Руханият

Тұлғатану тарланы

Ғылым-білімнің қай саласында болмасын, қазақ рухани әлемінің кейінгі буынға бағдар боларлық бір топ шоқжұлдызы бар еді. Шоқ болатыны – олар бірнешеу, жұлдыз болатыны – қараңғыда жол көрсетердей жарық, жарық болатыны – жазғаны мен жасағаны ел-халқының игілігіне айналған.

Тіл ғылымындағы феномендік дәрежедегі А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Х.Досмұхамедұлы, Т.Шонанұлы бастаған жұлдыздар шеруін өткен ғасырдың екінші ширегінен Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев жалғаса, осы сара жолды ХХ ғасырдың соңғы ширегінен бүгінгі ұрпаққа сабақтастырған кешегі ардақты академиктеріміз Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Ө.Айтбаев еді, бүгінде осы мәртебелі сүрлеуді жаңарған Қазақстан жағдайында жалғап келе жатқан академиктеріміз саусақпен санарлық. Соның бірі де бірегейі – бүгінгі ке­йіпкеріміз академик Кәрімбек Арыстанбекұлы Құрманәлиев.

Бұл еңбекте ғалым өзіне де­йінгі тіл тарландарының қазақ тілтанымына қосқан үлесін әрі ғылыми тұрғыда зерделейді, оны адами қасиеттерімен зерлейді, жиынтығында тілші ғалымдар портреттерінен тұратын бір дәуірдің тұтас ­галереясын ұсынады

Студент қатарынан академик дәрежесіне жетуге дейінгі жол оңай ма? Меніңше, оңай емес. Ол ғылым кеңістігінде көзқарасыңды, тұжырымыңды, жаңалығыңды өзіңнен зорларға дәлелдеу, өмір ағынында түрлі кедергілерді жеңу арқылы белсенді өмірлік позицияңды қоғамға мойындату, сол арқылы өзін-өзі және өзгелерді жетілдіру үшін қажетті тұлғаға айналу.

Ал қазіргі ғылым осындай тұлғаның қалыптасуына әсер ететін бірнеше теорияны түзіп көрсеткен. Соның бірқатарын бүгінгі кейіпкеріміз тұрғысынан талдап көрейік. Генетиктердің түсіндіруі бойынша, тұлға 50 пайызын өз тегінен алса, 50 пайызын тәрбиеден алады. Биологиялық тегінің түп тамырын білмесек те, қазақ руханиятының әр саласына қосқан үзіліссіз, бірін-бірі толықтыратын бір академик, екі ғылым докторы, бір полковник және танымал композитор қосқан Құрманәлиевтер әулетінде тек арқылы жалғасқан континуумның, қазақша айтсақ, текті қуат көзінің бар екендігі айқын.

Психоаналитикадағы қырлар теориясы (теория черт личности) бойынша тұлғаның барлық қыры өмір сүру барысында қалыптасады, олардың пайда болуы, өңделуі мен тұрақтану үдерістері биологиялық емес заңдылықтарға бағынады. Біздің кейіпкеріміздің Алматы шетел тілдері институтын (қазіргі Абылайхан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университеті) бітіріп, бірқатар шетелдерде тәжірибе алмасуы оның мінезіндегі жаңалыққа ұмтылу, ашықтық, сындарлы ойлау сияқты қасиеттердің ұштала түсуіне жол ашты деп пайымдаймыз.

Ғалымның ғылымдағы сүбелі үлесі – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы Диссертациялық кеңесте профессор Н.Оралбаеваның ғылыми жетекшілігімен қорғаған «Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя мәселесінің теориялық негіздері» атты докторлық диссертациясы. Қазақ тілінің сөзжасам саласының лексикология мен морфологиядан енді ғана ірге ажыратып, категориялары енді сұрыпталып жатқан кезде қолға алынған бұл жұмыстың қазақ тілтану ғылымы үшін орны ерекше еді. Оның үстіне зерттеу нысаны ретінде алынған сөзжасамдық ұя проблемасы қазақ тіл ғылымы үшін ғана емес, түркітану ғылымы үшін де күрмеуі шешілмеген, пікір алуандығы көп тақырып еді. Бір жағы тіл тарихымен, екінші жағынан тілдің даму үдерісімен тығыз байланысты нысан болғандықтан, зерттеушісінің зеректігін, тілдің диахронды және синхронды аспектілерін жетік білуін талап ететін.

Академик Кәрімбек Құрманәлиевтің ерекшелігінің бірі де сонда: ол – ғылыми жұмыстармен бірге басшылық қызметтерді де үйлестіре білген ғалым. Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетіндегі алғашқы тәжірибесін қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде аға оқытушы, доцент, ка­федра меңгерушісі қызметін, кейін «Қайнар» университетінің вице-президенті – ректоры, Білім және ғылым министрлігі, Жоғары білім беру департаменті директорының орынбасары, директоры, Еуразия ұлттық университетінің инновация жөніндегі проректоры, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылым академиясының вице-президенті сияқты қызметтерді жауапкершілікпен атқарып қана қоймай, қоғамдағы өткір мәселелерге, әсіресе білім беру саласына қатысты үнемі ойын айтып, пікір білдіретін сарабдал сарапшы, белсенді тұлғаға айналды.

Қазір БАҚ-тарда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, туған тілдің мәртебесін арттыру, әсіресе елімізде жоғары білікті кадрлар даярлауда сапаны қамтамасыз ету, реформалардың жүзеге асырылуы бойынша берілетін мақалалардың негізгі авторының һәм сансыз сұхбаттардың басты спикерінің бірі.

Тұлғатанудағы бихевиоризм және әлеуметтік даму теориясының қолтаңбасы да болашақ академиктің қалыптасуына айрықша із қалдырғанын аңғаруға болады. Адамдардың тұлғааралық өзара әрекеттерінің нәтижесін дәйектейтін бұл теорияның жарқын көрінісі академик Кәрімбек Арыстанбекұлын өзге әріптестерінен даралап көрсетеді. Оның айқын дәлелі – ғалым қаламынан туған «Тіл және тұлға» топтамасы. Кітаптың мәні мен маңызы туралы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик М.Жұрынов былай дейді: «Жалпы академик К.Құрманәлиевтің бұл кітабын қазақ ғылымының дамуына зор үлес қосқан, елі үшін аянбай қызмет атқарған ғалымдардың ғибратты ғұмырнамасын насихаттап, жас ұрпақ санасын рухани тұрғыдан байытып, тәрбиелік мәні терең ұлттық құндылықтарды санаға сіңіруді көздейтін қастерлі дүние деп бағалаймыз» дей келіп, еңбектің тек ғалымдар үшін ғана емес, жалпы жұртшылықтың санасын сілкінтетін тұстарының мол екендігіне мән береді. Кітапта автордың оқырманды өзіне тарту «сиқыры» өзінше бір әлем. Ғибратты ғалымдар өміріндегі жеңіл әзіл, қызықты оқиғамен бастау арқылы академиктердің қазақ ғылымын дамытуға қосқан үлесіне байыпты талдау жасалады.

Бұл еңбекте ғалым өзіне дейінгі тіл тарландарының қазақ тілтанымына қосқан үлесін әрі ғылыми тұрғыда зерделейді, оны адами қасиеттерімен зерлейді, жиынтығында тілші ғалымдар портреттерінен тұратын бір дәуірдің тұтас галереясын ұсынады. Кәрімбек Арыстанбекұлы осы кітаптағы біраз кейіпкелерімен замандас болғанымен, бірқатарын көрмеген, біразымен қызметтес болмаған, 99 пайызының жас шамасы өзінен кем дегенде 10 жас айырмашылығы бар ғалымдар. Бұл жоғарыда айтылған тұлғатанудағы бихевиоризм және әлеуметтік даму теориясының уақыт факторына соншалықты тәуелді болмай, адамның тума қасиетінің өмірлік тәжірибе ортасында ашыла түсетінін не өзгеретінін көрсетеді. Дәлірек айтсақ, Кәрімбек Арыстанбекұлының тұлға ретінде қалыптасуына осындай жақсылардың ізгі әрекеттеріне құлшынысы мен құрметі, Абай айтқандай:

Ондай болмақ қайда деп

Айтпа ғылым сүйсеңіз…

Өзің үшін үйренсең,

Жамандықтан жиренсең,

Ашыларсың жылма-жыл» қағидасын көкірегіне түйіп өскен кешегі ойлы, зерек студенттің жеткен жетістігі екенін қазіргі жастардың біле жүргені жөн. Сондықтан осындай озық ойлы жандардай болу үшін, олар жеткен жетістікке жету үшін әрекет дағдысын жақсарту әрі күшейту керек, қазақ айтқандай, «жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену » адам өмірінде өзгеріс әкелетініне сену қажет болар.

Қысқасы, Кәрімбек Арыстанбекұлының кісілік келбеті Қыздар университетінің даңқты түлектерінің бірі, қазақтың ақ шағаласы атанған айтулы ақын Ақұштап Бақтыгереева айтқандай, «Ақ сөйлеп, адал күлетін, шындықты жақтап жүретін, сыйластық сырын білетін, мұң-қайғы жеңбейтін, өсекке сенбейтін, наданға ермейтіндердің» қатарынан. Тұлғатану іліміндегі әлем ғалымдары топшылаған теориялар қағидаттарын бүкіл болмысымен дәлелдеп тұрған академик ағамыздың шыққан шыңы, алған асуы мен кісілік келбеті қазақ жастарына жұғысты болғай!

Тыныштық ЕРМЕКОВА, филология

ғылымдарының докторы, профессор

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button