Басты ақпаратЕлорда тынысы

Оқушылар қалай тамақтанады?



Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында бас қаланың білім беру мекемелерінде тамақтандыруды ­ұйымдастыру жұмысы қаралды. Тиісті баяндаманы қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов жасады.

Ол қаладағы 96 мектепте 200 мыңға жуық оқушы оқитынын, соның ішінде бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз тегін ыстық тамақмен қамтылғанын атап өтті. Олардың жалпы саны – 95655. Соның 90 мыңға жуығы 1-4-сынып оқушысы болса, қалғаны – жеңілдікті санаттарға жататын 5-11-сынып шәкірттері.

– Биылғы 1 қаңтардан бастап бір баланы тамақтандыру бағасы 30 пайызға өсті. Былтыр 449 теңге болса, биыл 584 теңгеге ұлғайды. Оған бюджеттен 9,5 миллиард теңге қарас­тырылды. Ас мәзірі өзгеріссіз қалды. Бірақ бағаның өсуіне азық-түліктің қымбаттауы себеп болды. Қазіргі таңда тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша 96 мектепті қамтитын барлығы 14 жеткізуші жұмылдырылды. Жыл сайын басқарма төрт апталық маусымдық мәзірді Қазақ тағамтану академиясының тағамтану мәселелері институтымен келіседі, – деді баяндамашы.

Аталмыш мәселеге қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов пікірін айтты.

– Халқымыз ежелден «Ас – адамның арқауы» деп қуаттаған. Бүгінде елорда­мызда балалардың тиісті деңгейде тамақтануы үшін мектептерге лайықты қолдау көрсетіліп келеді. Қалалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінсе де, тамақ оқушылардың қажеттіліктеріне сәйкес келмейді. Астана қаласының 96 мектебінің 1-4-сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылды, сонымен қатар биыл асханада тамақтанудың орташа құны 584 теңгеге жетті.

Мектеп асханаларының ескірген материалдық-техникалық базасы көңілге кірбің ұялататыны анық. Ата-аналардың айтуынша, балалары мектеп асханаларында тамақ ішпейді, тағам дәмді емес немесе төмен калориялы болғандықтан, балалар оны ұнатпайды. Осы уақытқа дейін жалға алушылар бұл мәселелердің шешімін таппай жүр. Жақын арада әріптестерімізбен бірге бірқатар мектеп асханасын аралап, жергілікті жерлерде жағдайды жақсарту жолын табамыз, – деді мәслихат хатшысы.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button