Әлеумет

Бейнеттің зейнетін көрмеген

«Жазмыштан озмыш жоқ» деген рас екен. Төрт баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп-жеткізіп, олардан 10 немере, 2 шөбере сүйген бақытты әженің қарттар үйінен бірақ шығатынын кім білген?! Әр баласы дүниеге келгенде аналық сезімі одан сайын ұлғайып, жан-жүрегі жарылардай қуанушы еді-ау! Төртеуінің де еңбектеп жүріп, аяқтарын тәй-тәй басқаны, былдыр-былдыр етіп сөйлегені әлі де құлағында… Немерелері мен шөберелері туғанда бақыттан басы айналған кезін қалай ұмытады?! Немерелері күнде: «Әжеміз қашан келеді?» деп жолын тосып жүрген шығар?! Жасы сексеннің сеңгірінен асқан Ұмсын апа қарттар үйінің терезесінен далаға қарап, мұңның теңізіне батып кеткен.

Ұмсын апамен бірер жылдар бұрын елордадағы қарттар үйін­де танысып едім. Қалалық әкімдіктің «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі» директорының орынбасары Жанар Есенамановамен сұхбаттасып отырып: «Қарттардың арасында Саттар Ерубаев, Сәкен Сейфуллин сияқты Алаштың ардақты ұлдарының туыстары да бар» деген сөзіне елең ете түстім.
«Тұрғындардың» арасында Қазақстанның экономикасы, сауда және білім беру саласының өркендеуіне үлкен үлес қосқан жандар, Саттар Ерубаев, Сәкен Сейфуллин секілді Алаштың ардақты ұлдарының туыстары да бар. Қариялардың дені өмірлік қиындыққа душар болып, өздері келген. Жұрттың көбі: «Қарттар үйіне балалары апарып тастайды» деп қателеседі. Меніңше, бұл – тағдыры тығырыққа тірелген жандар мекені. Осында келгелі жүрегіме түйгенім, әр адамның пешенесі – бөлек мәселе. Оған түсіністік, сабырлық, мейірімділік керек. Менің ұққаным, қамкөңіл қартқа қызмет етуге өмірге, адамға деген сү­йіс­пеншілік қажет екен» деп Жанар Нұркешқызы ішкі сырымен бөлісті. Екеуара әңгімеден кейін Ұмсын апаның өзімен сөйлесуге асықтым.
«Менің аты-жөнім – Ұмсын Рақымжанқызы Наурызбекова» деп бастады сөзін жасы 80-нен асса да қимылы мен әңгімесі ширақ, әдемі киінген бір әже. Ол жай әже емес, 45 жыл үздіксіз жас ұрпаққа білім берген, «Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі», «Кеңес Одағының еңбек ардагері», «Қазақстанның үздік әдіскер-мұғалімі» секілді жоғары атақ алған парасатты педагог болып шықты. Жалпы, ширек ғасырлық педагогтік қызметінің 5 жылын Алматыдағы ҚазМУ-да (ол Мырзатай Жолдасбеков, Мырзатай Серғалиев, Мәриям Ғабдуллина, Роза Қунақовамен бір курста оқыған), 5 жылын Қарағандыда, 40 жылын Алматы мен Талдықорғанда өткізген. Университет қабырғасында жүргенде өзге емес, Мұхтар Әуезов, Зейнолла Қабдолов, Мәулен Балақаев, Асқар Тоқпанов, Есмағамбет Смайыловтай тау тұлғалардан дәріс алыпты. Төрт бала тәрбиелеп-өсіріп, олардан 10 немере, 2 шөбере сүйіпті. Баласының бірі Алматыда, бірі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында, тағы бірі елордада тұрады екен. Өзінің айтуынша, күйеуі мен туыстары Алматыда қайтыс болған соң, үш рет жүрек талмасы ұстап, Нұр-Сұлтан қаласына көшуіне себеп болған. Ол елордадағы Ғ.Мұстафин көшесіндегі бір бөлмелі пәтерін кіші қызының банктен алған қарызын жабу үшін сатып жібергенін де айтты.
Қарттар үйіне өз еркімен көшіп келген қария: «Мұнда барлық жағдай жасалған. Ғимарат, бөлме атаулы өте жылы, тап-таза. Кітапхана бар. Төрт мезгіл тамақ береді. Жақын жерде мешіт те бар. Әлеуметтік қызметкерлер өте мейірімді. Бәріне бауыр басып қалдым. Бірақ Нұр-Сұлтандағы «Гранд-Астана» деген тұрғын үй кешенінде бір қызымның үйі бар. «Әжеміз қайда?» деп немерелерім күнде іздейді екен. Көп ұзамай соларға кетемін. Мұнда қалмаймын!» деді екіойлы болған көңілін білдіріп.
Ұмсын апаның сағын сындырып, қатты қынжылтатын нәрсе де жоқ емес. – Өмірімнің 45 жылын еліміздің білім беру саласын дамытуға жұмсадым. «Бейнет түбі – зейнет» дегендей, енді қартайғанда неге бейнетімнің зейнетін көрмеймін? Өз еліме еңбегім сіңсе де, ай сайын осы мекемеге 52 мың төлеп тұратыным жаныма батады. Мен келгенше жұрт бұл жерде тегін тұрыпты. Ол аздай-ақ, бұрын 80 мың теңгеге жуық зейнетақы алатынмын. Осы жерге келгелі қысқартып тас­тады. Үкіметтің мұнысы несі? Қалалық әлеуметтік бөлімге барайын десем, ішкі тәртіпті бұза алмаймын, – деп сөзін тәмамдады қамыққан кейуана.
Айтпақшы, Ұмсын Рақымжанқызы дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің жиені екенін айтты. Дәлірегі, шешесінің руы – Тоқа, С.Сейфуллинмен 4-5 атадан қосылады. «Балалық және бойжеткен шағым аумалы-төкпелі кезеңге тап келді. Бірақ Сәкен нағашымды көрген жоқпын. Есесіне ол кісінің қосағы Гүлбаһрам тәтеммен, Сәкен нағашымның туған інісі Мәжитпен, қызы Рымжан Сейфуллинамен араласып тұрдық. Гүлбаһрам тәтем Сәкен ағаммен Ақмолада рабфакта бірге оқыған. «Халық жауы» деп қудаланған кезде Гүлбаһрам тәтем Алматыда бір ұйғырдың шағын үйін жалдап тұрды. Ол кісіні ешқайда жұмысқа алмаған соң, іс тігіп, күнін көрді. Тіпті бір жерге қонаққа шақырса да, тығылып баратын-ды. Үйіне барсақ Сәкен нағашымның киген киімін, ұстаған заттарын, тіпті жаққан иіс суын да бізге мақтанышпен көрсететін. Кішкентай күнінде асырап алған Рымжанды да, інісі Мәжитті де қатты қудалады» дейді Ұмсын апа балалық шағын еске алып.
Бірер жылдан кейін Ұмсын апаны іздеп қарттар үйіне тағы бардым. Алайда мекеменің жаңадан келген басшыларының бірі Ардақ Бейсенбайқызы Ұмсын Рақымжанқызының шығып кеткенін айтты. «Ол кісінің қайда тұратынын білесіз бе? Балалары алып кетті ме, әлде басқа қалаға көшті ме?» деген сауалыма: «Бұл туралы сізге ешқандай ақпарат бере алмаймын. Ұ.Наурызбекова жөнінде қолымызда ешқандай мәлімет жоқ» деп жауап берді. Сексеннен асқанда сергелдеңге түскен қарияның талайлы тағдыры не болды екен? Осы сауал мені әлі күнге мазалайды.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button