Елорда тынысы

Өте сирек кездесетін ота жасады



Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Сәбит Ахметов пен ӘМСҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Ербол Бекмұхамбетов елордадағы №9, №10 қалалық емханаларда және «City» емханасы» ЖШС-де болып, медициналық ұйымдардың жұмысымен танысты.

ӘМСҚ елорда филиалының медициналық қызмет жеткізушілерінің бірі – «City» емханасы» ЖШС мүмкіндіктерімен таныстырған бас дәрігер Қанат Дүйсенбаев емханада өте сирек кездесетін ерекше оталар жасалатынын айтты.

«City» емханасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша оталарды биылғы 16 мамырдан бастап жасай бастадық. Осы уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін МӘМС жүйесі бойынша аяқтың артериялық қан ағымын қалпына келтіру бойынша 10 ота жасадық» деді тәулік бойғы стационар және жедел қызмет көрсету блогының меңгерушісі Ғалия Әбежанова.

МӘМС жүйесі бойынша «City»  емханасында тегін ем алған алғашқы науқас ұзақ уақыттан бері атеросклероздан зардап шеккен 82 жастағы ер адам болды. Оның аяғының тамырлары толығымен бітеліп, соның салдарынан аяғында қатты ауырсыну тудыратын трофикалық жаралар пайда болған. Ауырсыну тоқтамайды, тіпті ауырсынуды басатын дәрілер де әсер етпей қалған. Қарт жасына, аурудың асқынып кеткендігіне, науқастың қосалқы патологияларына қарамастан, дәрігерлер жергілікті анестезия арқылы ота жасауға шешім қабылдады. Тіндерді мейлінше жарақаттамай, шағын тіліктер арқылы дәрігерлер аяқ тамырларынан қан жүруін қалпына келтірді, нәтижесінде қысқа уақыт ішінде трофикалық жаралар толық жазылды, осылайша науқастың аяғын кесуден (ампутация) сақтап қалды, мүгедектікке жеткізбеді.

«Әкеміздің ауырғанына 20 жылдан асты. Бұрын дәрігерлер көптеген дәрі-дәрмек тағайындайтын, солардың арқасында ауырсынуды басуға болатын. Бірақ соңғы бірнеше жылда дәрілер әсер етпейтін болды, ауырсыну басылмай, әкеміз ұйқыдан қалды. Бірнеше тексерулер мен консультациялардан кейін біз «City» емханасына бардық. КТ зерттеуін жүргізу кезінде ангиохирург А.Парманов әкемнің аурудан зардап шегуінің себебі неде екенін көрсетіп, түсіндірді. Бұл кезде аяғы қарайып кеткен еді, дәрігер: «бізде енді уақыт жоқ, аяқты құтқару керек» деді. Ауруханаға жатқызғаннан кейін дәрігерлер әкемізге МӘМС бойынша тегін операция жасады. Қазір әкеміз өзін жақсы сезінеді» деп науқастың балалары өз алғысын білдірді.

Мұндай ота қан тамырлары тәжірибесінде өте сирек жасалады. Бұл өз кезегінде елордада қан тамырлары хирургиясы әдістерінің одан әрі дамуына, қазіргі заманғы әлемдік деңгейде хирургиялық көмектің прогрессивті әдістерін игеруге және енгізуге сенімділік береді.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button