Елорда тынысы

Оқушыларды есірткіден қалай сақтандырамыз?



 Жыл басынан бері Қазақстанда полицейлер есірткі қылмысына қатысқаны үшін 34 баланы ұстады. Олардың әрқайсысы 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы астаналық полицейлер оқушылармен кездесуде толық түсінік берді.

Жасөспірімнің дұрыс және қауіпсіз шешім қабылдауы үшін барлық мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың және ең алдымен ата-ананың қатысуы қажет. Есірткіні қолданудың салдарын ғана емес, сонымен бірге, кез келген есірткіге қатысты әрекеті үшін жауапкершілікті де тікелей түсіндіру маңызды. Сондықтан ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басшылығымен практикалық жұмыс жүргізу және жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары туралы түсіндіру жөнінде шешім қабылданды.

Осыған орай, құзырлы министрліктің Есірткіге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов Астана қаласының №3 мектеп-гимназиясы мен Көлік және коммуникация жоғары колледжінің оқушыларымен кездесті. Б.Әмірханов оқушылардың алдында сөйлеген сөзінде жасөспірімдердің шешілмейтін салдары болуы мүмкін ең маңызды проблемалары туралы айтты, ол: буллинг, құмар ойындар, жасөспірімдердің суицид мәселелері, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар, соның ішінде есірткі қылмысы үшін жауапкершілік.

Полицейдің айтуынша, есірткі сатушылар жасөспірімдерді есірткі сатудың ең қауіпті кезеңінде, заңсыз затпен тікелей байланыс қажет болған кезде пайдаланады.

«Жасөспірімдерге әртүрлі амал-айла жасау оңайырақ. Оларды қылмыстық жауапкершілік жасына жетпеген деп сендіреді, сондықтан ауыр жаза болмайды, ең көбі – ата-анаға айыппұл салынады деп айтылады. Жастарға аз күш жұмсап, үлкен табыс табуға уәде беріледі. Алайда мұндай есірткі курьері «жұмысының» ең ұзақ мерзімі – 2-3 ай. Әрі қарай олар ұсталып, 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан ­айырылып, колонияда жазасын өтейді» деп түсіндірді ол.

Ішкі істер министрлігінің міндеті: әрбір оқушы мен студентке осындай оңай «табыстың» салдары туралы ескерту. Қара нарықта бір грамм мефедронның құны – 28 мың теңге. Ал есірткі дүкенінде бір грамм үшін 2000 теңгені құрайды. Дәл осы сомаға есірткіні дүкенге жеткізген курьердің еркіндігі де кіреді. Бақытжан Әмірханов түсіндіргендей, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуда әрбір полиция қызметкерінің үлесі маңызды. Сондықтан министрлік елорданың оқу орындарында орталық аппараттың бейінді департаментінің қызметкерлерімен осындай іс-шараларды өткізу кестесін әзірледі.

Жүздесуде ұзақ мерзімге бас бос­тандығынан айыруға әкеп соқтыратын іс-әрекеттерге ерекше назар аударылады. Оларға есірткі айналымы саласындағы қылмыстар жатады. Есірткіні сақтау, өткізу, өндіру немесе тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Есірткіні жасыратын адам немесе курьер 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын алады. Интернетте есірткіні жарнамалау, насихаттау, белгілі бір есірткі туралы форумдарда оң пікір үшін жаза 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

2023 жылдың басынан бері полицейлер есірткі қылмысына қатысқаны үшін 34 жасөспірімді ұстаған. Олардың әрқайсысының жауапкершілік дәрежесін тергеу органдары мен сот белгілейді. Құзырлы департамент қызметкерлері егер алдын алу іс-шаралары қабылданбаса, онда бұл көрсеткіш артып, есірткі сататын тізбекке жастар жиі тартылатынын айтады. Алайда тек жазалайтын іс-шараларымен ахуалды түзету мүмкін емес.

Жыл соңына дейін полицейлердің қатысуымен елорданың барлық колледжінің студенттерімен кездесу өтеді. Келесі жылы бұл жұмыс жоғары оқу орындары мен мектептерге кеңейтіледі. Қызметтік іссапарға шыққан кезде ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері өңірлерде осындай кездесулер өткізеді.


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button