Мәселе

Жалған статистика жарға жығады

Қазақта «Қолыма жұмыс бергенің – жаныма тыныс бергенің» деген сөз бар. Бірақ қазір Қазақстан халқының тынысы тарылып, қыларға қызмет таппай жүр. Себебі жұмыссыз­дық деген жегі құрт барлық салаға дендеп енді, тәжірибелі маман болсын, енді ғана ЖОО-ын тәмамдаған адам болсын екі қолға бір күрек таппай қиналады. Дей тұрғанмен біздің елдегі статистика деген құдірет өтіріктен өрнек тоқуды доғармай тұр.

Соңғы үш жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының небәрі 4,9 проценті, яғни 450 мың адам жұмыссыз дейді. Бұл тек жұмыспен қамту орталығына арнайы өтініш бергендердің есебінен шыққан дерек екенін құзырлы орындар ескермейді. Салдарынан Қазақстан халқының көбі жалақысы жақсы, табысы тәуір жерде қызмет қылып жатқандай көрінеді. Ағайынды осындай жалған деректер әбден ашындырып болды.

Қазір елімізде 6 миллионнан астам жас адам бар. NEET жастардың саны 422 мыңға жетті. Олармен де нақтылы жұмыс жасалып жатқан жоқ. Бір реттік кей жобалардың нәтижесін білу тіптен қиямет. 2022 жылы Ұлттық қордан «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін жас кәсіпкерлер мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға грант беруге 69,2 миллиард теңге бөлінген. Бірақ оның 6,9 миллиард теңгесі игерілмеген. Бұл да – жұмысты жүйелеуде кеткен қателік. Ең қызығы, Жоғары аудиторлық палата жас кәсіпкерлерге жаңа бизнес идеяларды іске асыруға гранттар беру және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға гранттар беру іс-шарасының нәтижесін бағалау мүмкін емес депті. Нәтижесін бағалау мүмкін болмаса, Ұлттық қордан несіне қыруар қаржы бөлінді?

Еліміздегі жастар жұмыссыздығының мәселесін нақты деректермен көрсетсем. Қазіргі таңдағы жұмыссыз жастардың саны – 80 мың, NEET жастардың саны – 422 мың, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың саны 408 мың деп келтіріледі. Аталған үш көрсеткіш арқылы құзырлы орындардың елдегі жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасын әдемі жасыруға тырысқанын байқауға болады. Жоғарыдағы деректерді бір ортаға қоссақ, Қазақстандағы 900 мыңнан астам жас азаматтың жұмыссыз екені анық көрінеді.

Жұмыссыздық енді ғана еңбек нарығына шығатын жастардың да уайымына айналды. «Оқу грантын көбейттік» деп көп есеп беретін билік, сол мамандар ЖОО-ын тәмамдағанда қайда барып қызмет қылатынын тіптен ойламайды. Нақты дерек, 2025 жылы мемлекеттік білім гранты 75 мыңға жетпек. Оған ақылы оқитын жүздеген мың студентті және қосыңыз. Бірақ осынша маманды жұмысқа қабылдайтын еңбек нарығы бар ма? Табақтай диплом ұстаған жастар ертең қайда барып қызмет қылады? Қазақстандық жастардың 40 проценті мамандығы бойынша жұмыс істемейді, ЖОО түлектерінің 30 проценті бірден жұмыс таба алмайды. Аталған мәселемен күресудің орнына салалық министрлік бір реттік грант, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, жастар практикасы деген науқандық іс-шаралармен ғана жүр. Жастар елдегі жұмыс күшінің 40 пайызын құрайтынын ескеріп, Үкімет оларды тұрақты жұмыспен қамтып, лайықты жалақымен қамтамасыз еткенде Қазақ жастары Кореяға қара жұмысқа кетпес еді, Еуропаның даласында пияз теріп ақша тауып жүрмес еді, Америкаға барып нан табудың, жан бағудың тәсілін іздемес еді.

Жұмыссыздықпен күресудегі біздің мынадай нақты ұсыныстарымыз бар:

  1. Жалған есептен құты­лып, нақты жұмыссыз жастардың санын және олардың талап-тілегін білу үшін мобильді топтар құру керек. Олар базарлар мен басқа да жастар көп шоғырланған жерлерді аралауы керек. Amanat партиясында сондай жүйе бар, аталған тәжірибені мемлекеттік деңгейде іске асыру қажет.
  2. Бір реттік науқандық бағдарламаларды қойып, есепті тұрақты жұмысқа орналасқан жастардың санымен жүргізу керек.
  3. Жастар мен жас кәсіпкерлерді қолдауға, уақытылы ақпараттандыруға бағытталған бірыңғай навигация­лық сайтты, оның мобильдік қосымшасын және оларға арналған ілеспе телеграмм ботты әзірлеу және іске қосуды қолға алу керек.
  4. Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасында 2027 жылға дейін 1,5 миллионнан астам жас азамат жұмыспен қамтылады деп көрсетілген. Бұл уәде, сондықтан Үкіметке аталған межеге жетпей қоймайтынымызды ескертеміз.

Нартай СӘРСЕНҒАЛИЕВ, Мәжіліс депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button