Басты ақпаратҚала тіршілігі

Мың түрлі дертке дауа бөдене

 Қазіргі уақытта Астана дүкендерінің сөрелерінен бөдене жұмыртқаларын көптеп кездестіруге болады. Оның көпшілігі сырт­тан әкелінгенімен, бөдене шаруашылығымен айналысатын жергілікті шаруалар да жоқ емес. Солардың бірі – елорда іргесіндегі Нұресіл ауылындағы «3d», яғни «Үш дос» шаруа қожалығы. 

Гаражда басталған кәсіп

Осыдан үш жыл бұрын гараждағы 8 шаршы метрлік орыннан жұмыстарын бастаған кәсіпкерлер қазіргі уақытта қорадағы 30 шаршы метрлік орында мыңға жуық бөденені асырап отыр. Әзірге шаруашылықпен Ерлан Нұрабаев пен Данияр Сағнаев екеуі ғана айналысуда. Олардың үшінші достары қатарға тек кәсіп алға басып, одан әрі жанданған соң бірақ қосылмақ көрінеді.
Бөденелер тұратын торды кәсіпкерлердің өздері сым темірден тоқып жасапты. Барлығын тек интернеттен қараған. Жалпы қорада 10-15 тор қойылған. Онда бөденелер ай-күндеріне қарай сұрыпталып тұрады. Жем-су да үзбей беріліп отырады. Ал тордың төменгі тұсы 5 сантиметрге көлбеуленіп, жұмыртқаны алуға ыңғайлы етіліп жасалған. Алдағы уақытта бұл торлар жаңа технология бойынша қайта жасалмақ.
– Бөденелерге тек Көкшетаудың зауытында дайындалатын жемді береміз. Соның дәрумені күштірек. Егер басқасын берсек, жұмыртқаның қабығы жұмсарып кетеді. Айына бір тонна жем жейді. Ал күніне 3 қап қи шығарамыз. Негізі бөдененің қиы да – өсімдіктерге тамаша тыңайтқыш. Бірақ Астанада бұған аса сұраныс жоқ әзірге, – деген қожалық басшысы Ерлан Нұрабаев өздерінің жұмыс барысына да тоқталды. – Инкубаторға салған жұмыртқадан 17 күн ішінде балапан басылып шығады. Содан балапандарды +38 градустағы торға орналастырамыз. Онда 20 күндей тұрады. 45 күннен соң бөденелер жұмырт­қа таба бастайды. Сол кезде бірден олардың аналығы мен аталығын бөліп, сұрыптаймыз. Торларда тек аналықтарын ғана қалдырып, аталықтарының етін сатылымға шығарамыз.

Бөденелер 2-3 жылға дейін туа береді. Бірақ еттері қатып, жеуге жарамай қалатындықтан, 8 айдан кейін сатып отырамыз. Ал олардың етінің бағасы жылқынікінен екі есеге қымбат. Мысалы, жылқы етінің бағасы келісіне шамамен 1500-1600 теңге болса, бөдене етінің бір келісі – 3000 теңге. Ал бір бөдененің салмағы тұқымына қарай 200-500 грамм тартады.

Қазіргі уақытта күніне 600 жұмыртқаны сатылымға шығарып отырған кәсіпкерлер жыл соңына дейін жұмыртқа санын 5 мыңға дейін жеткізуді жоспарлауда. Сонымен қатар қосымша бройлерлік құстар мен бұзау­-тайыншаларды да асырауды қолға алған қожалық иелері бұдан бөлек жылы жай салуды да жоспарлап отыр екен. Жалпы, кәсіпкерлер алдағы уақытта шаруалары жанданған соң біраз адамды жұмыспен қамтымақ ниетте.

Дәруменге бай өнім

Ғалымдардың пайымдауынша, адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан қорғайтын кіп-кішкентай жұмыртқа құрамында тауық жұмыртқасына қарағанда А және D дәрумендері екі есеге көп көрінеді. Жалпы, бөдененің еті де, жұмыртқасы да мың түрлі дертке дауа екен. Тарихқа көз жүгіртсек, Шыңғыс ханның өзі де жаралы жауынгерлеріне жұдырықтай ғана бөдененің жұмыртқасын ішкізіп, аяққа тұрғызған деседі. Бұл диеталық өнімде мыс, кобальт, никотин мен амин қышқылы да мол. Тағы бір дәлелденгені, бөдене жұмыртқасы тауықтардікіне қарағанда микробтардан таза келетін көрінеді.


Мамандар бөдене жұмыртқасын, әсіресе, балаларға, қарттарға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерге, сырқат және әлсіз жандарға жиі тұтынуға кеңес береді. Себебі бұл өнімнің адамның иммунитетін көтеріп, сергітетін қуаты мол әрі бас ауруы мен демікпеге, туберкулезге, қан қысымының көтеріліп және түсіп кетуін реттеу­ге, бүйрек, өкпе, асқазан, ішек ауруларына, асқазан жарасына және басқа да көптеген дертке таптырмас ем деседі. Сонымен қатар фосфор, калий, темірдің әсерінен есте сақтау қабілетін жақсартатын жұмыртқаның аршылған қабығын да тастамай жуып, кептіріп, ұнтақтап пайдалануға болатындығын айтады мамандар. «Дайындалған ұнтақты ірімшік пен айранға, тамаққа немесе суға бір шай қасықтан қосып ішуге болады. 90 пайыз кальций мен 27 микроэлементтен тұратын бөдене еті мен жұмыртқасы сырқат адамның жазылуына, дені сау адам үшін аурудың алдын алуға көмегі зор» дейді ғалымдар.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button