Қоғам

Елімен бірге есейген

Қандай да бір белгілі тұлғаның болмысы, оның парасатты мінез-құлқынан, жақсыға жақын, үлкенге ізет, кішіге қызмет көрсетуінен танылады. Мұндай адамдарға қатысты халық арасында «Жаны жайсаң екен» деген пікір қалыптасқан. Сондай азаматтың бірі  Целиноград облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, одан кейін Целиноград облыстық атқару комитетінің төрағасы болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Зейнолла Шайдаров ағамыз еді. Адам болмысында кездесетін жақсы қасиеттерімен есімізде қалған Зейнолла аға, егер осы күндері арамыз­да болса 90 жасқа толғандығы кеңінен атап өтілер ме еді?!

Өз басым негізі сонау Қазан төңкерісінің от жалын жылдарында «Тіршілік» газетінен бастау алған облыстық газет редакциясының ұжымында ат ауыстырмай қырық жылдан астам еңбек еткен жылдарымда өңірдің барлық шаруашылықтарында болдым десем, асыра айтқандық емес. Жыл бойы бір-біріне жалғасып жататын науқандық жұмыстардың газет бетінде жария етілуі біздер, журналис­терге жүктелген жауапты міндеттер болатын. Аудан басшылары, шаруашылық жетекшілерімен, диқан, малшы, сауыншы, механизаторлармен жүздесіп, олардың ерен еңбектері жайлы мақалалар жазып, суреттерін жариялап жататынбыз. Міне, осындай жол сапар кезінде Зейнолла ағамызбен ол еңбек еткен Астрахан, Атбасар аудандарында бірнеше рет жүздескен едік.

1982 жылдың қазан айының 15 жұлдызында облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінде жүздесіп, өзіме, ұжымға айтқан жылы лебіздері әлі де жадымда. Бюро мәжілісін екінші хатшы З.Шайдаров ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып жатыр. Аудандардан келген біраз кадрлар бекітілді. Кезек маған да келіп жетті. Нұсқаушы менің өмірбаянымдағы мәліметтермен таныстырды. «Редакцияда он жылдан астам уақыттан бері қызмет етеді. Бұған дейін екі бөлімді басқарған. Кәсіби журналист…».

– Сұрақтарыңыз бар ма, жолдастар?! – деді Зекең мәліметтермен таныстырып болған соң. Ешкім үндемеді. Өзі сұрақ қойды. Бюро мүшелерінің, қатысып отырғандардың біразы орыс ағайын өкілдері болса да маған қазақша сауал тастады.

– Қай жоғары оқу орнын бітірдің? – деді.

– Алматыдағы КазГУ, журналистика бөлімі.

– Жақсы, газеттің беделін жоғары ұстаңдар. Ауыл шаруашылығы тақырыбын жан-жақты жазыңдар. Экономикалық мәселелерді назарда ұстаңдар. Проблемалар, оларды шешудің жолдары, соңғы жаңалықтар. Сын да болсын. Ұжымға осы сәлемімді жеткіз. Ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болуыңызбен құттықтаймын. Жолың болсын! – деген еді сонда Зейнолла аға.

Өнегелі өмір өрнектерінің иегері ардагер ағамыз­дың ел алдындағы атқарған еңбегі кезінде мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Зекең екі мәрте Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Орталық комитеттің мүшесі болды. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы, «Құрмет» белгісі ордендерімен, көптеген медальмен марапатталды

Қазақша сөйлеп «Жолың болсын!» дегені жүрегімді жылытты. Жігерімді тасытты. «Газеттің беделін көтеріңдер» деген ағаның сөзі мені тіпті жігерлендіріп жіберді… Ал соңғы рет асыл ағамызды елордамыз­дың Арқа төріне қоныс аударғанына 20 жыл толуы қарсаңында редакция тапсырмасымен сұхбатқа шақырып, әңгімелесудің сәті түскен еді. Осы жолы ардагер ағамыз күні кеше облыс орталығы, бүгінде Астана мәртебесіне ие болған Ақмоланың өз кезеңінің талап-талғамына сай жетістіктері, өсіп-өркендеуі, мәдени өмірі, оқу-білім, өнеркәсіп салалары бойынша бағамдай ой толғап, өз тұжырымдарын нақты деректермен әңгіме еткен болатын.

Облыс орталығындағы ірі өндіріс орындары – «Казахсельмаш», «Целиноградсельмаш», үй құрылысы комбинаты, насос, газ аппаратуралары, шойын құю, вагон жөндеу заводтары сияқты кәсіпорындардың, тоқыма-жіп иіру, тігін фабрикаларындағы еңбекшілердің ерен еңбектерін, мыңдаған гектарларға егін егіп, Отанымыздың берекесінің молшылығын тасытқан диқан-механизаторларымыздың күні-түні бел жазбай атқарған жұмыстарының қара­пайым көпшіліктің қаперіне алынуына ерекше назар аударып еді.

– Біз өз заманымыздың перзенті санатындамыз. Соған орай еңбек еттік. Менің саналы ғұмырым осы Ақмола өңірімен тікелей байланысты өтіп келеді. Осы өңірде өсіп-өндім. Халқыма хал-қадірімше еңбек еттім, оған өзім дән ризамын, – деген-ді.

Әңгіме барысында бізге мәлім болғанындай, Зейнолла ағамыз 1933 жылдың қараша айының 14 жұлдызында Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы «Атасу» кеңшарында дүниеге келген. Екі жасар сәби кезінде әкеден айырылған ол анасы Насиханың, әкесінің ағасы Шайдар ақсақалдың тәрбиесімен өсіп, жетілген. Елді жайлаған қиын кезең. Әйтсе де еті тірі жасөспірім жеткіншек 1940-1941 оқу жылында өз қатарластарымен орта мектеп табалдырығын аттады. Біздің осы күндері айтып, жазып жүргеніміздей, «балалық шақ – балдәурен» дейтін ұғымымыздың жасөспірім Зейнолла, оның құрдастары үшін әлдебір қызыққа толы болмағаны, соғыстан кейінгі тұрмыс тауқыметі, жұтаң тіршілік балалықты ұмыттырып жібергендігі де сұхбат барысында қылаң беріп өткендігін аңғарған едік. Бала кезінен зерек, өзіне талап қойғыш, оқуға ынталы болғандықтан, орта мектепті үздік бітіріп шығады. Ауылда қалып еңбекке араласуды ұйғарады. Алайда баланың жоғары білім алып, қатарынан қалмауы, білімге деген құштарлығын пайымдаған әкесі Шайдар оның Алматыдағы зооте­хникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсуіне мүмкіндік жасайды. Жолы болып, жоғары оқу орнының студенті атанады.

…Міне, өзіндік қолтаңбасын қалдырған студенттік өмірдің бес жылы да артта қалды. Сол кездегі қалыптасқан ережеге сәйкес, жас маман 1955 жылы Республика Ауыл шаруашылығы министрлігінің жолдамасымен Ақмоладағы зооте­хникалық-малдәрігерлік техникумның қарамағына оқытушылық қызметке жіберіледі.

Баршамызға мәлім, 1964 жылы Орталық партия құрылымында ауыс-түйіс болып, Бас хатшылыққа Л.И.Брежнев келді. Төменгі буындарда да өзгерістер болып жатты. Содан 1966 жылы Республика Орталық партия комитетінің шешімімен Қарағандыдағы мектеп жабылып, ондағы оқытушы кадрлар республикамыздың облыстарындағы партия құрылымдарына жұмысқа жіберілді.

Енді тек осы елімен бірге есейген ардагер ағамыздың есімін есте сақтау шараларының бір парасы ретінде оның кіндік қаны тамған ауылдағы мектепке есімі беріліп, ол тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылса, елорда көшелерінің біріне есімі берілсе деген тілегімізді де айта кетуді жөн санадық

Осы жылдың шілде айында Зейнолла Мұхаметжанұлы Ақмола облыстық партия комитетінің ауылшаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалады. Бұл бір жаңа экономикалық реформаның жүзеге асырылып жатқан жауапты кездері болатын. Облыс, негізінен, ауыл шаруашылығы бағытындағы өңір саналатын. Егін өсіру, мал шаруашылығы басты бағыт болып есептелетін. Қала іргесіндегі Шортанды кентіндегі Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен ынтымақтаса еңбек етіп, жаңа технологияларды салаға енгізу, қой шаруашылығында семейліктердің бастамасымен комсомол-жастар бригадасын құру сияқты бастамалар жүзеге асырылды. Зейнолла ағамыздың өз саласына жүктелген жұмыстары алға басып жатты. Жаңа ұсыныстар ұсынудағы табандылығы, жігерлілігі өз жемісін берді деуге болады. Осылардың барлығы басшылар тарапынан лайықты қолдау тауып, бағаланды да.

1969 жылы Зейнолла Шайдаров облыстық партия комитетінің ұйғарымымен Астрахан аудандық партия комитетіне екінші хатшы болып сайланды. Осы ауданда екі жылдан аса еңбек еткен Зейнолла Мұхаметжанұлы 1972 жылы Алматы жоғары партия мектебінің үздік дипломымен Атбасар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады.

1979 жыл – Зейнолла Мұхаметжанұлы үшін өміріндегі бір есте қаларлық белес болды деп айтуға болады. Облыстық партия комитетінің ұйғарымымен Қазақ КСР Орталық партия комитеті обкомының екінші хатшысы лауазымына ұсынылып, пленумда бір­ауыздан сайланды.

Ағамыз сол жолы 1979 жылғы облыс орталығында Неміс автономиясының ашылуына орай болып өткен орталық алаңдағы студент жастар шеруін өте бір толқу үстінде еске алған еді.

…«Неміс автономиясы ашылады. Орталығы Ерейментау болады, бірінші хатшылыққа А.Браун, атқару комитетінің төрағалығына Ә.Шабатов тағайындалмақшы» деген әңгіме халық арасына тарап кеткен. Жексенбі күні болатын. Орталық алаңда кәсіптік-техникалық училище түлектеріне еңбек орындарына жолдама тапсыру рәсімін өткізу шарасы жоспарланған болатын. Енді бір сәтте алаңға жастар жинала бастады. Байқасақ, Ауыл шаруашылығы мен медицина институтының студенттері. Қолдарында плакаттар. «Неміс автономиясының ашылуына жол бермейміз!», «Қазақстан – біртұтас!» деген жазулар. Облыс басшылары, бәріміз алаңға шықтық. Қоғамдық тәртіпті қадағалау – менің құзырымда. Жастардың арандап қалмауын ойладым. Басу айттық. Сабыр сақтаңдар. Бәрі байыппен шешіледі дедік. Обалы не керек, жастарымыз сабыр­лылық танытты, соған риза болдым. Шынымды айтсам, өзімнің де жүрегім қан жылап тұрғандай еді».

1983 жылы Зейнолла ағамыз облыстық партия комитетінің ұсынысымен, Орталық партия комитетінің ұйғарымымен облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Хатшылық міндетке қарағанда бұл қызмет халық шаруашылығының барлық саласын қамтитынын еске алсақ, ол міндетті де үлкен жауапкершілікпен атқарды.

Өнегелі өмір өрнектерінің иегері ардагер ағамыздың ел алдындағы атқарған еңбегі кезінде мемлекет тарапынан лайық­ты бағаланды. Зекең екі мәрте Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Орталық комитеттің мүшесі болды. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы, «Құрмет» белгісі ордендерімен, көптеген медальмен марапатталды.

Сөйткен ардагер ағамыз бүгінде арамызда жоқ. Өмір заңы осыны алға тартады. Мойындамасқа шараң бар ма?! Бірақ, артында жарты ғасырдан астам бірге ғұмыр кешкен зайыбы, ұлағатты ұстаз, абзал ана, ақылшы ене, немерелерінің әжесі, шөберелерінің ұлы әжесі Айман әпкеміз бар. Өмір жалғасуда. Зейнолла ағамыз бен Айман әпкеміз үш ер бала өсіріп, тәрбиеледі. Мейірімді әке, мейірбан ананың тәлім-тәрбиесі нәтижесінде олардың әрқайсысы өмірден өз орындарын тапты, отбасын құрып, егемен еліміздің өркен жаюына өз үлестерін қосып келеді.

Енді тек осы елімен бірге есейген ардагер ағамыздың есімін есте сақтау шараларының бір парасы ретінде оның кіндік қаны тамған ауылдағы мектепке есімі беріліп, ол тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылса, елорда көшелерінің біріне есімі берілсе деген тілегімізді де айта кетуді жөн санадық.

Бәдуән ИМАШҰЛЫ, Қазақстанның  құрметті журналисі 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button