Білім

Жастар практикасы – жұмыс табудың мүмкіндігі

Биыл елордадағы Халықты жұмыспен қамту орталығы 220 жұмыс берушімен жастар практикасын ұйымдастыруға келісімшарт жасады. Сол бойынша жыл соңына дейін 1 мыңнан аса түлекті жастар практикасымен қамту жоспарланып отыр. Оны бітірген соң, жұмыс табу мүмкіндігі қаншалықты қолжетімді болады? Аталған бағдарламаға қатысу үшін не істеу керек? Осы және басқа да сұрақтарға қалалық Жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Дана Тұрғынова жауап берді.

Жастар практикасының мақсаты не?

Жастар практикасы – жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне арналған еңбек қызметінің бір түрі. Оны әкімдік Жұмыспен қамту орталығы арқылы ұйымдастырады. Жастар практикасының мақсаты – түлектердің өз мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесін жинақтауына және кейінірек жұмысқа орналасуына жағдай жасау.

Жастар практикасына кімдер қатыса алады?

Ол үш жыл ішінде техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарды бітірген түлектерге арналған. Бұл ретте жастар практикасына қатысатын үміткердің жасы 29-дан аспауы тиіс.

Үміткерлер қайда және қашан өтініш бере алады?

Үміткерлер осы жылдың 1 қарашасына дейін өтініш бере алады. Құжаттарды Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту орталығында Бейбітшілік көшесі, 25, «Өркен» бизнес орталығында қабылдайды.

Үміткердің өзімен бірге
• Жеке куәлігі
• Білімін дәлелдейтін құжаты
• Мекенжай анықтамасы (үміткердің Нұр-Сұлтан
қаласында тұратынын дәлелдеу үшін)
• Еңбек кітапшасы (егер бар болған жағдайда)
болуы керек.

Практиканың ұзақтығы қанша?

Практика 6 айға созылады, оның қатысушысы әр ай сайын қолына 70 мың теңге алып отырады. Яғни, бұл кәдімгі жұмыс секілді. Жұмыс беруші түлекпен еңбек келісімшартын жасайды, онда екеуара серіктестіктің шарттары көрсетіледі.

Практикадан соң түлектер жұмысқа орналаса ала ма?

Түлектердің көпшілігі практика өткен ұйымда жұмыс істеуге қалады. Көп нәрсе үміткердің өзіне байланысты. Егер ол жастар тәжірибесі барысында өзін танытса, жұмысқа тез кірісіп кете алған болса, оған тұрақты қызметкер ретінде қалуды ұсынады. Ұсынбаған күннің өзінде де қорқудың қажеті жоқ. Өйткені енді түлекте аз да болса белгілі бір жұмыс өтілі бар. Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері оған түрлі бос жұмыс орындарын ұсына алады. Сондай-ақ орталық олардың түйіндемелерін электрондық еңбек биржасы – enbek.kz сайтында да жариялайды.

Практиканы қандай кәсіпорындарда өтуге болады?

Жұмыспен қамту орталығы қаладағы бірқатар ұйыммен келісімшарттар жасады. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелер, түрлі компаниялар бар. Біз жастардан әуелі қай ұйымға тағылымдамаға барғысы келетіндерін сұраймыз және тілектерін ескере отырып, белгілі бір ұйымға жібереміз.

Биыл жастар практикасына қанша түлек қатысады?

Биыл 1000-ға жуық түлекті жастар практикасынан өткізу жоспарланып отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 836 адамды құраған. Олардың жартысы тұрақты жұмыс тапты. Қазір жастар практикасынан 200 түлек өтіп жатыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button