Мәдениет

Ақын мұрасы ұлықталды

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойы аясында Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің бастамасы және ЕҰУ «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Абай мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Іс-шара негізінен алғанда ұлттық бірегейлік саласындағы ұлы ойшылдың мұрасын, зияткерлік ұлт пен жаңартылған қоғамды қалыптастыру негіздерін, сондай-ақ «Мәңгілік ел» идеясы шеңберіндегі «кемел адам» тұжырымдамасын зерделеуге бағытталды.
Жиында алғаш сөз алған университет ректоры Ерлан Сыдықов конференцияның негізгі идеясы, мақсаты мен міндеттеріне тоқталды. Одан кейін Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлының конференция қатысушыларына арналған ресми құттықтауы оқылып, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, қаламгер Нұртөре Жүсіп, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл, белгілі түрколог Шәкір Ибраев, ЕҰУ Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы, тағы басқа ғалымдар Абай феноменіне, ойшылдың шығармашылығы мен дүниетанымына қатысты баяндама жасады.
Конференция аясында ҚР Президенті Қасым-­Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты еңбегінің тұсаукесері өтті. Модератор Ерлан Сыдықов бүгінгі жиынға орай Президенттің бағдарламалық мақаласын БҰҰ-ның ресми 6 тіліне (ағылшын, араб, испан, қытай, орыс, француз) аударып, баспадан шығарып отырғанын сүйіншілей жеткізді. Сондай-ақ конференцияда «Абай академиясы» сериясымен шыққан төрт кітап: академик Сейіт Қасқабасовтың «Абайға дейінгі және Абайдан кейінгі қазақ әдебиеті» еңбегі, түрколог Шәкір Ибраевтың «Абай феномені» монографиясы, абайтанушы Тұрсын Жұртбайдың «Ол боламын демеңдер» және зерттеуші Сұлтан Ыбырайдың «Жарым адамнан – толық адамға» монографиясы таныстырылды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button