Қала мен Сала

Саланың жұмысын саралады

Астана қаласының тексеру комиссиясының кезекті отырысында сумен жабдықтау, су құбыры және суағар, газдандыру жүйесін дамытуға бағытталған бюджет қаржысын тиімді пайдалану барысы сараланды.

Жиында Астана қаласы мәслихатының депутаттары офлайн және онлайн қатыс­ты. Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен экологияға қатысты қоғамдық ұйым басшылары арнайы келді.

Тексеру комиссиясының мүшесі Егор Лебо мемлекеттік аудит және қаржылық тексеруде бірқатар кемшілік анықталғанын атады.

– Басқарма және оған ведомстволық бағыныстағы «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК-нің құжаттары айқындалған міндетке сай болғанымен, сумен жабдықтау, су құбыры, нөсер канализация және газдандыру жүйесін дамыту қызметтін жоспарлау мен іске асыруда кемшіліктер орын алды. Мәселен, бюджет бағдарламасын әзірлеу барысында тиісті жоспарлаудың жоқтығы анықталды. Яғни бағдарламаның түпкілікті көрсеткіші болмауы себебінен бюджет қаражатын жұмсау­дағы тиімділігін бағалау мүмкіндік бермеді. Соның салдарынан 60 687 187,3 мың теңгеге қаражат тиімсіз жоспарланды.

Сондай-ақ газ тасымалдау жүйесін дамытуға бағытталған бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактісі тіркелді. Мәселен, қарды қайта өңдеу үшін қажетті сұйытылған газды сатып алуға жұмсалатын шығыс қар полигонындағы қардың ұқсас мөлшерін кәдеге жарату шығысынан 3,2 есе көп. Оның үстіне, қарды еріту үшін сұйытылған газ сияқты қалпына келмейтін табиғи ресурсты пайдалану «Жасыл экономика» қағидасына сәйкес келмейді, – деді баяндамашы.

«Elorda Eco System» ШЖҚ МКК нөсерлі канализация­сының жүйесіне қызмет көрсетуді, күтіп ұстауды және пайдалануды жүзеге асырады. Астана қаласында нөсерлі канализациясы жұмыс істеуінің негізгі мәселесін атайтын болсақ, жекелеген сорғы станциясы мен тазарту құрылысының жобалық қуаты жеткіліксіз деңгейде, тазарту құрылысына қосылмаған коллектордың болуы және қаланың жекелеген учаскесінде нөсерлі канализациясы жоқ.

– «Elorda Eco System» компаниясы мемлекет активінің 1 175 563,1 мың теңгені тиімсіз пайдаланғаны анықталды. Атап айтсақ, компанияның жарғысында көзделмеген қызметті жасау, бухгалтерлік есептің бұзылуы, іссапар шығысына нормативтен тыс қаржы жұмсау, еңбекақы төлеу және кадрды іріктеу бойынша кемшіліктер бар, – деді Егор Лебо.

Басқарма басшысының орынбасары Ерлан Сыздықов аудит қорытындысы бойынша белгіленген тапсырма мен ұсынымдар уақытылы орындалатынын айтты.

Ал комиссия төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев бюджеттің әрбір тиынын тиімді жұмсап, халықтың өмір сүру сапасын арттыратын бастамаларды сапалы атқаруды тапсырды.

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button