Басты ақпаратЭкономика

Нұр-Сұлтан халықаралық қаржы орталығына айналады

1 шілдеден бері елордамыздағы Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО – AIFC) Astana Finance Days қаржылық конференциясы өтіп жатыр. Басқосудың бүгінгі бағдарламасында Ислам қаражаты бойынша конференция, бизнес&/vs media панельдік сессия­сы, Халықаралық арбитраждық орталықтағы арбитраждар мен медиациялар үдерісін көрсету сияқты іс-шаралар бар. Жалпы алғанда, биыл 2-ші рет өткізілген жиында өңірлік және жаһандық қаржы нарықтарындағы ең өзекті мәселелер ашық талқыланды. Astana Finance Days әлемдік деңгейдегі саясаткерлерге, қаржы сарапшыларына, бизнестің, мемлекеттік құрылымдардың және ғылыми қауымдастықтың өкілдеріне есігін айқара ашты. Конференция қонақтары «Нұр-Сұлтан – әлемдік қаржылық нарықтағы жаңа атау ма?», «Астана халықаралық қаржы орталығы қандай ұтқыр ұсыныстар мен жаңа мүмкіндіктер ұсына алады?» деген салмақты сауалдарға жауап іздеді.

Президент тұңғыш арбитраждық орталықты ашты

Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі елдердің арасынан бірінші болып ағылшын құқығын қолданысқа енгізді. Сейсенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағылшын құқығы бойынша жұмыс істейтін АХҚО-ның Соты мен Халықаралық арбитраждық орталықты ресми түрде ашты.
Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Президент заңның үстемдігін орнату тұрақты экономикалық дамуға және инвесторлардың сеніміне жағымды ықпал ететінін айтты. «Біз заманауи, кәсіби және дербес сот жүйесін ­қалыптастыруға ерекше көңіл бөлеміз. Ағылшын құқығы қағидаттары негізінде АХҚО-ның Соты мен Халықаралық арбитраждық орталығын құра отырып, АХҚО-ның инс­титуционалдық құрылымын жасауды аяқтаймыз. Осылайша, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі бастамаларының бірін іске асырамыз» деді ­Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент ғимараттардың ашылуы еліміздегі экономикалық және қаржылық реформалардың бір бөлігі болып табылатынын атап өтті. «Мен аса құрметті және беделді британдық судьялардан құралған АХҚО Сотының қалыптасуы үлкен жетістіктерге жеткізетініне сенімдімін. Бүгіннен бастап АХҚО-ның Соты мен Халықаралық арбитраждық орталық өз ­тарихының жаңа парақтарын жазады. Олар өңірлік және жаһандық деңгейде сенім мен құрметке ие болуы үшін барын салады. Біздің бәсекелестік артықшылықтарымызды пайдаланатын және осыған ұқсас институттардың аясында өз кеңістігімізді табатын уақыт келді» деді ол.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде АХҚО-ның Соты мен Қазақстанның тарихын салыстырып, мысал келтірді. «XV ғасырдан бастап елімізде билер соты қазылық ететін орган болып келді. Қазақ тіліндегі би деген сөз қазы, судья деген мағынаны білдіреді. Бұл институт бізге туралық пен әділ сот арқылы жарасымдылық пен татулыққа жетуге жол ашты. Ал бүгін осы салада өз тарихымыздың жаңа тарауын бастадық. АХҚО-ның Сотының судьялары аса маңызды рөт атқарып, әділеттілік пен шындықтың символына айналады» деді Президент.

Шетелдік инвесторлар қолдайды

Мемлекет басшысы сол күні АХҚО-ны басқару жөніндегі Кеңестің отырысын өткізді. Бұл жиынға Кеңес төрағасы – ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин, Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Ұлттық экономика минис­трі Руслан Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, АХҚО-ның басқарушысы Қайрат Келімбетов, сондай-ақ Кеңес мүшелері: Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти, JP Morgan Chase International-дың директорлар кеңесінің төрағасы Джейкоб Френкель, Ресей Сбербанкінің президенті және басқарма төрағасы ­Герман Греф, Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар, «Яндекс» компаниялар тобының басшысы және негізін қалаушылардың бірі Аркадий Волож, Citigroup инвестициялық және корпоративтік банкінің үкіметтер мен мемлекеттік сектор жөніндегі жаһандық блогының басшысы Джули Монако қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңестің жаңа мүшелеріне ризашылығын білдіріп, шетелдік инвесторлардың күш-жігері мен қолдауының арқасында АХҚО-ның алдағы жұмысына іргетас қаланғанын атап өтті. Ресми түрде іске қосылған бір жыл ішінде АХҚО-ның беделді қаржы орталықтарының жаһандық индексі бойынша 51-ші орынға ие болғанына тоқталды. Қаржы орталығының табысты жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалғанын тілге тиек етті. Ендігі кезекте нақты нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін қадап айтты.
Президент төр қаланың әлемге танымал халықаралық қаржы орталығына айналып келе жатқанын атап өтті. «Әлемнің жетекші сәулетшілері елорданың бірегей бейнесін жасады. Енді дүние­жүзінің белгілі қаржыгерлері осы жерде табысты қаржы ­орталығын қалыптастыруға атсалысатын кез келді. Орталық қаржы секторын дамытумен қатар, экономикаға инвестициялар тартуы тиіс. АХҚО-ның базасында келешегі зор жобаларды қаржыландыру жөніндегі негізгі мәмілелер жасалуы қажет. Бұл жерде «Қазақтелеком», «Қазмұнайгаз», «Қазақстан темір жолы», «Эйр Астана» сияқты ұлттық компаниялардың IPO-сы өтеді» ­деді ­­ Қ.Тоқаев.

АХҚО үш нарыққа жұмыс істейді

АХҚО-ның қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті АХҚО-ға 200-ші компанияны тіркеді. Бұл оқиға Astana Finance Days қаржы конференциясы өтіп жатқан күндермен тұспа-тұс келді. АХҚО-ға тіркелген компаниялардың географиясы Қазақстан, Ресей, Эстония, ­Латвия, Ұлыбритания, Италия, Финляндия, АҚШ, Қытай, Гонконг, Сингапур, Малайзия, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия сияқты 20-дан астам елдерді қамтиды. АХҚО-ға қатысушы компаниялар банк қызметі, қор нарығы, активтерді басқару, жеке банкинг, ислам қаржылары, несиелік-рейтингтік қызмет және өзге де салаларда жұмыс істейді.
АХҚО-ның басқарушысы Қайрат Келімбетов өткен 12 айда көптеген жетістіктерге қол жеткізілгенін мәлім етті. «АХҚО-ға қатысушы ретінде 200 компания тіркелді. Солардың қатарында, Қытайдың даму банкі және Қытай құрылыс банкі сияқты әлемге әйгілі ұйымдар бар. Біз «Бір белдеу – бір жол» бастамасы үшін Орталық Азиядағы қаржылық хабқа айналуға ниеттеніп отырмыз» деді Қайрат Нематұлы Кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде. Ол АХҚО-ның қазір үш рынокқа: Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия мемлекеттері және өңірдегі «Бір белдеу – бір жол» бастамасына жұмыс істейтінін атап айтты.
Сонымен қатар, ол АХҚО-ның биржасында екі компанияның листингі өткенін жария етті. Яғни, «Қаз­атомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының акциялары және ресейлік Polymetal International компаниясының акциялары алғаш рет қор нарығына шығарылды. Polymetal International-дың президенті Игорь Финогенов жиналған жұртқа АХҚО-ның биржасына қалай шыққаны туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, компания­ның қарапайым акцияларының құны биржада 17 млн АҚШ долларынан асып кеткен. «Таң қалғанымыз, компания акцияларына деген сұраныс ұсыныстан екі есеге асып түсті. Биржадағы сауданың нәтижесі біздің күткенімізден де жоғары болды. Қазақстанда шетелдік инвес­торларға өз қаражатының қайда жұмсалатынын толық көруге мүмкіндік беретін аса қолайлы жағдайлар жасалған. Бұл ­елдің қаржы нарығының көлемі де зор: зейнетақы қорлары, сақтандыру компаниялары, банктер жыл сайын тұрақты өсімге қол жеткізіп отыр» деді И. Финогенов.
Отырыс барысында АХҚО-ның жылдық есебі бойынша ресми таныстырылымы өтті.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button