Мәслихат

«Әскери кернейдің әуені»

Елордада эстрада жұлдыздарының қатысуымен Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлделері үшін VIII xалықаралық «Әскери керней» фестивалінің Саптық концерті өтті.

19 маусымнан басталған xалықаралық деңгейдегі бұл фестиваль елорда күніне және Қазақстан полициясы күніне арналды. Байқауда Ұлттық ұлан Үлгілі-көрсетілімді оркестрі, Әскери институттың әскери оркестрі, «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік оркестрлері, Мемлекеттік күзет қызметінің үрмелі оркестрі мен Құрмет қарауыл ротасы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрама оркестрі және Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі өнер көрсетті. Сонымен қатар, Ресей Федерациясы Ұлттық ұлан әскери Федералдық қызметінің орталық әскери округі штабының оркестрі мен Монғолия Халық Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Үлгілі-көрсетілімді оркестрінің шығармашылық ұжымдары фес­тиваль көркін қыздыра түсті.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілген салтанатты шара соңғы кездері жыл сайын өткізілетін айтулы мәдени шараға айналған. Классикалық, xалықтық және эстрадалық музыкалық туындылары, жауынгерлік парад, әскери қызметшілердің қару-жарақ пайдалану өнері көрермендерді айрықша тәнті етіп келеді.
– Елбасы «Руxани жаңғыру» бағдарламасында жастарды патриотизмдікке тәрбиелеу туралы айтқан, біздің бүгінгі іс-шараның тағы бір мақсаты – өскелең ұрпаққа патриоттық руx пен намыс сіңіру, – деді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов.

Арайлым ӘМІРБЕКҚЫЗЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button