Мәслихат

Депутаттар теміржол вокзалын аралады

Қалалық мәслихат депутаттары Астана станциясының ескі вокзалына барып, ғимараттың қазіргі жағдайымен танысты. Соның барысында жолаушыларға қолайлы жағдай жасауда кедергі келтіретін мәселелер анықталып, қорытынды жиында соларды шешуге қатысты ұсыныстар айтылды.

Астана қаласы мәслихатының депутаты, әрі «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Батыр Котырев бастаған 4 халық қалаулысы вокзалдың күту залынан бастап, екінші жолға өту аралықтарын, перронды қарап, пойыз күткен жолаушылар шағымына да құлақ түрді.

– Бұл – елордадағы ең ескі тарихи ғимарат. Ескі жағы 1961 жылы, ал қасындағы қазір жолау­шылар қабылдайтын жаңа бөлігі 1990 жылы салынған. Аумағы – 11 174 шаршы метр. Орташа жолаушылар ағымы тәулігіне – 10 670 адам. Екі жолаушылар платформасы және жолаушылар пойыздарын жөнелтетін 3 жолы бар. Соңғы рет мұнда күрделі жөндеу 2004 жылы жасалған. Сондықтан өздеріңіз жаңа көргендей, жөндеуге қажеттілік жоғары. Мердігер мекеме бар, олар 2023 жылы шілдеде вокзалды жөндеу бойынша жобалық сметалық құжатты дайындауы керек. Содан соң жөндеу жұмыс­тары 2024 жылы жүргізіледі, – деді ­Б.Котырев.

Депутаттар вокзал мен ҚТЖ компаниясының вокзал шаруашылығы бойынша департаменті басшылығына көзбен көрген кемшіліктер бойынша ескертулерін айтты.

– Вокзалдың ішкі, күту залындағы жарығы әлсіз, тіпті көзіміз ауырып кетті. Соның жарығын реттеу керек. Сонымен қатар қоғамдық орын болса да, мынадай халық көп шоғыр­ланатын үлкен ғимаратта үш қана әжетхана бар екен, соның екеуі ақылы. Біз соларды тегін етуді айттық. Кей жерлерде су ағып жатыр. Жер астымен өтетін жолдарында плиткалары сынып кеткен. Сондай шаруаларды екі жылдан кейінгі күрделі жөндеуді күтпей-ақ қазір істеуге болады ғой, – дейді мәслихат депутаты Гүлжамал Жапарова.

Тексеру кезінде күту залында отырған жолаушылар өздері келіп, пойыздардың жарты сағаттап кешігетініне шағымданды. Теміржолшылар мұны нақты бір теміржол телімдерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, соған орай белгілі бір уақыт аралығында қозғалыстың тоқтатылатындығымен байланыстырды.

Қорытынды жиында желілік тәртіп сақшылары вокзал ғимаратындағы дүкендерде ішімдік өнімдерін кешкі уақытта сатқандықтан, бұзақылық фактілеріне жол берілгенін айтты. Сонымен қатар вокзал аумағындағы шлагбаумның жұмысына қатысты жекеменшік иелеріне ескертулер айтылды. Барлық мәселелер мәслихаттың алдағы отырыстарында қаралып, шешімін табады.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button