйек электронды техника қалдықтарын жинауға – сары түсті контейнер, тағам бөліктері, органикалық қалдықтарға жасыл контейнер қойылған, аялдамаларға қоқыстарды сұрыптауға шақырған жарнамалар ілінген, тиісінше қоқыс шығарушы компания азық-түлік қалдықтарынан бөлек, қайта өңделетін шикізаттарды сұрыптау немесе қайта өңдеу кәсіпорындарына апаруы керек, ал өңделмейтін бөлігін көму үшін полигонға алып кетуі керек. Соған қарамастан, қала тұрғындары қоқысты сұрыптауға әлі де мән бермейді. Оның үстіне халық саны өсіп, қоқыс та көбейіп келеді. Арнайы мәліметтерге қарағанда, «Таза қала» қоқыс жинау компаниясының жұмыс тобы тек тәулік ішінде мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды жеткізеді екен. Барлық қалдықтардың тек 12 пайызы зауытта сұрыпталып, өңделеді. Қалған 88 пайызы полигонға кетеді.

Таяуда қала әкімі Алтай Көлгінов инстаграм парақшасында бір ай бойы өткізілген сенбіліктер барысында 280-нен астам қоқыс үйінділері тазартылғанын, мұндай жұмыс жүйелі негізде жүргізілетінін айтты. Айта кету керек, әкімдіктің бастамасымен «Талдыкөл» аумағында, Өндіріс көшесі жағындағы С349 көшесі, Алаш тасжолы 65/1 мекенжайы, Солтүстік айналма жол, Астана–Малотимо­феевка көшесіндегі қалалық фтизиопульмонология орталығына қарама-қарсы бет, Қорғалжын тасжолы 45 мекенжайы, Қарттар үйі аумағы, Астана–
Қара­ғанды тасжолы 111в, «Қа­лалықГаз­Астана 2050» жанармай құю стансасы, №29 мектептің Солтүстік–Шығыс бетіне осындай ау­­қымды тазалық жұмыс­тары жасалған. Биыл жаз­да Экология, геология және табиғи ресурстар ми­нистрі Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасымен Қоянды су қоймасын тазарту бойынша «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық шарасы өткені белгілі.

Құрылыс компаниялары қалдығын қайда төгеді?

Нұр-Сұлтанда құрылыс компанияларының бірқатарын ғана қоқысты арнайы жерге төгеді екен, ал қалғаны қайда төгіп жатқаны белгісіз. Қалалық мәслихатта өткен экология­лық мәселелер бо­йынша қоғамдық тыңдау­да қалалық мәслихат депутаты Аман Аюпов компаниялардың барлығының полигонмен келісімшарты болуын, қоқысты арнайы полигонға өткізуін ай са­йын қадағалап, қалған қоқысты қайда жібергенін бақылауда ұстау, егер полигон тарифі жоғары болса, оны төмендету керектігін айтып, мәселе көтерді. Оның айтуынша, кәсіпорындардың өндіріс қалдықтарын полигонға әкетуіне тиісті бақылау жоқ, елордада өндірістік сипаттағы қоқыс тастау мәселесі әлі күнге жүйелі шешімін таппаған, кәсіпорындардың қоқыс пен өндірістік қалдықтарды шығаруына тиісті бақылау жүйесі жасалмай отыр. «Бүгінгі таңда құрылыс компанияларының 25 пайызы ғана құрылыс қалдықтарын арнайы полигонға шығарады, ал қала олардың зардаптарымен күресуде. Нәтижесінде біз шығарындылар үшін төлем алмаймыз әрі рұқсат етілмеген полигондарды тазартуға бюджет қаражатын да бөлеміз» деді депутат. Неге бұлай? Бұған қатысты ҚР заңнамасын жетілдіріп, осы талаптарды сақтамағаны үшін жауапкершілікті күшейту қажет пе?

2030 жылғы меже – 40 пайыз

«Жасыл» экономикаға көшу кон­цепциясындағы бас­ты тармақтардың бірі – осы қатты тұрмыс­тық қал­дық­тарды игеру. 2021 жылы қалдықтардың жекеле­ген түрлерін жоюға тыйым салатын заң күшіне енеді. Үкімет 2030 жылға дейін қатты тұрмыстық қал­дықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайыз­ға жеткізуі тиіс. Арнайы мәліметтерге қарағанда, 2012 жылдан бері қала аумағынан шығарылған барлық қоқыс елордадағы «KazRecycleService» ЖШС қоқыс өңдеу кешенінде жинақталады. Кешен испан технологиясы бо­йынша жұмыс істейді, онда қоқыс­ты сұрыптау, брикеттеу және өңдеу жүргі­зіледі. Кешенге салынған инвестиция көлемі 36 млн еуроға жуық. Өңдеудің жобалық қуаты жылына 250 мың тонна қалдықты құрайды. Сұрыптаудан ке­йін қалдықтар қайтала­ма шикізатқа өңделеді, нәтижесінде экомақта, таспа, флекс, түйіршектелген поли­этилен ұнтақтары және табақ пластиналар шы­ғарылады. Утилизация­ға жарамайтын қалдықтар по­лигонға жіберіледі. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бізде қатты тұрмыс­тық қалдықтарды қайта өңдеу, «жасыл» экономикаға көшуге байланысты қаптаған форумдар өтеді, бірақ бұл саланың дамуы әлі де ойдағыдай емес.

«Экология – әлемдік тренд»

Арнайы зерттеуге қара­ғанда, жыл сайын елімізде 700 миллион тонна өнер­кәсіптік қоқыс пен қал­дық­тар жиналады, оның 250 миллионы денсаулыққа қауіпті улы заттар көрінеді. Дамыған елдер жас ұрпағына экофилософияны насихаттап, көшелерге батарея немесе сынап лампасын ортақ қоқысқа тастауға болмайды деген билборд іліп қояды екен.
Жуырда қала әкімі Алтай Көлгінов №76 мектепте өткен эко-сағатта «Экология – әлемдік тренд» деп, оқушыларға қала тазалығының денсау­лық үшін де, мәде­ниет үшін де аса маңызды екенін айтты. «Осы жазда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы экочелленджді бастады. Жастар белсенділік танытып, қаланың айналасын­дағы өзен-көлдерді тазалауға қатысты, сонда көргеніміз – су қоймаларының айналасы қоқысқа толған, оны басқа планетадан келіп лас­таған жоқ, басқа облыстың адамдары әкеліп төккен жоқ, сіз бен біз лас­тадық, демалысты жақсы көреміз, бірақ артынан жинамаймыз» деп баршаны табиғатты қорғауға, қоқыс тастамауға шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев астанада рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс төгілетіндігіне алаңдау­шылық білдірген еді. Ол кейбір тұр­ғындардың өркениеттен хабары жоқ адам сияқты әре­кеттеріне қынжылып, сырттан келгендерге «қоқыс­ты қайда төгу керектігін» түсіндіру қажеттігін айтты.
– Осы жайтқа байланыс­ты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастағандарға әкімшілік жазаны қатаңдатуды тап­сырамын.
Әрине, бұл біздің азаматтардың күнделікті тұрмыс­та, пәтерінде, подъез­де өздерін тиісінше ұстай білу жөніндегі тұрмыстық мә­дениетіне байланысты. Адам­дар өздерін астананың тұрғыны емес­тей, қалалық мәдениетке еш қатысы жоқтай екендей сезінеді.
Бұл жерде оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Егер кімде-кім селодан келсе, өзінің соңынан қоқыс тастамауды үйрету керек, – деді Тоқаев.
Президент сондай-ақ құ­рылыс қалдықтарының ретсіздігін күрделі мәселе деп атады. Күл-қоқыс елорданың шеткі аймақтарында шашылып жатады. Президент әкімдікке Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс қал­дық­тарын жинауға және өңдеу­ге арналған арнайы алаң жасау­ды тапсырған болатын.

Фарида Каримова

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button