Мәслихат

Балалардың тұлғалық дамуына мән берейік

Міне, жадыраған жаз мезгілі де келді. Қазір ата-аналардың дені балаларымызды жазда қайда демалтамыз деп әбігерге түсіп жүргені жасырын емес. Сондай ата-ананың бірі – өзіммін. Жыл бойы мектеп бағдарламасына көп мән берген ұл-қызымның енді жаз айында олардың тұлғалық дамуын да қалаймын. Мұндай ой әр ата-ананың ойында бар деп есептеймін.

ЖАЗ АЙЛАРЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫ ОҚЫТУДЫ ҰМЫТПАЙЫҚ

Мектеп бағдарламасынан бөлек балалардың көшбасшылық қабілеттерін дамытатын, бойларындағы өнерлерін шыңдайтын кез – ол жаз айлары. Шыны керек, бізде 10 жасқа де­йін балалардың дамуына бағытталған әртүрлі үйір­мелер баршылық. Бірақ енді бой түзеп келе жатқан 13 пен 18 жас аралығындағы балаларға Оқушылар сарайында, жастар орталықтарында жаз мезгілінде дамуға жағдайлар қарастырылмаған. Бұл – өте өкінішті жағдай. Қазіргі нарықтық заманда баласын жаз айын­да дамуы үшін шетелге, тіпті басқа қалаға жіберуге барлық ата-анада мүмкіндік жоқ. Ал баланың жеке дамуы, оның ой-өрісін жан-жақты дамыту керек.
Сондықтан осы мәселеге бейжай қарамай, оқу орталықтарының басшылары тиісті шешім шығаруы қажет деп есептеймін. Қазіргі 13 пен 18 жастағы балалар оң мен солын ажырата алатын деңгейде. Оларды қызықтыра білу, оларға жаңа білім үйрету оңай шаруа емес. Яғни креативті дүние­лерді қабылдайтын бұл балаларға ерекше форматтағы мастер-класс, тренингтер, ойындар, байқаулар ұйым­дастыра білу керек. Ол үшін ең алдымен сондай жан-жақты ойлайтын, заманның ағымымен қатар жүретін білікті мамандар да қажет. Осының барлы­ғын ұйым­дас­тыру оңай болмағанымен, мұндай іс-шаралар балаларға да, мамандарға да аса қажет. Біз ұрпақ тәрбиесінде базалық білім беруді ғана емес, керісінше, ертеңгі күні білгір адам болып қалыптастыратын жандарды тәрбиелеуге тырысуымыз керек.
Сондықтан Оқушылар сарайының басшылығына, жастар орталығының мамандары мен басшылығына жаз айларында оқушыларды оқыту, дамыту ісін жан-жақты қадағалау қа­жеттігі жайлы осы үнде­уімді жолдаймын. Өйткені мұндай орталықтар елімізде бар болғанымен балаларды дамыту ісінде, әсіресе жаз айында шығармашылық қабілеттерді дамыту ісінде белсенділік танытпай тұр.
Бұл – ойланарлық, ойлан­тарлық жағдай. Қазіргі жастар өте ақылды және дамуға, өсуге қорықпайды. Біз тек оларға осы даму жолында қолдау көрсетуіміз керек. «Балам дейтін ел болса, елім дейтін бала да болатынын» біз ұмытпауымыз керек. Әр бала – талант иесі. Сондықтан өз таланттарымызды барынша қолдайық!

КӘСІПТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Менің әкем өзінің бүкіл саналы ғұмырын құрылыс саласына арнады. Әлі есімде мектепті тәмамдап, енді үлкен өмірге аттанғалы тұрғанда әкем: «Айналайын, Қарақат, қандай мамандық иесі болсаң да адал еңбек ет. Ақша табудың жолын емес, қоғамға пайдалы болуыңды ойла» деген еді. Міне, осы бір әкемнің байыппен айтқан ақылы менің қандай қызметте жүрсем де санам­нан кеткен емес.
Әкемнің осы айтқан сөзінен менің түсінгенім, адам қандай мамандық иесі болсын, сол істің нағыз маманы болуға талпынуы керек. Мейлі, ол көлік жүргізушісі, құрылысшы, ұстаз, депутат болсын. Бастысы, өз жұмысын жақсы орындауда. Қазір ата-аналардың дені баласына «сен әдемі креслода отыратын бастық боласың» деп оң мен солын ажыратып үлгермеген балаларға осылай айтып жатады. Бірақ неге сол балалардың шын мәнінде өмірде нені қалайтынын білмеске?
Жалпы, біз балаларымыз­ды қара басын күйттеуге емес, керісінше, адал еңбек етуге, өзінің маңдай терімен нан табуға, жақсылық жасауға бағыттауымыз керек. Жасыратыны жоқ, бүгінде заңгер, экономист, кеден және салық саласының ма­мандықтары бойынша оқып, кейіннен жұмыс таба алмай жүрген талай жасты көрдім.
Тиісінше, еліміз тас қалау­шы, ағаш шебері, құрылысшы, слесарь, дәнекерлеуші, құбыр жөндеуші секілді тағы да басқа жұмысшы мамандықтарға мұқтаж болып отыр. Әсіресе, өңірлердегі зауыт, фабрика, мекемелерге осы саланың мамандары ауадай қажет. Бізде көп жағдайда жастар бұл мамандықтарға, өкінішке қарай, менсінбей қарайды. Ал еліміз индустрияландыру бағытына сәйкес, кәсіптік-техникалық мамандарды даярлауға соңғы жылдары ерекше ден қою үстінде.
Жаңа айтып өткенімдей, әкем өмір бойы құрылысшы, ал анам ұстаз болды. Олар әдемі креслода отыруды емес, қалайда осы қоғамды ізгілендіреміз, өз еңбегімізбен айналамызға пайдалы боламыз деп ғұмыр кешті. Сондықтан істелген еңбегін халыққа пайдасы тиіп жатса, міне, сол игіліктірек деп ойлаймын. Дипломын арқалаған жастар бүгінде өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналаспауы мамандықтың дұрыс таңдалмауынан. Ал мамандықты дұрыс таңдау, елге қажетті мамандықты игеру – жарқын болашақтың кепілі. Сол себепті жастарды кәсіптік-техникалық мамандықтарды меңгеруге шақырамын.

ӘКЕНІҢ ТӘРБИЕЛІК ИНСТИТУТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН АБЗАЛ

Халқымызда дүниеден бір адам өтсе «артында қалған ұлы бар ма еді?» деп сұрайды. Міне, осыдан-ақ біздің халық үшін ұл баланың отбасындағы алар орны ерекше екенін бағамдауға болады. Тіпті әр қазақтың отбасында тұңғыш ұл – кейінгі іні-
қарындастарының қамқоршысы, «Ағасы бардың – жағасы бар» кейінгі бауырлары оған арқа сүйеген. Ал кенже ұл – шаңырақ иесі.
Басқа балалар енші алып, бөлек отау құрып жатса да, кенже ұл әке-шешенің қолында қалады. Міне, ұлға қойылатын талап та, жүк­те­лер жүк те ауыр. Ал ұлдардың жоғары талапқа ла­йықты болуы үшін оған от­басында тағылымды тәрбие берілуі керек. Әсіресе, әке тәрбиесін жақсы сезініп өсуі маңызды. Қазіргі күні менің байқауым бойынша ұлдардың арасында да болмысы нәзік, мінезі жұмсақ ер балалар бар. Бұл, әрине, алаңдатарлық жағдай.
Жасыратыны жоқ, қазіргі біздің қоғамда балалардың бәрі толық­қанды отбасында тәрбиеленіп жатқан жоқ. Көп жағдайда ер балаларға әкенің тәрбиесі, әкенің қай­сар болмысы, әкенің салмақты сөзі жетіспейді. Сол себепті әкенің тәрбиелік инс­титутын қоғамда қалыптастырған абзал.
Мұнымен қоса, мектептерде «Батырлық» курстары ашылса деймін. Ұлдарымызға кешегі Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Нау­рызбай, Райымбек пен Қарасай, Махамбет пен Исатай секілді нар тұлғалы батырларымыздың ерліктерін айтып отыру керек. Осындай батырлардың ерлігін біліп өскен ұл бала ел – ерге аманат екенін, нағыз ер азамат намысшыл, батыл келетінін сезініп өседі. Демек, мектеп бағдарламасынан бөлек ұлдарымызға саналы азамат болу жолында осындай қосымша дәрістер берілсе, ұрпақ тәрбиесінде ұтар тұстарымыз көп болары анық. Ендеше жүрегі елім деп соғатын, ар мен намысын жоғары қоятын ер-азаматтарымыз көп болсын!

Қарақат АБДЕН,
Нұр-Сұлтан қаласы
мәслихатының депутаты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button