Қала тіршілігіМәслихат

МИГРАЦИЯ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ



миграция222

Елорда мәслихатында тұрақты комиссия мүшелерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Онда Астанадағы көші-қон мәселесі талқыланды.

Алдымен Астана қаласы Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Батырлан Есенбай баяндама жасады. Елордадағы қылмыстық іс­тердің көбеюі бас қалаға келушілер қатарының күн санап артуымен байланысты болып отырғанын алға тартқан ол соңғы бес жылда қала халқының саны едәуір өскенін, оған еліміздің барлық өңірлерінен, алыс және жақын шетелдерден бас шаһарға ағылушылар қатарының артуы да әсер етіп отырғанын айтты.

– Жыл басынан бері Астанаға әр­түрлі мақсаттармен 90 мыңнан астам адам келсе, олардың 20 мыңға жуығы алыс шетелдердің аза­­мат­тары. Бұл ретте бас қалада шетел­діктердің келуі, олардың заңнама талаптарын сақтауы бақы­лауға алынғанына қара­мастан, сырттан келгендердің көбі еліміздің заң­на­­маларын орындамайды, соның салдарынан қаладағы заңбұзу­шы­­­лық­тардың жартысына жуығы миг­­рант­тардың қатысуымен болып отыр, – деді Б.Есенбай.

Заңсыз көші-қонға қарсы әрекет ету бойынша республикалық арнайы іс-шара өткізіліп, аталмыш шара аясында және шетел азаматтарының көші-қон заңнамасын сақтауын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында «Нелегал-2014» жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылған. Орынбасардың айтуынша, осы шара барысында 1599 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Нәтижесінде, 1492 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әкімшілік сот шешімімен 92 азамат мемлекеттен аластатылған.

Одан әрі сөз алған Астана қала­сының Ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының бастығы Гүлвира Дөненбаева ішкі көші-қон үдерістерін реттеу сала­сындағы мәселелердің бірі – азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұруы және уақытша тұратын орны бойынша есепке алынбауына тоқталды. Ішкі көші-қонды реттеудің шектеу нор­маларының болмауы үй иелеріне өз­дерінің тұрғынжайларына жүз­деген азаматты және шетелдікті тір­кеуге мүмкіндік беріп отырғанын айта келе, ол осы мәселені халық қалау­лыларының талқысына салды. Депутаттар болса бұл мәселені қала­лық мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты ко­миссиясының отырысында егжей-тегжейлі қарау жөніндегі әріптестері Б.Исабаевтың ұсынысын мақұлдады.

Күн тәртібіндегі мәселені талқылау барысында қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Мирас Шекенов, қалалық мәслихаттың заңдылық, құқық тәртібі және жұрт­шылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары Тимур Оразақов, қалалық мәслихаттың депутаты Зәуре Жүсіпова және қалалық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев пікір білдірді. Олар заңсыз көші-қонға тосқауыл қою қажеттігін атап көрсетті.

«Мигранттар мәселесі тек біздің елімізде ғана қалыптасып отырған мәселе емес, әлемде жаһандану үдерісі жүріп жатқандықтан, көші-қон проблемасын әлемдік деңгейдегі мәселе деуге болады. Сондықтан, бұл мәселемен тереңірек айналысқан жөн. Бүгінгі басқосуымыздың мақсаты да – осы» деді С.Есілов.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button