Қала тіршілігі

МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА КӨМЕК



6e4c6619

Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Таң» татар-башқұрт мәдени орта­лығы қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында арнайы акция өткізді.

Күллі ел аумағында өткізіліп келе жатқан «Қайырымдылық керуені» аясында өткен шара барысында Астана қаласының біраз тұрғынына Құрбан айт мерекесіне сойылған мал еті таратылды. «Бұл – бір реттік шара емес. Бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүріміз. Әрбір мереке қарсаңында Астана қаласында тұратын біраз отбасыға қайырымдылық шарасын өткізіп, азық-түлік, киім-кешек, қажетті зат түрінде көмектесіп келеміз. Бұлардың ішінде жалғызбасты және көпбалалы аналар, зейнеткерлер, еңбек және соғыс ардагерлері, сондай-ақ жүріп-тұруы қиындаған қарт кісілер бар. Осы жолы демеуші азаматтардың көмегімен 20 отбасына Құрбан айт мерекесіне орай ет таратып жатырмыз. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының жастар қанатының мүшелері қариялардың үйіне барып, жағдайларын біліп, үйлеріне бір реттік тазалық жүргізіп, аулаларын ретке келтіріп жатыр. Зейнет жасына келген қариялардың сұрауы бойынша дүкендерге барып, қажетті заттары мен азық-түлігін сатып алуына қолғабыс етіп отырмыз» дейді «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының атқарушы директоры Земфира Низамутдинова.

Қайырымдылық демекші, елімізде өзгенің жылуы мен көмегіне мұқтаж жандар өте көп. Мұндай жандардың басым бөлігі – әртүрлі себептермен мүгедек атанып отырғандар. Статистикалық мәліметтерге сенсек, бүгінгі таңда Астана қаласында 19 мыңға жуық мүгедек тіркелген екен. Оның 9 мыңға жуығы – әйелдер. Өкініштісі, бұл адамдардың шамамен екі мыңы ғана еңбекке жарамды болып отыр. Яғни, түгелі дерлік айрықша қамқорлық пен әлеуметтік көмекке мұқтаж деген сөз.

Мұндай азаматтар, әрине, мемлекет тарапынан қолдаусыз қалып отырған жоқ. Қолдан келгенше көмек жасалып, тағдырдың жазуымен мүмкіндігі шектеліп, мүгедек атанып отырған азаматтарға өз деңгейінде жағдай жасалып отыр. Қоғамдық ұйымдар тарапынан да қолдау көрсетіліп, арнайы қор құрып, мереке күндері қарсаңында демеушілер тартып, көмекке мұқтаж жандарға көмек жасалып отырғанын айта кету керек. Мәселен, Құрбан айт мейрамына орай ҚМДБ қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен демеушілердің қаражаты есебінен 130 отбасына қайырымдылық көрсетілді. Шара барысында 1300 келідей сиыр еті жеткізіліп, әр отбасына 10 келіден үлестірілді. Азық-түлік қоржыны да таратылып, балаларға ойыншық, тәтті-дәмділер берілді. Мол дастархан жайылып, дұға оқылды. «Басты мақсат – игі істі көрсету арқылы халықты мұқтаж адамдардың мұңын бөлісуге шақырып, көмек қолын созуға үндеу» дейді ҚМДБ қайырымдылық қорының өкілі Дина Боранбаева.

Бүркіт НҰРАСЫЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button