Басты ақпарат

Әкім міндеттер жүктеді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалған Алтай Көлгінов өз қызметін елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін бірқатар маңыз­ды нысандарды аралаудан бастады.

Алдымен елордадағы жедел медициналық жәрдем станциясының жұмысымен танысып, қыз­меткерлерді кәсіби мерекесімен құттықтаған Алтай Көлгінов медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Қазіргі таңда қалада 20000-нан астам дәрігер жұмыс істесе, оның 1000-нан астамы жедел жәрдем қызметінде еңбек етеді. Мұндағы дәрігерлер жылына 800 мың, күніне 2000-нан аса адамға қызмет көрсетіп отыр. Станция барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жақында тағы қосымша 52 жедел жәрдем көлігі пайдалануға беріледі.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша күн сайын 110 бригада жұмыс істейді. Оның ішінде Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы 82, емханаларда 28 бригада жедел медициналық көмек көрсетеді.
Әкім «Астана-АЭК» акционерлік қоғамының энергиямен қамтамасыз ету нысандарының жылыту маусымындағы дайындық жұмыстарына да тексеру жүргізді. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүріп жатқан 2-ші жылу электр орталығының жұмысы және 3-ші жылу электр орталығының жағдайын да талқылады.
Биыл қалада №6 жаңа турбина мен №8 бу жіберетін маңыз­ды қазандық қайта жөнделуде. Жоспар бойынша алдағы жылыту маусымына дейін аяқталуы тиіс. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыс­тары белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын білген әкім жөндеу жұмыстарының мерзімінде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. «Қала күн сайын өсіп келеді, осыған ілесе электр, жылу, сумен қамтамасыз ету және басқа да маңызды инфрақұрылымға деген қажеттілігі де артуда. Сондықтан, қаланың инфрақұрылымдарына көңіл бөлу, маусымдық дайындық жұмыстарын уағында істеу және оны дамыту басты міндетіміздің бірі саналады» деді Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар, «Астана-АЭК» АҚ энергиямен қамтамасыз ету нысандарының жұмысымен және кәріз желілерінің суын тазарту станциясы жұмысымен танысқан Алтай Көлгінов энергия үнемдеу мәселелері, сондай-ақ трансформаторлық және тарату станцияларын күрделі жөндеуден өткізу, электр желілерін бөгде ұйымдардың балансынан «Астана-АЭК» АҚ балансына беру жөніндегі жол картасы талқыланды. Алдағы уақытта КОС-2 станциясын құру мәселесінің өзектілігі жөнінде баса айтқан әкім өнімділікті арттыру, қызмет өтеу сапасын жоғарлату жөнінде тапсырмалар берді.
Әкім Нұр-Сұлтан халықаралық әуежай аумағына жақын маңдағы, дәлірек айтқанда, Қабанбай батыр даңғылы бойында жүріп жатқан жол құрылысын да тексеріп қайтты. Уақытша жабылған жол бөлігінен кейде көлік кептелісі болатынын байқаған әкім жолдың сапасына кепілдік ете отырып, жұмысты ертерек тиянақтау жөнінде талап қойды. Жол жөндейтін қызметкерлер көшені шілде айының басында толық ашып, жүруге мүмкіндік береміз деп әкімге уәде берді.
Сонымен қатар 34 шақырымды құрайтын «Оңтүстік-батыс айналма жолы» магистралі құрылысының аралық нәтижелерімен де танысып, жұмыстың белгіленген кесте бойынша жүріп жатқанына оң бағасын берді.
Жақында қала активімен өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың инженерлік инфрақұрылымына көңіл бөлу мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру керектігін тапсырған болатын. Осы ретте Алтай Көлгінов қала маңында орналасқан бірнеше тұрғын үй кешендері мен жол инфрақұрылымдарын аралап шықты. Көктал-1, Көктал-2, сол маңдағы көпір мен Сарыарқа ауданындағы тозығы жеткен үйлерді сүру жұмыс­тарымен танысты.
Қазір Көктал тұрғын үй алабында 41 көше салынуда. Бұл жергілікті инфрақұрылымды едәуір жақсартады. Бірақ қазіргі уақыттағы қолайлы ауа райына қарамастан, кейбір учаскелерде жол жөндеушілердің жоқ екенін байқаған әкім елордада құрылыс мау­сымының қысқа екенін ескертіп, құрылысшыларға көшелерді ретке келтіруді уақыты­лы аяқтауын қадағалап тапсыр­ды.
Сарыарқа ауданының тұрғындары жол сапасына, жарықтандыруға, тротуарлар мен көгалдандыру ісіне жиі шағымданатын мәселелерді де назардан қағыс қалдырмаған әкім Көкталдағы саябақтың құрылысы созылып кетуінің себебін де білді. Сонымен қатар, жолаушылардың жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай жасау үшін «Бүкір көпір» (горбатый мост) аумағында қосымша жол салу қажеттігін айтқан әкім тиісті мекемелерге маңызды міндеттер жүктеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button