Sport

«Нұр-Сұлтан Дуатлон-2019»: Күштілер жетті мәреге



Жексенбі күні «Нұр-Сұлтан Дуатлон-2019» дәстүрлі ашық қалалық турниріне келушілер белсене қатысты.

«Бәйтерек» монументі алаңынан басталған бұқаралық жарысқа 500-ге жуық адам қатысты. Дуатлон додасына қатысушылар алдымен 2,5 шақырымға жүгірді. Одан кейін 20 шақырымдық веложарыс өтті. Жарыс 5 шақырымға жүгірумен түйінделді.
Дуатлон жарысы елорданың көрікті көшелерінде өткендіктен, көптеген қала тұрғындары жанкүйерлер қатарынан табылып жатты.
Жалпы жарыс 16-29, 30-39, 40-49 және 50 жастан жоғары қатысушылар арасында ұйымдастырылды. Бірінші жеңімпаз 57 минуттан кейін анықталды. Астаналық шаңғышы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Марк Старостин үздік атанды.
Биылғы дуатлон Старос­тиндер әулеті үшін жеңіске толы болды, әйелдер арасындағы додада Марктың әпкесі – Дарья Старостина абсолютті чемпион атанды. Бойжеткеннің айтуынша, олар бала кезден спортпен шұғылдануға бейім екен.
«Әкем де, анам да – шаңғыдан спорт шеберлері, жалпы, спорт біздің қанымызда бар десем болады. Мен үлкен спорттан кеткеніме 15 жыл болса да, өзім үшін спортпен шұғылданып жүремін. Туған қаламызда дәстүрлі өте бастаған осы жарысқа қатысып көргім келді. Сәттілік серік болып жеңіске де жеттім» деді спорт шебері Дарья Старос­тина көңілі көтеріліп.
Сонымен, биылғы дуатлон додасының қорытындысы бойынша 16-29 жас аралығындағы ерлер жарысында Әлімжан Балтабек, әйелдер арасында Екатерина Брынза чемпион атанды.
30-39 жас аралығындағы бәсекеде Арман Ғалымов пен Гүлмира Аменова топ жарды. 40-49 жас аралығындағы жарыста Марат Фаррахов пен Гүлмира Түйенбаева мәре сызығын бірінші болып кесті. 50 жастан асқандар жарысында Ринат Саликжанов пен Татьяна Михалева жеңіске жетті.
Дуатлонның жалғасы велосипед жарысымен түйінделді. Мұнда да үздіктер анықталып, қоссайыстың қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасынан дипломдар, сыйлықтар табыс етілді.




Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button