Мәдениет

Өнегелі өмір өрнегі



Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінде көрнекті ғалым, публицист, ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлының 70 жасқа толуына арналған «Ұлттық журналистика: зерттеу және білім беру мәселелері» атты халықаралық ғылыми–тәжірибелік онлайн конференция өтті.

Мазмұнды шара белгілі ғалымға арналған фото және кітап көрмесінің ашылуымен басталды. Одан кейін мерейтой иесі оқу ордасына кейінгі шыққан кітаптарын табыс етіп, әл-Фараби атындағы телерадиокешені жұмысымен танысты.
Конференция барысында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, танымал ақын, ғалым Бауыржан Жақып пен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Медиакоммуникация жəне Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Аязби Бейсенқұлов ғибратты ғалымның өмір жолы мен шығармашылығы жайында байыпты баяндама оқыды. Сонымен бірге Түркиядағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Əбдіуақап Қара мен «Қазақ елі» журналының редакциялық кеңес төрағасы жəне жауапты шығарушы редакторы, Ертолқын Гайреиуллаһ, АҚШ-тағы Колумбия университетінің профессоры Гүлнар Кендірбай, Қарақалпақ мемлекеттік университеті журналис­тика кафедрасы профессоры, филология ғылымдары кандидаты Малика Жұмамұратова Омашұлының ғылыми еңбектері туралы баяндама жасады. «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы филиалының меңгерушісі, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек пен «Шалқар» радиосының директоры, ғалым ­Болатбек Төлепберген де қайраткер тұлғаның адами болмысы жайында салмақты сөз өрбітті.
Өзбекстандағы Халықаралық экономика жəне дипломатия университеті, халықаралық журналис­тика факультетінің профессоры ­Фатима Муминова профессорды мерейлі жетпіс жасымен құттықтап: «Мен ол кісімен Қазақ ұлттық университетінде журналистика бойынша докторлық диссертация қорғау жөнінде арнайы кеңестің отырыстарында кездесіп жүрдім. ­Намазалы Омашұлы – тамаша азамат, білікті ғалым. Оны Өзбекстанның ғалымдары да жақсы біледі. Осындай көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаздардың арқасында Қазақстандағы ғылым мен білім жоғары деңгейде. Біз үнемі ол кісімен жақын байланыстамыз, бірлесіп ғылыми жинақтар шығарып, конференция өткіздік. Ол кісіге ұзақ ғұмыр тілеймін!» деп ақжарма лебізін білдірді.
Сондай-ақ жиын аясында Ұлттық университеттің «Өнегелі өмір» сериясымен Намазалы Омашұлының тұлғасына арналған кітап жарық көріп, конференция соңында айтулы ғалым журналистика мамандығының қыры мен сыры жайында ой қозғап, іс-шараны өткізуге ұйытқы болған азаматтарға алғысын айтты.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button