Елорда тынысы

Астана келбеті дизайн-кодқа сәйкестенеді

Елорданың келбеті келешекте дизайн-кодқа сәйкес ретке келтіріледі. Бұл бағытта бүгінде қала көшелерінде Астана келбетін дизайн-кодқа сәйкестендіру бойынша игі істер жүзеге асырылып жатыр. 

Бүгінде Астананың қай көшесімен жүрсеңіз де, елорданың дизайн-кодына сәйкес келмейтін және заңсыз ілінген жарнамалардан көз сүрінеді. Әсем шаһардың көркін бұзатын және көшелерде ілуге рұқсат етілмеген, стандартқа қайшы осындай жарнамаларды алып тастау жұмыстары бүгінде елорданың барлық ауданында жүріп жатыр.

Мәселен, Нұра ауданында 6 тұрғын үй кешенінен қаланың келбетіне сай емес 60-тан астам маңдайшадағы жазу мен сыртқы жарнама алынып тасталды. Себебі олардың барлығы 2019 жылы бекітілген Астананың дизайн-кодына сәйкес келмейді.

Нұра ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Әлия Әбсеметованың айтуынша, елордалық дизайн-кодқа сәйкестендіру кезінде кәсіпкерлерге күрделі талаптар қойылмайды. Тек, сыртқы жарнама Астана келбетін бұзбаса болғаны.

– Дизайн-код бойынша кәсіпкерлерге күрделі талаптар қойылып отырған жоқ. Ең бастысы, сыртқы жарнама ғимараттың қасбетіне, дизайн-кодқа сай болуы керек және сырт көзге оғаш көрінбегені абзал. Қала өсіп, дамып келеді, ал оның келбеті біртұтас болуы тиіс, – деді Әлия Әбсеметова.

Аудан әкімдігі өкілдері орталық көшелер бойында орналасқан тағы 4 тұрғын үй кешені кезекте тұрғанын жеткізді. Осылайша, аудандағы барлық белгі мен жарнама бірте-бірте ретке келтіріледі.

Ал қалалық Урбанистика орталығының мәліметінше, қаладағы жарнаманың шамамен 80%-ы ешкіммен келісілмегенін алға тартып отыр.

Қазіргі уақытта Астанада барлығы 1 500-ден астам заңсыз орнатылған белгі мен жарнамалық баннер алынып тасталды. Алдағы уақытта олардың барлығы дизайн-кодқа сәйкестендіріледі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button