Нұрлыбек Асылбеков: Кремді өнімдер қауіпті
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Астана қаласы тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Нұрлыбек Әбибуллаұлы Асылбеков 29 наурыз күні сағат 10.00-ден 11.00-ге дейін тікелей байланыс желісінде болып, оқырмандар сұрағына жауап берген болатын. Тікелей тілдесу төмендегіше өрбіді.
Айнұр:
– Қайырлы күн! Мен үйге тапсырыс беру арқылы торттарды сатып аламын. Олар кондитерлік дүкендерге және өзге сауда орындарындағы торттарға қарағанда тәтті әрі арзан. Бұл қаншалықты қауіпсіз?
– Үй жағдайында кондитерлік өнімдерді дайындау, әсіресе кремді өнімдерді дайындауға рұқсат етілмейді. Кондитерлік кремді өнімдер аса эпидемиологиялық маңызы бар өнімдерге жатады, олар тамақтан улануды және түрлі ішек ауруларын туындатуы мүмкін. Сіз тортты дайындау кезінде оның жасалу жағдайын, кім дайындағанын, медициналық тексеруден өткен-өтпегенін, қолданылып жатқан өнімнің жарамдылық мерзімінің қашан бітетінін білмейсіз. Сондықтан абай болған жөн.
Дина:
– «Саранда» тұрғын үй кешенінде соңғы жылдары ПИК төрағаларынан шығыс туралы есеп берулер ұсынылмайды. Жылуға, ыстық суға және ПИК қызметіне қаңтар, ақпан айларына 90 мың теңге шықты. Монополияға қарсы комитет энергиямен жабдықтау ұйымдарын сотқа берді, бірақ ұтылып қалды. Бізге не істеу керек?
– Сіздерге міндетті түрде ПИК-ке барлық сұрақтар бойынша, оның ішінде ПИК жұмысы және энергиямен жабдықтау ұйымдарының қызметі туралы ақпарат ұсыну туралы, тұтынушылардың заңды мүдделері мен құқықтарының бұзылуы жөнінде шағыммен жүгіне аласыздар, сондай-ақ Тұрғын үй инспекциясына хат жазуға құқылысыз. ПИК және энергиямен жабдықтау ұйымдары төрағаларының тарапынан шағымға жауап берілмеген жағдайда өздігінше немесе тұтынушылардың құқығын қорғаудың қоғамдық бірлестіктері арқылы талап арызбен сотқа шағымдана аласыз.
Мақсат:
– Дүкенде сатылатын консервіленген қияр, қызанаққа сіркесуді көп қосып жібергендіктен жеу мүмкін емес. Әжелердің қолынан сатып алынған әлдеқайда дәмдірек. Олар күні бойы күннің астында тұрады, жылып кетеді. Бұл өнімнің сапасына әсер ете ме?
– Санитарлық ережеге сәйкес, мыналар сатылуға рұқсат етілмейді: өндірістік емес (үй жағдайындағы) герметикалық орамдағы консервіленген өнімдер, сондай-ақ ботулизмнің туындауына себеп болып табылатын және үй жағдайында дайындалып өңделген саңырауқұлақтар. Сонымен қатар, белгіленбеген орындардан тағам өнімдерін сатып алу қауіпті екенін ескерген жөн (базар маңында және сауда орындарының қасында, автожол бойында және басқа кез келген жерлерден), ондай тауардың қауіпсіздігіне және сапасына ешкім кепілдік бере алмайды және бұл сапасы төмен тауар болып саналады.
Ерлан:
– Өткен жылы елордада тамақтан улану жағдайлары көп орын алды. Осының барлығына шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жариялануы себеп болды. Қазір ол тоқтатылды, сіздер тосыннан тексеру жүргізе аласыздар ма?
– Мораторий тоқтатылды, алайда кенеттен тексеруді жүзеге асыра алмаймыз. Заң бойынша шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге дейін 1 күн бұрын ескертуге міндеттіміз. Әйтпесе, прокуратура мұндай тексеруді құптамайды. Кенеттен тексерген көп жайдың бетін ашатынын білеміз, бірақ Кәсіпкерлік кодексінде бекітілген тәртіптке бағынамыз. Ал жоспарлы тексеруге қатысты біз бизнесмендерді бір ай бұрын ескертуге тиіспіз.
– Сіздерге өте жиі шағым жазады, сол шағымда дәлел ретінде фотосуреттерді қоса береді, бұған қоса сіздерге қайтадан барып, жазбаша түрде шағым жазуымыз керек. Қолданушылар әкімінің сайтында тіркеліп қойды емес пе?
– Жеке және заңды тұлғалардың заңнамамен бекітілген тәртібі осылай. Бірақ, сіздерге келу міндетті емес, сіз электронды сандық қолтаңбаны қолдану арқылы шағымдана аласыз. Мені дұрыс түсініңіздер, ЭСҚ жоқ болса хат анонимді болады және қарастырылмайды.
– Сіз «Шапағат» базары маңындағы жер асты жолаушылар өту жолына және базарларға рейд жүргізе аласыз ба? Ол жерде балық, салаттар, шұлықтарды қосып сатады. Яғни, заң талабын бұзушылықтар көп, ал сіздер оларға шара қолданбайсыздар…
– Сіз айтқандардың барлығы енді ішкі істер органының құзыретіне енеді. Олар жабайы сауданы жоюлары тиіс. Біз рейдтік іс-шараларды өткізбейміз.
Лариса:
– «Ажар Астана мол» сауда-ойын сауық орталығында шағын хайуанаттар паркі де жұмыс істейді. Сіздер онда болдыңыздар ғой, санитарлық талапқа толық қайшы жағдай. Оларға жұмыс істеуге кім рұқсат берген?
– Бұл сұрақ біздің құзыретімізге жатпайды. Сіздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық қызметіне жүгінгеніңіз дұрыс.
Татьяна:
– Шаштаразды ашу кезінде қандай талаптар қойылады?
– Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің «Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мен бақылауға жататын эпидемиялық маңызды объектілерді және өнімдердің тізілімін бекіту туралы» 2015 жылғы 30 мамырдағы №414 бұйрығына сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды эпидемиялық маңызы жоғары объектілерге беріледі. Сонымен қатар, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 21-1 бабына сәйкес (10.01.2015 ж. жағдай бойынша өзгерістер мен толықтырулар), Сіз эпидемиялық маңызы төмен объектілерді «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен эпидемиялық маңыздылығы болмашы объект қызметі (пайдаланылуы) басталғаны және тоқтатылғаны туралы бізге хабарлауға міндеттісіз.
Бұл ретте жеке және заңды тұлғалар эпидемиялық маңыздылығы болмашы объектілердің қызметі (пайдаланылуы) басталғанға дейін объектіні халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің және гигиеналық нормативтердің талаптарына сәйкес келтіруге міндетті.
Шаштараз ашу кезінде жұмыс орындары, қызмет көрсету кезінде тері және шырышты қабаттарды жарақаттау жағдайында (маникюр, педикюр) Департаментке санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жүргізу және қорытынды алу үшін жүгінуіңіз қажет.
Сайран Шоқатова:
– «Гүлжан» дүкенінде пакеттер орамын сатып алдым. Орамда 50 дана болуы тиіс, нақты 32 дана болды. Түбіртек берген жоқ, оның орына балағат сөздер естідім. Учаскелік инспекторды шақырдым, ол да әділдікке қол жеткізбеді. Не істеу керек?
– Учаскелік инспекторға жүгінгеніңіз дұрыс болған, бірақ бұл дерек ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 685-бабына сәйкес тұтынушыларды алдау болып есептеледі және бұл құқық бұзушылық ішкі істер органдарымен қарастырылады. Сіз жеке кәсіпкерге көрсеткен қызметіндегі кемшіліктерді жою туралы талап-арыз жолдауыңыз қажет. 10 күн ішінде талапты орындамаған жағдайда сізге сотқа жүгінуге құқығыңыз бар. Түбіртек бермеуіне байланысты Алматы ауданы мемлекеттік кірістер басқармасына жүгінуіңіз керек, оның құзыретіне осы қойылған мәселені шешу кіреді.
Тікелей тілдесуді жазып алған: Меңдолла ШАМҰРАТОВ