#Жаңа Қазақстан

Мемлекет күші – ұлт денсаулығында



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында елімізде адам капиталы сапасын барынша арттыру керегін атап өтті. «Бұл мәселе менің айрықша назарымда екенін білесіздер. Себебі Қазақстанның басты байлығы – адам. Қарым-қабілеті зор, білімді азаматтар елімізді алға бастайды. Адам капиталын дамытуға қатысты тағы бір мәселе – денсаулық сақтау жүйесінің тиімді болуы. Еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту қажет. Оның жай-күйіне қатысты түйткіл аз емес. Мемлекет соның бәрін біртіндеп шешіп жатыр» деді Президент.

Медицина қызмет­керлерінің саламатты ұлт, сапалы адами капитал қалыптас­тырудағы рөлі зор. Бұл ретте бүгінгі таңда отандық медицинаны сапалы, ашық және қолжетімді ету мәселесі өзекті болып отыр. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде қазақстандық медицина халықтың қажеттіліктері мен сұраныстары ескерілмей реформаланды. Коронавирус пандемиясы отандық денсаулық сақтау жүйесінің тиімсіздігін айқын көрсетті. Кейбір сарапшылардың пікірінше, денсаулық сақтау жүйесінің қиын жағдайға душар болуының негізгі факторының бірі – бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану. Сондықтан олар денсаулық сақтау бюджеті ашық болуы тиіс деп санайды.

Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мемлекет басшысы айтқан мәселеге тоқталды. Ол медициналық инфрақұрылымды жақсарту қажеттілігі туралы тапсырманы іске асыру барысы туралы баяндады.

– Бүгінгі таңда республикада 6000-нан астам мемлекеттік денсаулық сақтау объектісі, оның ішінде 492 аурухана және 5695 медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектісі халыққа медициналық көмек көрсетеді. Медициналық ұйымдар ғимараттарының тозу деңгейі 44,7 пайыз­ды, оның ішінде стационарлар 43,5 пайызды, МСАК ұйымдары 41,9 пайызды құрайды. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған стационарлардың көпшілігі халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келмейді, – деді А.Ғиният.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Осылайша, қабылданып жатқан шаралар денсаулық сақтау саласы инфрақұрылымын одан әрі дамытуға ықпал етеді. Одан бөлек, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі заң жобасы жасалуда. Президенттің тапсыр­масына сәйкес, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Министрлік заң жобасы шеңберінде медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру және ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының санкциялық шараларын төмендету жөніндегі нормаларды ұсынды.

Елімізде салауатты өмір салты насихатын күшейту, денсаулық мәселелері бойынша халық сауатын арттыру жөнінде 2023-2025 жылдарға арналған ведомствоаралық жол картасы әзірленді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылға қарай саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесі 30 пайызға дейін артады деп күтілуде.

Қазіргі таңда Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің алдына халықтың қажеттіліктеріне сәйкес келетін денсаулық сақтаудың бәсекеге қабілетті, пациентке бағдарланған моделін қалыптастыруға бағытталған нақты ауқымды міндеттер қо­йылып отыр. Бұл модель негізгі бағыттары ДДҰ стратегиялық құжаттарының басымдықтарына сәйкес келетін «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылуда.

Президент сондай-ақ өз сөзінде медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау туралы да айтқан болатын. Оның тапсырмасымен еліміздегі медицина қызметкерлерінің жалақысы тұрақты түрде өсіп отыр. Биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысы 30 пайызға ұлғайды. Алдағы уақытта да медицина саласына бөлінетін қаржының көлемі артады. Дәрігерлердің мәртебесі заң жүзінде айқындалады. Аурудың алдын алуға бағытталған маңызды жобалар қолға алынады. Сенат өз тарапынан осы және өзге де бастамалардың іске асырылуына белсенді түрде қатысады.

Елордада 12 мыңға жуық медицина қызметкері бар, оның ішінде 3 мыңнан астам дәрігер, 6 мыңға жуық орта медицина қызметкері және 2 мыңнан астам кіші медицина қызметкері жұмыс істейді. Кадрларды сақтап қалу үшін бірқатар шара тұрақты түрде жүргізіледі. Мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі – азаматтарымыздың денсау­лығын сақтау. Бұл туралы Мемлекет басшысы әр Жолдауында айтып, нақты тапсырмалар береді. Әкімдік тарапынан сапалы және қолжетімді медицинамен қамту үшін барлық жағдай жасалуда. Елорданың денсаулық сақтау саласына қазір үлкен жүк түсіп тұр. Себебі қала халқы жыл са­йын орташа есеппен 40-50 мың адамға көбеюде.

– Тұрғын үй көбейіп, жаңа аудан саны артуда. Мұның бәрі жылына сол жаңа аудандарда емханалар салу қажеттілігін туындатты. Әзірге қолданыстағы емханалардың екі есе жүктемемен жұмыс істеуіне тура келіп тұр. Ал №3 көпбейінді қалалық аурухана ғимараты ескілігіне байланысты апатты жағдайда. Осы жағдайды реттеу үшін бірқатар кешенді шара қабылданды. Төсек-орын санының жетіспеушілігі мен қала халқының артуына байланысты 2 емдеу мекемесі мен 2 перзентхана салу, 7 емдеу мекемесі ғимаратын қайта жаңғырту жұмысы жоспарланған, – дейді Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.

Денсаулық сақтау саласын дамытудың маңызды факторының бірі – заманауи білімді, профилактика мен емдеу, ­диагностикалаудың жаңа әдісін меңгерген, қолданылатын жоғары медициналық технологиялардың экономикалық және клиникалық тиімділігімен қамтамасыз ететін мамандар даярлау және қайта даярлау. Денсаулық сақтау саласы мамандарының біліктілігін арттыру жоспарына сәйкес, 2022 жылы шетелде және ел ішінде жергілікті бюджет есебінен 800-ден астам маман оқытылды. Биыл 1700-ден астам медицина қызметкерін оқыту көзделуде. Оның ішінде 44 медицина маманы білімін шетелде, қалғаны Қазақстанда жетілдіреді.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button