Мәдениет

Белсенді зейнеткерлер концерті

Астана қаласының белсенді зейнеткерлерінен құралған «Арқа әуендері» халық ансамблі елорданың 25 жылдығына арналған концерт қойды.

«Арқа әуендері» ансамблі – елорда жұртшылығына кеңінен танылған өнер ұжымы. Бас қаламызда өтетін мемлекеттік және ұлттық мерекелерге арналған іс-шаралардың ортасынан көрінеді. Құрамындағы зейнеткерлердің бәрі – өнерпаз азаматтар. Ансамбль жетекшісі Кенжетай Ерғалиқызы Жанұзақова ансамбльдің репертуарына үнемі көңіл бөліп, әрбір мүшесін қолдап-қолпаштап жүреді.

Біз жақында ғана елордамыздағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мекемесінде болып, осында тұратын қариялар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар алдында концерт қойдық. Домбыра, баян және басқа да ұлт аспаптарында қазақ, орыс, украин тілдерінде ән шырқап, күй тартып көпшіліктің көңілін бір көтердік.

Музыкалық жетекшіміз – Теміреш Кереев, ансамбль мүшелері – Ғалия Мелдебекова, Бексұлтан Төлегенов, Әмина Сейтова, Рамазан Құрманбаевтың өнеріне зор қошемет көрсетілді. Өзім «Ах, ты, душечка» деген орыстың халық әнін шырқадым. Сонымен қатар ансамбль жанындағы «Замандастар» фольклорлық тобы, «Жігіттер» және «Қыздар» тобының өнеріне де көрермен дән риза болды.

«Зейнеткерлер мен ардагерлердің концерті өте тамаша болды. Көңіліміз бір көтеріліп қалды. Көптен бері мұндай концерт көрмеп едім. Бәріңізге алғысым шексіз. Өнерлеріңіз өрлей берсін» деп ризашылығын білдірді осы концертті тамашалаған, «Шарапат» қарттар үйінің тұрғыны Раиса Гашенко.

«Арқа әуендері» ансамблі елордамыздағы іс-шараларға қатысуын жалғастыра береді. Дайындық жұмыстарымызды үзбейміз.

Ибрагим ӘЛІМБАЕВ,

еңбек ардагері,

«Қазақстанның құрметті азаматы» белгісінің иегері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button