Қоғам

Не жетпейді?!

Осыдан біраз бұрын теледидарда «Бай-бағлан да жылайды» деген мексикалық сериал өтті. Толық мағынасы есімде жоқ, бірақ басты кейіпкердің басынан аяғына дейін жылау­мен күні өтіп еді. Қазіргі қазақтың таяқтан көзін ашпаған қорғансыздарының жағдайы осы жайтты тағы еске салады.

Бұрын отбасындағы зорлық-зомбылық бір кем­дігі толмайтын дүние­нің ашуынан, тұрмысы тығырыққа тірелген жоқ-жітіктің басындағы бейнет деп түсінуші едім. Алайда күні кеше ғана дүниені жалпағынан басқан адамның байғұс әйелдің ажалына себепші болғаны жанымызды түршіктірді. Мұндайда не жетпейді дейсіз. Расында да, қатыгездік пен өзімшілдік, астамшылық, тумысынан «тәйт» деген сөзді естіп-білмегеннің қылмысын ақтауға болмас. Ауыр жағдай. Бұл, қай жағынан алып қарасаңыз да, заңның жұмыс істемей, бір қылмыс­тың екінші қылмысқа жол ашқан қоғамның азғындалуы көзге ұрып тұр. Қанішердің жазасын алатынына да күмәндіміз.

Қанды оқиға мейрамханада, Астананың төрінде орын алды. Бұл дегеніміз сорақылықтың отбасы – ошақ қасынан асып, еркек үшін қатын сабау қалыпты үрдістей, қылмысы үшін ешкімнен қымсынбауынан болып тұр. Жан-жағындағы жұрттан аяғын тартпаса, отағасы оңашада не істемейді? Бала-шағасының көрген күнін елестетудің өзі сұмдық.

Отбасы институтының құлдырауын осыдан көреміз. Қоғамның асқынып бара жатқан бітеу жарасы отбасындағы қатыгездік, зорлық-зомбылықты әркімнің жеке басындағы шаруасы деп қарауды тоқтату керек. Бұл отағасы еркектің әлсіздігінің, бейшаралығының, тығырыққа тірелгенінің көрінісі екенін мойындауымыз керек. Осы орайда күйеуі мен әйелінің қарым-қатынасы заң аясында қаралуы қажеттігі бар.

Өкінішке қарай, елімізде отбасы қарым-қатынасын реттейтін заң болса да, оның әрбір мүшесінің міндеті мен құқығын реттейтін нақты құжат немесе дәстүрлі құндылығымызға негізделген ереже жоқ. Ислам тұрғысынан алып қарасақ та, дәстүрлі ұстанымдар аяқ­асты болып, елдің санасын улаған түрлі ағымдар мен идеологиялар алдымен шаңырағымызды шайқауда.

Осы жағдайда құқық қорғау органдарының ішкі отбасы кикілжіңіне заң тұрғысында араласуының шегін анықтау керек. Бас жарылып, көз шығып, мүгедек болып жатса да, құзырлы құқық қорғау органдары үшін отбасындағы дау-дамай маңызды емес көрінетіні сондықтан. Сол себепті бұл іспен арнайы айналысатын арнайы құзырлы орган керек. Бұл орган әйеліне қол көтерген еркектің психикасының қаншалықты дұрыс екенін анықтайтын мамандардан тұруы тиіс. Керек болған жағдайда, психологтар әйел мен зәбір көрген балалардың денсаулығын қаншалықты қалыпты екенін бағалауы тиіс. Біздің елдегі үкіметтік емес ұйымдардың міндетіне салған бұл жұмыс толық атқарылып жатқан жоқ. Заңдық құзыреті болмаған соң, есі кеткен еркектерді сабасына түсіруге дәрменсіз.

Былтыр Zertteu Research Institute же­текшісі Шолпан Айтенова Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске жұмсалатын қаражатты бағалау және талдау үшін зерттеу жүргізіп, «тұрмыстық зорлық-зомбылық жасырын сипатқа ие, зорлық-зомбылық құрбандарының 70-90 пайызы құзырлы органдарға шағымданбайды» деген қорытындыға келген. Басынан тоқпақ кетпеген, отырса опақ, тұрса сопақ болған әйелдердің психикасында өзгеріс болатыны анық. Батылы жетіп жексұрын күйеуінің үстінен арызданбасы да бар.

Жасыратыны жоқ, көп әйелдің қатыгездік алдында қорқа соғатыны белгілі, бір жақсы болуы әлдеқалай, атап айтқанда, ізіне түсіп, күн көрсетпеуі де мүмкін. Осыдан қорқып та үйдегі кикілжіңді сыртқа шығармай, іштен тынады. Ақырында мүгедек болып, арты өлімге де апарып соғады.

Шынын айтқанда, адамдардың дені бір адамның екіншісіне жасаған зорлық-зомбылығын тек таяқ жеу деп түсінеді. Отбасы-тұрмыс қатынасы аясында бір адамның басқаға қатыс­ты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін қасақана әрекеті де осы әділетсіздік екенін білуіміз керек. Тек қана күш көрсету емес, психологиялық, сексуалдық және экономикалық зорлық-зомбылық та әйелді ойландыруы керек. Әсіресе психологиялық зорлық-зомбылық – адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту де ауыр қылмыс. Адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру да осы қорлықтың бірі.

Адам жүрегі мейірімге толып, жан-жағымен үйлесімді өмір сүре білсе, мұндай заңсыздық орын алмас еді. Мына заманда әйелдерді кінәлайтындар да жетіп артылады. Жаратылысынан еркектерге қарсы тұра алмайтындықтан, әйел барлық жағынан қорғалуы тиіс. Басты қорғанышы – ер-азаматынан жәбір көргенде, құқығы өз жағында екенін білгенде ғана екі жақтың да таразысы тең тартады деп ойлаймыз.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button