Мәслихат

Тарихты танытпаса, несі туризм?

Нұр-Сұлтан қаласында бірнеше жыл көлемінде «Red bus» атты экскурсия­лық автобустар қала қонақтарына қызмет көрсетіп келе жатыр. Көпшілік қос қабатты қызыл автобустар деп атайтын бұл көліктерге мініп, екі сағат ішінде шаһардың көрікті жерлерін аралап шығуға болады. Бас қаладағы туризм саласындағы қызмет көрсетудің сапасын анықтау мақсатында аталмыш автобустарға қалалық мәслихат депутаттары отырып, белгіленген маршрутпен жүріп өтті.

АЛТЫ ЖЕРДЕ АЯЛДАЙДЫ

Экскурсиялық автобустар қала тұрғындарына «Думан» атауымен таныс «Ailand» отбасылық ойын-­сауық орталығы мен «Астана-Бәйтерек» монументінен таңертең сағат 10.00-10.30-да қозғалып, 20.00-ге дейін күніне бірнеше рет сол жағалауды айналып шығады. Бір айналым 30 шақырымды құрайды. Аудиогид арқылы қала туралы қазақ, орыс, ағылшын, қытай, неміс, түрік, француз және испан, жалпы алғанда сегіз тілде ақпарат беріледі.
Билеттің бағасы ересектерге – 3 мың теңге, зейнеткерлер мен студенттерге, балалар мен жасөспірімдерге – 2 мың теңге. Бес жастан төмен балалар тегін жүреді. Билеттер 24 сағатқа жарамды. Оларды автобустың өзінде және «Астана-Бәйтерек» пен «Ailand» жанындағы киоскілерден сатып алуға болады. Бір автобусқа 60 адам сыяды. Жалпы, қала қонақтарына осындай үш автобус қызмет көрсетеді.
Автобустар алты жерде – «Ailand», «Хан Шатыр» орталықтары, «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы, «Нұр әлем» сферасы, Ұлттық музей және «Астана-Бәйтерек» монументі маңайында аялдайды. Уақытыңыз­ға қарай оларға осы аялдамалардан мініп, түсуге болады. Қалада қатынайтын қоғамдық көліктер сияқты бұл автобустар «Astrabus», «Infobus» мобильдік қосымшаларына қосылған. Онда олар «701 экскурсиялық бағдар» деп көрсетілген. Сондай-ақ, автобустың орналасқан жерін білу үшін тиісті call-орталыққа қоңырау шалуға болады.

ШАҺАРДЫҢ ЖАНЫ – ЕСКІ ҚАЛАДА

Депутаттар экскурсиялық автобустар бағдарынан бір олқылықты байқады. «Туристер осы автобус­тарға мініп, сол жағалауды аралап шығады екен. Бірақ қала сол жағалаудан ғана тұрмайды ғой. Кез келген қаланың өз тарихы бар. Қаламыздың тарихы 200 жылға жуықтайды. Оң жағалауда «Арбат», Сәкен Сейфуллин мұражайы, бұрынғы тың игерушілер сарайы – қазіргі «Астана» концерт залы, көпес Кубриннің үйі сынды тарихи ғимараттар орналасқан. Болашақта соңғы аталған нысанда өлкетану музейі ашылмақ. Респуб­лика даңғылының өзі – бір тарих. Сол даңғылда тағы Әскери-тарихи музей орын тепкен. Сондықтан автобус бағдарын оң жағалаудан өтетіндей етіп те құру керек. Осыдан үш жыл бұрын қаладағы турис­тік қызметке жауапты «Астана Конвеншн Бюро» басшылығымен бұл туралы сөйлескенбіз» деді депутат Мирас Шекенов.
Оның әріптесі Рамзия Өмірбаева атақты №306 және 310-атқыштар дивизиялары ескі қалада, қазіргі «Қазақтелеком» мекемесі маңа­йында құрылғанын, оң жағалауда Әлия Молдағұлованың ескерткіші де бар екенін еске салды. «Экскурсиялық автобустарда қаланың ескі тарихы туралы өте аз айтылады. Әр көшенің өзі – бір-бір тарих» деді ол. Депутат Қарақат Абден қазіргі М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры да тарихи ғимарат екенін айтты. Ау­дио­гидте музыка көптігіне, мәтіннің аздығына назар аударды.
Депутаттарды аралатқан «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС туристік инфрақұрылымды дамыту департаментінің басшысы Саят Құса­йынов экскурсиялық автобустар алғашқы жылдары оң жағалауға барғанын, бірақ кейіннен бағдар өзгертілгенін жеткізді.
«Керемет» моншасы туралы туристерге айтамыз. Бірақ қала тарихы жайлы там-тұмдап қана сөз қозғаймыз. Монша кез келген қалада бар. Туристерге міндетті түрде ескі қаланы көрсету керек. Шаһардың жаны – ескі қалада. Ал туристер сол жағалаудан оның жанын көрмейді» деген М.Шекенов «Қазақтелеком» мекемесіне 310-атқыштар дивизиясы туралы мүйіс жасауды ұсынғанын да айта кетті.
Депутаттар экскурсиялық автобус билетінің бағасы туралы пікір алмасты. Біреулеріне 3 мың теңге тым арзан болып көрінді. Біреулер бір отбасыдан үш-төрт адам мінетін болса, онда қалтаға әжептәуір салмақ түсетінін айтты. Ақыры қонақ ретінде ел өңірлерінен келетін адамдар мен шетелдік туристер салыстыруға келмейтініне тоқтады. Мысал ретінде Санкт-
Петербург қаласындағы «Эрмитаж» музейін келтірді. Онда ресейліктер мен шетелдіктерге әртүрлі баға қойылған.

ЖЕРАСТЫ ӨТКЕЛІН СУ АЛУ ТОҚТАЙ МА?

Көктемде мәслихат депутаттары қаладағы мәдени нысандарды аралағанда «Мәңгілік ел» салтанат қақпасына апаратын жерасты өткелінің төбесінен су ағатынын анықтаған еді. Осы жолы олар содан бері не өзгергенін білу үшін бұл нысанға қайта ат басын бұрды. «Сіздер мәселені көтергеннен кейін нысанның кіреберісін тексеруге қаржы бөлінді. Қазір тиісті конкурс жарияланды. Тексеріс жұмыстары аяқталған соң әрі қарай не істеу керектігі, жөндеуге қанша қаржы кететіні белгілі болады. Салтанат қақпасы музей ретінде жұмысын тоқтатқан жоқ. Экскурсия жүргізушілеріміз бар» деді
Тарихи-мәдени мұра нысандарын және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі дирекцияның директоры Мейрамбай Оралов.

«ҚЫСҚЫ АРБАТ» АШУДЫ ҰСЫНДЫ

Сондай-ақ, ол нысанның жерасты өткеліндегі шаршы метрлерді қол­өнермен айналысатын кәсіпкерлерге, суретшілер мен музыканттарға жалға беріп, «Қысқы Арбат» ашуды ұсынды. Бірақ алдымен оны жөндеу керектігін еске салды. Бұл жерасты өткелі Есіл ауданы әкімдігінің балансында екен. Мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов нысанда екі емес, бір қожайын болу керектігін айтты. «Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын ретінде бизнесмендерге жерасты өткелін жалға беруге де құқығымыз жоқ. Мұны тек қана Коммуналдық мүлік қоры атқара алады» деді М.Оралов. Депутаттарға «Қысқы Арбат» жасау идеясы ұнады. Олар тиісті шаршы метрлерді сенімді басқаруға беру керектігі жайлы ойларын айтты.
Нысанға кіру билеті ересектерге – 500 теңге, оқушыларға – 200 теңге. Алайда адамдар оған көп бара қоймайды екен. Демалыс күндері тек 20-30 билет қана сатылады. Ал жұмыс күндері одан да аз. Мейрамбай Ораловтың пікірінше, экскурсиялық автобустар туристерге қолайсыз жерде тоқтайтындықтан, қонақтар аудиогидтің ақпаратымен шектеліп, ішке кірмейді. Сондықтан көліктер аялдайтын жерді ыңғайластыру керек.
Экскурсиялық автобустар «Алжир» мұражай-мемориалдық ке­шеніне бармайды. Оған басқа тур­операторлар туристерді апарады екен. Депутаттар Қарақат Абден мен Мұхтар Төлеутаев Ақмола облысының басшылығымен келіссөздер жүргізіп, тарихымызды таныту үшін бұл бағытты міндетті түрде қосу керектігін айтты. Мирас Шекенов пен Зейнолла Шібкенов туристерді тарта түсу үшін Ұлттық музейдің жұмыс уақытын бір-екі сағатқа созу қажеттігі жайлы пікірлерімен бөлісті.
Жалпы, «Red bus» автобустарын жылына 8 мыңнан астам адам ғана пайдаланады екен. Депутаттар бұл өте аз екенін айтып, жарнама, менеджмент мәселесін күшейту керектігіне назар аударды.
«Астана-Бәйтерек» монументінен депутаттарды нысан директоры Қанат Төкесбай күтіп алып, кіреберіс­те биыл келушілер кезегін күтетін арнайы ыңғайлы орын жасалғанын айтып, монументтің ішін аралатты.
Жуырда қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы туризмді түлетуге арналады. Сонда осы мәселе жан-жақты талқыланады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button