Елорда тынысы

Отбасы мәселесін шешуге септеседі



Кеше «Жанұя» отбасын қолдау орталығында Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демография­лық саясат жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өтті.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен төрағалық ететін комиссия құрамы 31 белсенді азаматтан тұрады. Олардың қатарында елордада түрлі салада еңбек етіп жүрген белсенді азаматтар, атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, басқарма басшылары, ҮЕҰ жетекшілері, журналистер және қалалық мәслихат депутаттары бар. Жалпы комиссия жұмысы үш топқа бөлініп жүргізіледі. Біріншісі – «Отбасылық құндылықтар», екінші – «Отбасындағы қиын жағдайларды талдау» және үшіншісі – «Әйелдер көшбасшылары» топтары.

Жиынға қатысқан комиссия төрағасының орынбасары, қоғам белсендісі Назгүл Мақжан аталған комиссия халықпен бетпе-бет кездесулерді көбейтіп, елдің мәселелеріне жиі құлақ түретінін жеткізді.

«Ұлттық комиссияның биыл 20-дан аса отырысы өтті. Оның сыртында қалада қырыққа жуық демографиялық саясатқа байланысты арнайы мекеме бар. Аналар үйі, дағдарыс орталықтары және басқа да ұйымдардың жұмысымен танысып, аталған мекемелердің жылдық қорытындысы бүгінгі жиында талқыланды. Биыл комиссия тарапынан Астана қаласында Отбасы басқармасын құру туралы ұсыныс Ұлттық агенттікке жолданды. Ендігі мақсат – осы мәселені соңына дейін жеткізу. Сондай-ақ биыл 30-дан астам қиын өмірлік жағдайына тап болған баланың жағдайын реттесуге көмектестік. Меніңше, бұл – комиссия жұмысының үлкен нәтижесі. Біздің жұмысымыз жас жеткіншектердің балалар үйіне өтіп кетпеуіне және қоғамда өз орнын табуға септесті деп білемін» деді Н.Мақжан.

Қабылдау кезінде жиі көтерілетін ең өзекті тақырыптар бойынша Назгүл Мақжан комиссия мүшесі, журналист Айгүл Мүкеймен бірге «Хабар» арнасында жұма сайын арнайы хабар ашылғанын да жетістікке балайды.

Комиссия мүшесі Ырза Тұрсынзада аталмыш комиссия әр отырысында қоғам мәселесін талқылап қана қоймай, міндетті түрде оның шешу жолын басшылық алатынын жеткізді.

«Жұмыссыздық, кәсіп бастау, отбасындағы күрделі ахуалдардың шешілуіне біздің комиссия негіз болады. Бірқатар жұмыстар атқарылып, жемісін беруде. Мәселен, «Бақытты отбасы» орталығының өзі қаншама қыз-келіншіктерді ақысыз оқытып, болашағына жол ашты. Ондай мысалдар өте көп. Сондықтан өзімнің әріптестеріме атқарған қызметі үшін алғысымды білдіргім келеді» деді ол.

Отырыс барысында жүйелі жұмыстар жолға қойылғалы бері басқа облыстардағы комиссиялар елордалық әріптестерінен тәжірибе жинақтауға ұсыныс бере бастағаны жайында сөз қозғалды. Келесі жылы мемлекеттік ұйымдармен бірлесе атқарылатын жұмыстың жоспары да айтылды. Жиынның соңында комиссия мүшелері белсенді қызметі үшін Алғыс хатпен марапатталды.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button