Білім

Мерей

Біз көбінесе дабырасы жеті қыр асқан атақты адамдар туралы жазуға құштармыз. Ал қасымыздағы таудай істі үн-түнсіз атқарып жүргендер жайында көп айта бермейміз. Міне, сондай жанның бірі – кезінде Ақмола тың игерудің орталығына айналып, қазақтың тілі мен өнері қағажу көргенде соған жанашыр болған ҚР білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, қазақы ұғыммен айтқанда сегіз қырлы, бір сырлы азамат – Оспан Сүлейменұлы.

ҰЛТШЫЛ САНАЛҒАН ҰЙЫМ

Оспан ағамыз елордадан онша қашық емес Жаңажол деген ауылда өмірге келген. Әкесі – соғысқа қатысқан майдангер. Қылышынан қан тамып тұрған кеңес өкіметі тұсында да бес уақыт намазын қаза қылмаған. Ел ішінде пайғамбарымыздың ақ жолын насихаттап, мол­далықты ұстаған. Анасы – жеті баланы жарық дүниеге әкеліп, оларға ізгілікті тәрбие берген аяулы жан. Біздің кейіпкеріміз – үйдің үлкені. Әманда, отбасында бар салмақ үлкенге түседі. Кейінгілер соған еліктейді. Оспан бала жасынан өнерге ынтық болып өседі. Әсіресе, домбыраны жанындай жақсы көрді. Он екі жасында облыстық байқауда топ жарып, «өнерлі бала» деген атқа қол жеткізеді. Сегіз жылдыққа дейін туған ауылында білім алған ол 9-11-сыныпты қаладағы жалғыз қазақ мектебі – Жамбыл Жабаев атындағы №4 орта мектепте аяқтайды. 1967 жылы С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтының музыка факультетіне оқуға түседі. Бұл – тың игерудің нағыз дүрілдеген шағы. Соның әсерімен солтүстік аймақтарға басқа жақтан қоныс аударушылар лек-лек көшіп келіп жатты. Оның кері әсері де көп болды. Жергілікті жұрттың жағдайын елеген ешкім болмады. Арқадағы көп қазақ мектептерінің есігіне қара құлып түсті. Бар қазынаны сақтаған ана тіліміз әркімге жаутаңдап бір қараған жетім баланың күйін кешті. Осыны көріп, іштей булыққан белсенді қазақ жастары Целиноградтағы төрт жоғары оқу орнында оқитын өнерпаздардың басын жинап, «Гүлдер» деген қоғам құрады. Онда ұлтымыздың ұмы­тыла бастаған өнері мен салт-дәстүрін дәріптейді. Солардың арасында Оспан аға да жүрді. Жалынды жас­тар көптеген мәдени шаралар өткізді. Бір күні қоғамды ұйымдастырушыларды об­лыс­тық комсомол комитеті шақырып, бұл ұлтшыл ұйым екенін ескертеді. Оны өз қол­дарымен таратпасаңыздар, бәрі де комсомол қатарынан шығарылатынын айтады. Сөйтіп, екі жыл қазақ жастарына рухани демеу болған ұйым өз жұмысын тоқтатады. Бірақ Осекең өз мақсатынан танбайды. Ұлттық ән мен күйді насихаттай береді.

ҰСТАНЫМЫНАН ТАЙМАҒАН ҰСТАЗ

Оспан Сүлейменұлы – бар саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған азамат. Алғашқы еңбек жолы туған ауылынан басталады. Оқушыларға ән мен күй және сурет өнерінен сабақ береді. Одан кейін облыстық оқу бөлімінің жолдамасымен Қорғалжын ауданындағы балалар музыка мектебіне ауысады. Онда да жеткіншектерге домбыра үйретеді. Одан қалды аудандағы ұлт аспаптар оркестрін ұйымдастырады. Қызметі көтеріліп, Қорғалжын аудандық мәдениет бөлімін басқарады. Облыстық мәдениет бөлімінің шақыруымен сол кездегі «Тың игерушілер» сарайында қазақ ұлт оркестрін ұйымдастырады. Қысқасы, қызметтік жолы өнердің айналасында өрбиді. Ұстаздық қасиетті бойына барынша сіңірген тұлға.
Әсіресе, Сүлейменұлының №2 балалар музыка мектебін басқарған жылдары жұлдызы жанды. 2010 жылы мектеп өрендерінің ұлттық ансамблі Біріккен Араб елдерінің аспанын қазақтың ән-күйімен көмкерді. 24 оқушы Францияда отыз күн бойы халықаралық байқауда бақ сынап, еліміздің абыройын асырды. Соның бәрі – өз ісін жан-тәнімен сүйген ұстаздың жетістігі. Оспан ағадан тәлім алған балалардың бәрі өнерлі. Қаншама шәкірттері республикалық «Абай», «Шәкәрім», «Мұқағали» оқу­ларында топ жарды. Оның тәлімгерлік тәжірибесі – жас мамандарға үздік үлгі. Өзі ақын, өзі сазгер, өзі күйші, өзі суретші. Бір басына сан тарау өнер жинақталған. Бір кісідей ақындығы да бар. Он шақ­ты кітаптың авторы. Өнер тақырыбына жазған мақа­лалары мерзімді баспасөзде жиі жарияланады. Бір сөзбен айтқанда, Сүлейменұлы сонау көк мұздай сірескен Целиноградта қазақтың өнерін балғындарға дарытуға қарлы­ғаштың қанатымен су сепкендей қызмет істеп, ұлттық ұстанымынан таймады.

КӨПБАЙҚЫЗЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ

Кейіпкеріміздің ерекшелеп айтатын бір ерлігі бар. Әрине, оны өзі ешкімге айтып, кеудесін кермейді. Ол – Ақмоладағы алғашқы қазақ музыка мектебінің іргесін қалаған азамат. Оны жүзеге асыру жеңіл тиген жоқ. Бірақ иіні келсе, алға баспайтын іс бар ма?! 1990 жылы Қызылорда қаласында «Елім-ай» бағдарламасы бойынша республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Оған Целиноградтан Оспан Сүлейменов барады. Семинарға сол кездегі Білім министрінің орынбасары Шәмша Беркімбаева қатысады. Аяулы азаматша әр өңірден келген мұғалімдермен әңгімелеседі. Сондай бір кездесуде Оспан ағамыз министрдің орынбасарына өзінің көп жыл бойы «Ақмоладан қазақ музыка мектебін ашсам» деп армандап жүрген ойын жеткізеді. Бәрін іштей түсінген Шәмша Көпбайқызы Сүлейменовті Алматыға өзінің қабылдауына шақырады. Оспан ағамыз Сыр бойынан келгеннен ке­йін Алматыға жол тартып, Бер­кімбаеваға барады. Ол кісі «қазақтың өнері» деп жаны күйіп жүрген азаматты жылы қабылдап, сол мезет облыстық білім басқармасының басшысына қоңырау шалады. Сөйтіп, әп-сәтте музыка мектебінің тағдыры шешілді. Білім басқармасы оған бұрынғы Жамбыл мектебінің ескі екі қабаттық ғимаратын береді. Оған сол кездегі қала әкімі болған марқұм Аманжол Бөлекпаев көп қолдау көрсетті. Ғимаратты толықтай жөндеуге және қажетті му­зы­калық аспаптар сатып алуға қомақты қаржы бөлді. 1991 жылдың қыркүйегінде Ақмоладағы ал­ғашқы қазақ музыка мектебі өнерлі балаларға есігін айқара ашты. Оның бірінші директоры Оспан Сүлейменов болды.

***

Мен Оспан ағаны студент күнімнен білемін. Содан бері ол кісімен ағалы-інілі болып, жақын араласып келеміз. Қашанда сыпайы болмысынан өзгермейді. Ағамыз түзде ғана емес, отбасында да бақытқа қол жеткізген адам. Асыл жары Айсұлу апамыз екеуі үш бала тәрбиелеп, солардан немере көрген ардақты ата мен әже. 2014 жылы екеуі де қажылыққа барып, мұсылманның бес парызының біреуін орындап қайтты. Астана деген ару шаһардың қадірлі тұрғыны. Дәл бүгін Оспан Сүлейменов ме­рей­лі жетпіс жасқа толды. Ол кісі жетпіске салиқалы қалпымен жетті. Жан-жағы көгеріп, мәуелі бәйтерекке айналған азаматқа ұзақ ғұмыр тілейміз.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button