Білім

ОЙЛАУҒА БАУЛИТЫН ОЙЫН

шах 1

Адамдардың өмірде же­тістікке жету сыры бала күннен дағдыланған. Қырық төрт жыл бойы балалардың басы-қасында жүрген мен олардың денсаулығына үнемі баса назар аударамын. Кеш ұйықтап, сәйкесінше кеш оянатын балалар оқу бағдарламасынан қалып, «үлгерімі нашарлар» қатарына оңай қосылатынын анық байқадым. Баланың даналық ойынына деген махаббатын оятып, спорттық, әсіресе, командалық жарыстарға тартып, пайдалы іске бағыттау арқылы күн тәртібін ретке келтіру бұрындары еш қиындық тудырмайтын. Бұл жерде шахмат ойынын айтып отырмын. Топ құрамына кіргісі келетін баланың құлшынысы жаттықтырушыға күн тәртібін сақтау жөніндегі басты ережені талап етуге мүмкіндік беретін. Өйткені, шахматшының қабілеті, оның оқудағы, спорттағы, қысқасы, кез келген жетістіктері уақыттың тиімді ұйымдастырылуымен ті­келей байланысты.

Ал, оны ұйымдастыру бүгінгі таңда күрмеуі қиын күрделі мә­селеге айналғандай. Оны күрде­лендіретін – ата-аналардың өздері. Баланың үй жұмысын кеш бастап, кейде түнімен оқып отыратынына мән бермеу; сынып сағатында да оп-оңай меңгеріп алуға болатын пәндерге репетитор жалдау; «Оқудан сәл тынықсын» деп компьютерлік ойындарды ойнауға рұқсат ету. Ол ойындардың ұзаққа созылатыны тағы бар. Жоғарыда айтылғанның қай-қайсы болса да, адамның жетілуін кешіктіреді.

Біріншіден, түнқатып отыру баланың психикасын бұзады. Жүйке жасушалары толығымен қалыпқа келетін мидың биоло­гиялық тынығу уақыты 22:00-02:00 аралығында екені белгілі. Ұйқысы қанбаған адамның еңбек ету қабілеті төмендейді. Бұл уа­қыттан жарты сағат кеш жатса­ңыз да, мидың толығымен қалпына келмейтіні дәлелденген.

Екіншіден, педагог шығар­машылық әдіс пен логикалық тәсілдерді қолданбаса, оқу үлгері­мінің жоғарылауына кепілдік жоқ. Тақырыпты жаттату кері әсерін береді. Оқушы өз бетінше ойлаудан қалады, сабақты түсінбеуден бұрын, басқа да пәндерден өз қатарының соңында болып, қосымша дәріс алуға дағдыланып кетеді.
Үшіншіден, жастар арасында интернетті пайдалану әдетке айналып кеткен. Балалар қайда жүрсе де, қолдарынан телефон мен планшеттерін тастамайды. Ең жаманы, компьютерлік ойындарға деген тәуелділік пайда болды. Мұны, тіпті, мемлекеттік деңгейде дабыл қағатын мәселе десем, артық айтқандық болмас еді. Шамадан тыс компьютермен әуестену де ойлау жүйесін бұзып, денсаулықты әлсіретеді.

Біздің «Родничок» балалар білімі орталығындағы шахмат үйірмесіне 8-9-сынып оқушылары да жазылады. Әрине, дұрыс. Екі-үш ай жаттыққан соң-ақ, олардың сабақтары жақсарып, үздіктер қатарына қосылып жатады. Үздік оқитын жоғары сынып балаларының өзі ғылыми мүмкіндіктерін арттыру үшін шахматқа арнайы жазылады. Нәтижесінде пәндік олимпиа­далардың жеңімпазы атануларына мол септігін тигізуде. Бұл сәйкестік емес, шахматтың интеллект көтеретіндігі баяғыда-ақ мойындалған. Тіпті, алдағы оқу жылы Испанияның Коста Бланка қаласындағы «CEIP L’Olla» орта мектебінде шахмат ойыны математика, физика сынды міндетті пәндердің қатарына қосылатын болыпты.

Менің айтпағым, жоғарыда аталған тәрбиелік кемшіліктердің бәрін ата-аналар ертерек түсініп, балаларын шахматқа кіш­кен­тайы­нан баулығаны жөн. Сонда ойы алғыр, кез келген тығырықтан шы­ғудың жолын табатын тапқыр, білімі ерек ақылды балалар көп болар еді. Өйткені, шахмат – жай ойын емес, ғылым мен спорт!

Василий ГОЛУБЕВ,
шахмат жаттықтырушысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button