Руханият

Мәриям Жагорқызының өсиеті

Белгілі жазушы, сатирик, тарих зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Табыл Құлыяс газетіміздің тұрақты авторы еді. Өмірінің соңғы күндеріне дейін қаламын қолынан түсірмеген қаламгердің дүниеден озғанына бір жылға жуықтады. Жақында жазушының жары Күләш Маханова Табыл ағаның архивінен шыққан «Мәриям Жагорқызының өсиеті» атты мақаланы бізге жолдады. Рухы риза болсын деп соны жариялағанды жөн көрдік.

Мәриям қайта-қайта күрсініп, алыста қалған күндерді шарқ ұрып іздегендей болады. Уақыттың шапшаңдығы мен қадірін жұмырбасты пенде кеш ұғатындай. Адамға мүмкіндік өмірде бір-екі рет беріле ме, қайтеді? Бірақ одан да аңдаусызда айырылып қалып жатады, сосын өкінеді. Тағдыр бүкіл жақсылықты есепсіз қия берердей көреді. Қызыққа толы сезімнің әсте тойымсыз болатыны несі екен. Ақырында жан мен тән қартайған соң, бәрін де ұмытып, азап шеккен сәттер мен бақытты күндерді аңсаудың өзі тәтті арман екен.

«Шіркін, екі ғұмыр сүретіндей көрінген албырт шақ та өтті, түлкі бұлаң күндер де ұстатпай кетті» деп тірлігінің мазмұнды, мәнді тұстарына ой жүгіртті. Көңіліне медет етіп тоқтаған, кәрілікті әбден мойындаған жүрек қалай оңтайланса да, құпия күшпен шаңша шашылатын тәрізді. Жан тәннен адасардай қорқынышты сезім кейде көңіл құлазуын молайта түседі. Сөйтсе де, ұмытылмас тәтті оқиғаларға ойын дөптеп жанына медет тапқандай болады. Бірақ бәрі де аз, бәрі де жеткіліксіз сияқты.

«Ұлылардың кішіпейіл жүрегі кең болады екен-ау» деп сан мәрте қайталаудан танбады. Дерті сәл тынышталған сәтте өмірге құлшынысы артып, Жаратушыдан әлі де болса рахым күтті. Пенде өмірден өтерде ең жақсы көретінін қанағатпен еске алады деуші еді.

Мәриям дастарқан үстінде:

– Апыр-ай, қазақ қызы бұйырмады ма, жолдасың орыс қой, – деп Мұхаңа өзімсіне сауал тастаған. Ұлы Әуезовтің езуінде күлкі тұрып: «Әр ұлттың да адалы мен наданы бар. Сондықтан кім-кімде өзіне теңдес табуға талпынады» деген. Мәриямды құшақ жая құрметтеп: «Өзің орыстың қызы болсаң да, қазақтың қара шаңырағының отын түтетіп отырсың ғой. Орыс­та: «Тапқан анаң емес, баққан анаң» деген сөз бар. Ал қазақта: «Кімнің жерін жерлесең, соның суын сула» деседі. Демек, жүрек әмірі күшті, әркім бақытын әр жолдан табады. Қадірін білгенді құрмет тұтады» дегені Мәриямның түйсігіне түйіліп қалғандай еді. Біраздан соң Мұхаң:

– Әр ойдың да асыл орны, өзіндік өлшемі бар. Шындық бүркемеленбесе, ой ажары ашыла түседі. Оңдайда қара сөзден гөрі өлең, әннің орны бөлек. Оны өзің де білесің, Ақмолада өнерпаз шаңырағын көтеріп, өндіріп өлең жазып, ән шырқап, қазақ мәдениетін менше сүй деген бейнетің елеулі ғой. Бірақ сол шығармашылықтың бақыты да, соры да бар, ол әркімнің пешенесіне қалай жазылады, көреалмаушың қай тұстан мін табады, бәрі тағдырдың ісі, – деп оған өзінің аса құрметпен қарайтынын шынайы тілекпен жеткізген. Мұхтар Әуезов өз дастарқаны басында осылайша Мәриям Жагорқызына әр сөзін қорғасындай салмақтап, бүкпесіз оң тарқатқан. Кішінің де, үлкеннің де жүрегі жақсы сөз аңсайтынын Мәриям сонда шындап ұққан.

Әлгінде «қазақ қызына үйленбедің бе?» дегеніне Мәриям аздап өкінді. Өйткені Валентина Николаевна Мұхаңның қас-қабағына қарап, ыммен ұғатын тәрізді. «Ерін сүйген жүрек елін де, халқын да сүйері анық» деп Мәриям іштей толқыды да, ойын жалғады: «Мұха, ел ішінде өнер де, небір ғаламат, қаймағы бұзылмаған асыл да жетерлік. Иманжүсіп, Қажымұқанның әр минөті жырға бергісіз өшпес тірлігі, мәңгілік өнегесі бар ғой. Соны халыққа насихаттасақ арман бар ма?».

– Е, оның дұрыс, елге барып, халықтың әңгімесін бір естігенде ойың кемелдене түседі. Анау Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындық сара жолы орыстың Александр Блогымен тең емес деп ешкім айта алмас…

Мұхаңмен әңгіме-дүкен құрған сол сәтін Мәриям тағдырдың дүниеде ештеңемен теңдесі жоқ тартқан сыйына балап еді. Сәулелі сәттер мен ұмытылмас кезеңдердің несін айтасың. Оны ойлағанның өзі бақыт екен-ау. Мәриям әлгінде ғана дүниеден озамын-ау деген құлазыған қайғыдан бір уақ арылғандай серпіліп, төсектен басын көтерді. Балаларын қасына шақырды, жегідей жеген дертті жеңгендей қайраттанып:

– Сол сапарда Мұхаң иығыма шапан жауып еді. Киелі, ұлы адамның ықыласы үрім-бұтағыңды көркейтер деген-ді. Сендердің жапырақтарың жайылып, көсегелерің көгерсің, – деп жанындағы шапанды иығына желбегей жамылып отырып ол: – Қырғыз достарымның сыйлаған шапаны, сыйды сыйлы адамға арнаса жарасады. Мәриям, қара шаңырағыңа құт дарысын» деген Мұхтардың сондағы үні құлағымда қоңыраулап тұр, – деді. Сосын қызы Мүслимаға аманат етіп тапсырып:

– Осы шапанды шаң жуытпай сақта, – деп көмейі құрғақсып, үні үздіге берген.

Ұлы жазушының шын ықылас-ниетпен ескерткіш ретінде ұсынған шапаны бүгінде Мүслима төрінде ең құнды мүлік боп сақтаулы.

Арманға ешкім жеткен жоқ, армансыз пенде өткен жоқ. Бірақ мақсатыңды орындауға талпыну шарт. Ол үшін үлкен жүрек, болаттай берік төзім керек. Оны Дүйсен екеуінің ғашықтық кезеңі айқын танытқан шығар. «Сорлы Дүйсен (Дудар) ғашықтық зарын аз шекті ме? Енді жалғызсырап жүрмін, жаныма кел» деп шақырар ма? Көп ұзамай оған да барамын». Сыбырлай сөйлеп, бозала таңға сүйсіне қарап, кеудесін көтерген Мәриям жан-жағына тіктеп ­сүйенішке қойған жастыққа қайта құлады. Бұл 1953 жыл еді.

– Өтініш, тілегім көп емес. Бірақ орындауға қиналарсың. Үкімет тәртібі сенімімді шытынатты. Қайтеміз, заман-зауал, ел қатарлы түтін түтетіп отырғанға шүкіршілік, – деді де, Мәриям күрсініп, ауыр дем алды. Ойлана отырып өлең жолдарын ағытты:

Білемін, бұл дүниеде

көп жүрмеспін,

Құрыштай алтын

кеудем тек жүрмесін.

Балалар, сендерге

айтар өсиетім,

Мариядан бала жоқ

қой деп жүрмесін.

Елудің келді жасым сегізіне.

Жоқ еді еш жамандық негізімде.

Сертіме қадір Алла жеткізбей-ақ

Тәубасыз, таупиықсыз дегіздің бе? – деді де, Мәриям жүзіндегі екі-ойлылықты, сенімсіздікті байқатты. Онысы да заңды еді. Орыстың отбасында дүниеге келіп, қазақтың діні мен діліне ештеңе теңгермей, орыс тілін «ұмытып», қазақ тіліне жетіктігін әркім әртүрлі түсінетін-ді. Онысы мұсылмандыққа, имандылыққа шын ғашықтығынан екенін ойсыздардың кейбірі шала ұғынатын-ды. Орамалын түзеп тартты да, Мүслимаға қимай қарап отырып:

Тоқташы, шіркін,

кеудем мені қыспа!

Жүректен әлсіз кесел

шыққан нұсқа.

Мүскенжан, саған айтар

өсиетім,

Сайраш пен Сапарыңды қолыңа ұста! – деп күрсіне дем алды.

Албырт жас кезіндегі жігер мен елгезектік қайда, өне бойын әлсіздік жайлап алғандай еді. Жанына батқан дертін де сездірмеуге тырысып, Мүслимаға қарады да: «Мүскен, жаныма жақынырақ отыршы. Айтайын дегенім, мойнымда парыз бар. Өтінемін, соны жеңілдет» деді.

– Айтыңыз, апа…

Сөзін ықыластана тыңдап, іліп әкеткен қызына ақырындап қарады да, ақырғы тілегін сыртқа шығарғандай болып:

– Қызым, маңдайыңды сәждеге тигіз. Намаз сабағын жазып берем, тездетіп үйрен. Өзіңе жеңілдік аласың, оның үстіне аруақтар қолдап, қорғайды. Мен не істесем, соны қайталап, аят сабағын жазған қағазды оң жағыңа қойып, намаз оқы. Дін – тірлігіңнің ажары, оны орындағанның назары сынық болмайды.

– Қалай орындаймын? Жүрек­сінемін!

– Мойындасаң, бәрін де жеңесің. Алдымен таң намазы неше рәкат екенін жазып ал. Сосын намаздыгер, намазшам, құптан сабағын жаттайсың. И-и, қызым-ай, орыс оқуынан қиын болып па? Мен коммунистердің қатал тегеурініне, елдің бейпіл ауыздыларының қаңқуына қарамай, мұсылман дінін қалай мойындап шыққан бейнетімді сендер білмейсіңдер. Алғашқы күйеуі – алтын елі; екінші күйеуі – ар-намысы, соңғы күйеуі – алған жары. Алтын еліне болаттай берілсе, адамдығымен аты шығады. Адал атын сақтаса, алған жары қайда бармақ? – деді тағы да.

Мәриям Жагорқызы «үш күйеуі» алдында да кіршіксіз тазалығымен дүниеден өтіп, Жантай қажының қорымына – Дүйсен Үкенұлының ата-бабаларының зиратына жерленді.

Табыл ҚҰЛЫЯС

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button