Басты ақпаратЕл тынысы

Өзара ықпалдастықтың жаңа кезеңі

Мемлекет басшысының Италияға ресми сапары Президент Серджо Маттарелламен кездесуден басталды. Екі ел басшыларының келіссөзіне дейін Квиринале сарайында Қазақстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне Қазақстан туы көтеріліп, қос мемлекеттің әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылы бастығының рапортынан кейін президенттер бір-біріне ресми делегация өкілдерін таныстырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл Қазақстан Президенті ретінде Италияға жасаған алғашқы сапары екенін атап өтіп, қонақжайлық көрсеткені үшін Серджо Маттареллаға алғыс айтты. Мемлекет басшысы еліміздің Еуропа Одағындағы сенімді серіктестерінің бірі – Италия Республикасымен қарым-қатынасы ұзақ уақыттан бері өзара тиімді сипатта дамып келе жатқанын жеткізді.

«Мен бүгін өзара мүддені көздейтін мәселелерді, атап айтқанда, экономикалық байланыстарды дамыту және екі елді өркендетуге бағытталған қатынастарды нығайту, сондай-ақ халықаралық өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылағым келеді» деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі. «Өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жетеді деп сенеміз. Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Біздің нарықта 300-ге жуық италия­лық компания жұмыс істейді, соның ішінде ENI кәсіпорны да бар. ENI – көшбасшы компания. Біз екіжақты қатынастардағы жетістіктерді жоғары бағалаймыз. Біз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз. Дегенмен экономика бағытына ғана емес, мәдениет, туризм сияқты басқа да көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру қажет. Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық өте табысты болатынына сенімдімін» деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-­Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар үшін ел экономикасының анағұрлым тартымды және перспективті салалары, оның ішінде «жасыл» энергетика туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді. Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Италияның әлемдік аренадағы, оның ішінде БҰҰ мен ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне арнайы тоқталды. Екі ел президенттері БҰҰ Жарғысының қағидаттарын құрметтеу негізінде халықаралық қатынастар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесін нығайтудың маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Орталық Азияның Еуропа Одағымен арадағы ынтымақтастығын дамыту перспективаларын талқылап, көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ықпалдастықтың, атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын өркендетудің келешегі зор екенін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Маттарелланы Италияның «Үлкен жетілікке» төрағалық қызметіне кірісуімен құттықтап, G7-нің күн тәртібін жүзеге асыру ісінде табыс тіледі. Өз кезегінде, Серджо Маттарелла Италия Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және қоғамдық реформаларға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтіп, Римге сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Сондай-ақ келіссөздердің нәтижесі екіжақты экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық байланыстарға тың серпін береді деп сенім білдірді. Достық рәуіште өткен кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланы Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Италия Президенті Мемлекет басшысының шақыруын ризашылықпен қабыл алды. Мұнан соң келіссөз дастарқан басында жалғасты.

Екіжақты қатынастардың әлеуеті зор

Қазақстан Президенті мен Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Италия жерінде құрмет көрсеткені үшін Джорджа Мелониге алғыс айтты. ­Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Италия арасында тығыз саяси диалог, берік экономикалық ықпалдас­тық, табысты мәдени-гуманитарлық байланыс орнағанын атап өтті. «Біз Италияның Орталық Азиядағы басты серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз. Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді және қарым-қатынастарды одан әрі арттыруға мол әлеует бар» деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі және ел экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы 15 миллиард долларға жуықтады. Италиядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция 7,3 миллиард долларды құрады. Бүгінде біздің елімізде 300-ден астам италиялық компания табыс­ты жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында ENI, SDF Group, PetroValves, Maire Tecnimont, IVECO, Tenaris және басқа да ірі инвесторлар бар.

Қазақстан Президенті БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі және ЭЫДҰ аясындағы әлемдік аренада ортақ мақсаттарға қол жеткізу ісіндегі екі елдің табысты ықпалдастығына арнайы тоқталды. Сонымен қатар Қасым-­Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық, терроризмге қарсы күрес, климаттың өзгеруі сияқты мәселелерге қатысты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді. Мемлекет басшысы Алматыда Италия мәдениеті институтының ашылуын құптады. Оның пікірінше, мәдени дипломатия, білім беру саласындағы серіктестік және туризм елдер арасындағы байланыстарды тереңдетуде маңызды рөл атқарады.

Джорджа Мелони қазақ-итальян қатынастарының деңгейі жоғары екенін атап өтіп, Италияның Қазақстанмен арадағы байланыстарын нығайтуға бейілді екенін жеткізді. «Сіздің бүгінгі сапарыңызды қазақ-итальян қарым-қатынасын одан әрі өркендету үшін зор мүмкіндік ретінде қарастырамыз» деді Премьер-министр.

Кездесу барысында сауда-­экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, аграрлық, мәдени-гуманитарлық, білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ жасыл энергетика және екі мемлекеттің астаналары арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, кездесуде өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. Кездесу соңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Премьер-министрі бірлескен мәлімдеме жасап, бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойды. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер жерленген орындардың мәртебесіне қатысты келісім», «Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен  Италияның «ENI» компаниясы арасындағы жалпы қуаты 247 MBт болатын гибридті электр станциясын (жел электр станциясы, күн электр станциясы) салу жөніндегі бірлескен жобаны жүзеге асыру туралы бірлескен түпкілікті инвестициялық шешім» және басқа құжаттар бар.

Италия кәсіпкерлерін Қазақстанға шақырды

Қазақстан Президенті Римге ресми сапары аясында Италияның бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, «Қазақстан – Италия» инвестициялық дөңгелек үстелінде сөз сөйледі. Дөңгелек үстелге халықаралық деңгейдегі 30-ға жуық компания қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бизнес «капитандарына» Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет берді. Оның айтуынша, әлемдегі геосаяси жағдайға қарамастан, еліміз аймақтағы ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі ретіндегі орнын сенімді түрде сақтап отыр. «Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайыз деңгейінде болды. Бұл – болжамды жаһандық көрсеткішке қарағанда шамамен 2 есе жоғары (Дүниежүзілік банк – 2,6%, БҰҰ – 2,7%). Біздің орта мерзімді перспективадағы стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай экономиканың көлемін екі есе ұлғайтуға мүмкіндік беретін 6-7 пайыздық өсімге қол жеткізу. Ол үшін ауқымды реформалар жүргізу қажет еді. Сондықтан саяси реформалармен қатар, нарықтық және бәсекеге қабілетті экономикамызды айтарлықтай нығайтып жатырмыз. Мен мұны табысқа жетудің қажетті шарты деп есептеймін. Қазақстанда таяу арада экономикамыздың ашық, сенімді және қарқынды дамуына ықпал ететін аса маңыз­ды әрі түбегейлі реформалар басталады. Мұны сіздерге сенімді түрде айта аламын. Мақсатымыз – Қазақстандағы стандарттарды, ережелерді және бизнес жүргізу тәжірибесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деңгейіне жеткізу. Біз ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін инвестициялық ахуал қалыптас­тыруға ұмтылып жатырмыз» деді Мемлекет басшысы.

Президент ел экономикасына шетелден тікелей тартылатын инвестиция көлемін ұлғайту мақсатында практикалық және заңнамалық тұрғыда жоспарланған шаралар туралы италиялық кәсіпкерлерге мәлімет берді. «Біз инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды анықтап, оларды жойдық. Жақында Инвестиция­ларды тарту жөніндегі кеңес құрылып, оған кең ауқымды өкілеттік берілді. Бұл Кеңестің жедел шешім қабылдауына, көрсетілетін жан-жақты мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету арқылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруына ықпал етеді» деді Президент.

Мемлекет басшысы технологиялық революцияны және алдағы уақытта аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласында жаһандық сұраныс­тың еселеп өсетіні жөніндегі болжамды ескеріп, Италия кәсіпкерлерін осы бағытта ынтымақтастық орнатуға шақырды. «Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан астам барланбаған кен орны бар. Бүгінде біз Еуропа Одағына мүше елдердің экономикасына қажетті ең маңызды 34 шикізаттың 19 түрін өндіреміз. Қажетті инвестиция болса, кобальт, вольфрам, литий сияқты пайдалы қазбалардың 9 түрін игеруге болады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы дөңгелек үстелге қатысушыларды биотехнология, фармацевтика салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы хабардар етті. Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бірқатар ірі компанияларын Қазақстанда жергілікті өндіріс ашуға шақырды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев IT-саласын дамытудың және «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтарына арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ кездесуге қатысушыларды «Астана» халықаралық форумына қатысуға шақырды.

МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТТАРҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Инвестициялық дөңгелек үстел аяқталған соң, Мемлекет басшысының қатысуымен бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Олардың қатарында «Самұрық-Қазына» АҚ мен Balestra арасындағы Түркістан облысы Созақ ауданы Тайқоңыр ауылында қуаты жылына 800 мың тонна болатын күкірт қышқылы зауытын салу жобасының шарттары мен мерзімін айқындайтын келісім; «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен SACE арасындағы экономиканың басым секторларындағы инвес­тициялық жобалар жөнінде Италияның қатысуымен жасалған мәмілелерді сақтандыру лимитін белгілеу туралы негіздемелік келісім; «Самұрық-Энерго» АҚ мен Ansaldo Energia SpA арасындағы қуаты 544 МВт-қа дейін жететін бу-газ қондырғысын салу арқылы Алматыдағы үшінші ЖЭО-ны реконструкциялауды көздейтін ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстандағы италиялық кәсіпорындарды және Италиядағы қазақстандық кәсіпорындарды қолдауға, сондай-ақ Қазақстан мен Италия бизнесі арасындағы экономикалық және сауда қатынастарын нығайтуға бағытталған «Атамекен» ҰКП мен Confiindustria арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум бар.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Eni компаниясының бас операциялық директоры Гвидо Брускомен кездесті. Жылышырайлы жүздесуде Қазақстан мен Eni компаниясы арасындағы өткен жылғы ынтымақтастықтың нәтижелері және алдағы ықпалдастықтың әлеуеті қарастырылды.

Президент Maire Tecnimont компаниясының Бас атқарушы директоры Алессандро Берниниді, NEOS әуе компаниясының президенті Лупо Раттацциді, Bonifiche Ferraresi компаниясының Бас атқарушы директоры Федерико Веккьониді қабылдады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button