МҮГЕДЕК ЖОЛАУШЫНЫ ЖАТЫРҚАТПАУДЫҢ ЖОЛЫН ҚАРАСТЫРУДАМЫЗ
Соңғы кезде Астана қаласындағы қоғамдық көліктердің сапасы артып келеді. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың автобусқа емін-еркін мініп-түсуіне мүмкіндік қарастырылып, стандартқа сәйкес автобус қатарын көбейтуге айрықша көңіл бөлінуде. Бұл жөнінде Астана қаласы Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әбдіхамит Тамабаев аз-кем әңгімеледі.
– Әбдіхамит Керімбайұлы, қоғамдық көліктің қаншасында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай туғызылып отыр?
– Қазіргі кезде барлық қалалық бағдарларда «Вольво», «Хайгер», «ХуанХай», «Скания» маркалы мүгедектерге қолайлы 251 автобус қызмет көрсетеді. Бұл көліктерде орналастырылған тұтқалар және автобус еденінің аласалығы мүгедектердің кедергісіз шығып-түсуіне мүмкіндік береді. Автобус салонының алдыңғы жағында арнаулы орындар қарастырылған. Олардың тұсында ақпараттық таблолар орнатылған. Ал, ең басты ерекшелігі, бұл көліктер арбаға танылғандарды мінгізіп-түсіру үшін арнаулы траппен жабдықталған.
– Мүгедектерге мүлтіксіз қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында жүргізушілер мен кондукторларды оқытып жатырсыздар ма?
– Иә, біз автобус жүргізушілері мен кондукторларды арнайы оқу курсынан өткіземіз. Соның ішінде арбамен жүретін жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, олардың автобусқа кіріп-шығуына көмектесу керектігі де ескеріледі. Яғни, нұсқау бойынша кондукторлар қарап тұрмай мүгедек жандардың аялдамаға келіп тоқтаған автобусқа отыруына жәрдемдесуі, көлік ішіндегі арнайы орынға жеткізуі тиіс. Жолаушы діттеген жеріне жеткен соң, автобустан түскен кезде де демеп жіберген жөн. Бұрын автобус жүргізушілері қоғамдық көлікпен арбада отыратын, құлағы нашар естіп, көзі нашар көретін адамдардың да жолаушылап жүретініне аса мән бермейтін әрі ешкім оны қатты талап етпейтін. Қазіргі таңда олармен жұмыс жақсы жолға қойылған. Автобус жүргізушілер кез келген аялдамаға жақын тоқтайды. Кондуктор олардың ыңғайлылығы үшін орын дайындайды, жүргізуші шығып трапты ашады. Қысқасы, Елбасының тапсырмасы бойынша мүгедектердің құқықтарын қорғау мақсатында біздің қалада мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық көліктерді пайдалануы үшін барынша мүмкіндіктер қарастырылуда.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ