Басты ақпаратЖаңалықтар

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: АСТАНА БІЗДІҢ ҚАСТЕРЛІ БОЙТҰМАРЫМЫЗ

Назарбаев астана куни

Астананың айтулы тойы басталды!
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен қалыптасқан дәстүр бойынша Мемлекеттік Ту көтерілді.

– Тәуелсіздігіміздің тірегі, еліміздің жүрегі – Астанамызға биыл 16 жыл толады. Осындай тарихи қас-қағым уақытта зор жетістіктерге жеттік. Болашақты бағдарлап, Есілдің бойына ел қондырған еңбегіміз ақталды. Астана татулық пен тұрақтылықтың құтты ордасына айналды. Қазір елорда Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үрдістің бесігі болып отыр. Бұл – ел тарихына, елорда жылнамасына жа­­зылатын белгілі оқиға. Елорда ме­рекесі қарсаңында Мемлекеттік Туымызды көтеру рәсімі – біз үшін осын­дай табыстың бірі. Бүгінгі салтанатты шара Астанамыздың өзіндік төл дәс­түрі ретінде қалыптасып, жыл сайын өткізіледі, – деді Елбасы өз сөзінде.

Шынында, жас Астана тарихы ақиқатқа айналған арманымыздың жылнамасы іспетті. Осы уақыт аралығында еліміздің барлық өңірінен келген жүз мыңдаған қазақстандық елордамыздың құрылысы мен қалыптасуына елеулі үлестерін қоса білді. Әр қазақтың жүрегіне жақын, өз қолымызбен тұрғызып жатқан елорда еліміздің жаңа рухани-мәдени орталығына айналды.

Салтанатты жиында Қазақстанның әскери жоғары оқу орындарының үздік түлектері Президент қолынан офицерлік шен алды. Жас офицерлер Елбасының алдында отанымыздың қауіпсіздігін қорғауға ант берді.

«Әр уақытта Ту елдің қолына ұстайтын, Қарулы Күштердің қау­қарын бағалайтын елдік рәміз болып саналады. Сондықтан жас кур­сант­тарға осы жерде алғашқы әс­кери шен тапсырудың мәні өте зор. Қасиетті атамекеннің төріне тігілген Мемлекеттік Ту алдында офицер атану – ерекше құрмет, себебі, әскери қызмет мемлекеттік қызметтің ең ұшар шыңы болып саналады. Елді қорғау өзіңнің ата-анаңды қорғау, отбасыңды қорғау, бала-шағаңды қорғаумен бірдей. Сіздерді мемлекет оқытып, осындай дәрежеге жеткізіп, сардар офицер қылып, шен беруге жеткізіп отыр. Бұл жүректеріңізге мақтаныш сезімін ұялататын айырықша жауапкершілік жүктейді деп санаймын» деді Мемлекет басшысы.

Назарбаев астана куни1

Президенттің айтуынша, халқымыз үшін көгінен көтерілген байрақтан қасиетті нышан болмаған. Біздің бай­рағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимаратының жанында, барлық ел­дердегі елшіліктеріміздің ғимарат­тарында желбіреп тұр. Ол Қазақстан спортшыларының халықаралық жа­рыстардағы жеңістерінің құрметі үшін де көкке көтеріледі.

– Сіздер Қарулы Күштердің, полиция мен өзге де құқық қорғау органдарының қатарында қызмет ететін боласыздар. Иығына оқалы шен таққан азаматтар ылғи да елдің көз алдында. Сіздерге қарап жастар бой түзейді. Сіздер дайындықтан өтіп, білім алдыңыздар, енді өздеріңіз жаңадан қабылданушыларға тәлімгер боласыздар. Оларға патриотизмнің, Отанға адалдықтың үлгісін, ерлік пен адам рухының көркемдігін көрсетесіздер деген үміттемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Патриотизм мен Отанымызға деген адалдықтың символы – Ту екенін атап өткен Елбасы «Көкте желбіреген көк байрағымыз – мерейімізді асырып, рухымызды биіктететін киелі рәміз, ал Қазақстанды кемел болашаққа бастаған Астана – біздің қастерлі бойтұмарымыз» деді.

Атап өткен жөн, Мемлекет бас­шысының қолынан офицерлік шен алғандардың қатарында Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты мен Құрлық әскерлерінің әскери институты, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясы, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институты, ҚР Ұлттық ұланның әскери институтының 12 үздік түлегі бар.

Салтанатты жиын соңында Мемлекет басшысы астаналықтар мен қала қонақтарын елорда тойымен құттықтап, бақ-береке тіледі.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button