Құқық

Заң орындалуымен құнды

Халқымызда «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген тәмсіл бар. Айтпасаң сөздің атасы өлетін заманнан да өтіп бара жатқандаймыз. Азуын айға білеген бай-манаптар жалғанды жалпағынан басып, қара халықтың қасіретін одан сайын қоюлатуда. Бұған тоқтам болатын мерзім әлдеқашан жетті-ау! Алайда жемқорлар жазадан құтылып, кейде сытылып кетіп жататыны жасырын емес. Бүгінгі қоғам кешегіден өзгерген.

Халық та оянып, демократияның азда болса буын сезіне бастады. Дәл осы кезеңге Мемлекет басшысының жақында қол қойған «Қазақстан ­Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қоғамның көптен күткен күпті көңіліне демеу болғандай. Ендігі мәселе заңның бақылау, орындалу, жүзеге асырылу жолдарының механизм тетіктерін жетілдіру. Заң сыбайлас жемқорлық көріністерінің жүйелі түрде алдын алу бойынша қосымша шаралар енгізілуге бағытталған. Жаңа заңда «шенеуніктер ғана емес, оның отбасы мүшелері сыйлықтар, материалдық сыйақы немесе қызмет көрсету түрінде тарту алуына толықтай тыйым салынады» делінген. Бұл бап дамыған демократиялық елдерде бұрыннан бар. Оларда бұл қызметшінің кәсіби этикасының бір парасына жатады. Алайда осы тетіктің бізде қалай бақыланатыны заңда толықтай ашылмаған. Енді сый беретін тұлға бұрынғыдай көпшіліктің көзінше қай нәрсені де жарқыратып бере алмайды. Демек беруші де, алушы да әлі де болса құпия түрде жұмыс істейді.
Заңдағы өзгерістер мен толықтырулар қатарындағы аса мәнді әрі қарапайым азаматтар үшін қажетті «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» 2012 жылғы 13 ақпандағы ҚР-ның заңына «Қызметкердің тәртіптік теріс қылығы – қызметкердің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы, кінәлілікпен орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіпті, қызметтік әдеп қағидаларын бұзуы, сол сияқты қызметте болуына байланысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді сақтамауы» деп көрсетілген 64-баптың 1-тармағында. Міне, осы бап бүгінде қызмет орнында өздерін жарты патша санайтын талайларға сабақ болса игі. Кеше ғана жоғары шенділерден зәбір көрген ­Қызылорда облысы, ­Сырдария ауданы, Асқар ­Тоқмағамбетов ауылының тұрғындарының әлеуметтік желідегі жанайқайының ізін ала «Егемен Қазақстан» газетінің 12 қазан күнгі санында «Ерегіскен екеу, егінсіз қалатын ел» атты мақалада аудан әкімінің дәрменсіздігі мен жоғары шенділердің тоңмойындығы ел алдына шықты. Алайда нақты шешім жоқ. Ел ырысы ысырап болып, қарын тойғызамын деген халықтың несібесі далада бей-берекет шашылып жатыр. Аудан басшысы кәсіпкерлер арасындағы дау тек сот арқылы шешілетінін айтып отыр дейді тілші хабарламасында. Егіс алқабындағы 105 гектар алқаптан алынатын ризық ертең еңбек еткен, әлденеше миллиондаған қаражат жұмсалған қара халықтың несібесіне жарамаса оған кінәлі кім!? Заң қайда, облыс, аудан басшылары неге дәрменсіз. Әлеуметтік желіде ақжаулық­ты аналардың облыс әкімдігінің алдында тік аяқтан қаңтарылып тұрғандары, әкімдікте олардың зарын тыңдар қызметкерлердің болмауы, ауыл тұрғындарының жанайқайы, аудандық полиция, арнайы жасақтар мен тұрғындар арасында қақтығыстар болғаны да тілге тиек болды. Демек осы бапқа сүйене отырып, тиісті шешімді дер мезгілінде орындамаған, өз ісіне жауапсыз қараған басшы мен қосшылықты қас-қабаттап жауапкершілікке тартып, қатаң жазаны дер шағында қолданаса ғана қара халық заңға сенеді. Заң орындалуы­мен, жүзеге асуымен құнды.
«Халық айтса, қалып айтпайды». Заңдағы өзгерістер мен толықтырулар бірте-бірте елде демократиялық құндылықтардың сақталуы мен оның орындалуын тиісті орындардың қатаң бақылауға алу қажеттігін көрсетіп отыр. Демек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алдағы уақытта осы бағытта торға түскендер мен қармалғандардың атын атап, түсін түстеп отырса. Ел ырысы мен халық қаражаты жең ұшынан жалғасқан жемқорлардың жемсауына жұтыла берсе, мемлекеттің ертеңі не болмақ. Ел азаматтары мен игі жақсылар бастап, тиісті орындар нақты қадамдарға бармаса, қоғам ашынған үстіне ашына түседі. Өз халқын өзі тонаған елдің болашағы не болмақ. Бүгінгі қоғам, орта ертеңгі ұрпаққа қандай ауыр мұра қалдырып жатқанын түсінсе игі. Бар байлықтың үстінде отырып, кедейліктің кебін киген елдің ертеңіне алаңдайды. Қара халық теңдігін алған отыз жылда да қоғамда бір жылымық болады ғой деген алаң көңілдің шырмауында шырматылып келеді. Шындық пен шынайылықты, адалдық пен арды аттап өтіп жатқандар ертеңін неге ойламайды. Бүгінгі байлығына масайрап, қара халықты қақсатып тапқаны өз бауырлары мен қандастарының маңдай терімен, бел жазбай тапқан ырысын төккені емес пе!? «Судың да сұрауы бар» екенін ұмытпайық, ағайын.

Құдайберген ТҰРСЫН,
ҚР Әділет министрлігінің Заңнама
және құқықтық ақпарат институты
Лингвистика орталығының бас
ғылыми қызметкері, филология
ғылымдарының докторы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button