Жаңалықтар

Мұнаралы көпір салынады



Бас қалада бұрын-соңды болмаған мұнаралары бар көпір салынады. Көпірде тұрғын үй кешені бой көтереді. «Елорданың ең маңызды нысандарының бірі – Triathlon Towers деп аталатын жоба болмақ.

Бұл нысанды Есіл өзенінің жағалауынан, Триатлон бағы мен «Жетісу» саябағының аумағынан салу жоспарланып отыр. Triathlon Towers бас қаладағы саябақтардың дамуына ерекше серпін береді, сондай-ақ ғимарат қала сәулетімен тамаша үйлесім табады» деп хабарлады Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының өкілдері.
Мамандардың болжауынша, қаланың көрнекті нүктелерінен, барлық көлік магистральдарынан қолжетімді жерде салынатын бірегей сәулеттік жоба елордамыздағы туристік көз тартарлық нысанның бірі болмақ. Ол екі жағалаудағы жаяу-көлік және велокөлік жүйелерін бір-бірімен жалғап, Есілдің жағасындағы жаңа су вокзалын қалыптастырады. «Тұжырымдаманың негізіне қала мен өзеннің жымдасуы, адам мен табиғатты біріктіретін жаңа жаяу жүргіншілер және велосипедшілер жолағын құру пәлсапасы таңдап алынған. Бұл салауатты өмір салтының және экологиялық жағынан таза қаланың жаңа символы, қалалық өмір сүру салтының, Нұр-Сұлтандағы еңбек ету мен демалыс­тың жаңа үлгісі» деп түсіндірді құзырлы басқармадағылар.
Көпбейіндік тұрғын үй кешенінде жапсарлас салынған бөлмелері мен паркингтері бар сәулетті үлкен үйлер, қонақүйлер болады. Бұл жобаның авторы – Benoy LTD компаниясының Лондондағы сәулет өнері бюросы. Triathlon Towers-тің биіктігі 42 қабаттан тұрады. Жобаның тұжырымдамасы қала құрылысы жөніндегі кеңесте алдын ала келісілді.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button