Мәдениет

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Елордадағы «Жастар» театрында Қазақстан халқы тілдерінің ХІХ фестивалі аясында қа­лалық Тілдерді дамыту басқармасының ұйым­дастыруымен «Рухани жаңғыру отбасынан басталады» деген әдеби-сазды кеш өтті.

Отбасы – кез келген адам үшін қастерлі ұғымдардың бірі. Оны шағын мемлекетке теңесек, сол мемлекеттің мүшесі саналатын ұрпақтың саналы азамат болып өсуіне ата-ананың қосар үлесі зор. Айтулы кеште отбасы құндылығы ұлықталды.
Шара шымылдығын Тілдерді дамыту басқармасының басшы­сы Тілеуғали Қышқышбаев ашты.
– Бүгінгі кештің мақсаты ата-бабамыздан мирас болған отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жастарды отбасылық тәрбиеге баулуды көздейді. Халқымыздың сан ғасырлық отбасылық дәстүрі қалыптасқан. Жастар сол жолды мұрат тұтса, еліміздің келешегі жарқын болады, – деп ол жиналған қауымға ізгі тілегін жеткізді.
Әдеби кешке әр салада табыс­қа жетіп, көпке үлгі болған от­ба­сы­лар шақырылған. Шара­ға білікті дәрігер Қайрат Айдар­ханұлы, әлемнің бірнеше тілін­де ән айтып, елді тамсандырып жүрген Нұрболат пен Анар Арзамас, қазақ өнерінің мақтаныштары Медет Салықов пен Клара Төленбаева, балаларын спортқа баулып, жетістік­терге жеткен Әлкей Қуаныш, өрт сөндіруші Жомарт Құдабаев қатысты. Одан бөлек, ағайынды Жүгінісовтер, талантты әнші Құрмаш Маханов, жас әнші Жандос Айдынұлы өнер көр­сетті. Тағылымды әңгіме өрбіді. Ұлттық тәрбие мен қазақ­тың өнегесін дәріптейтін қойы­лымдар ұсынылды. Отбасы тұ­тас­тығы туралы бейнероликтер көрсетілді.
Шара соңында «Бақытты отбасы» атты үздік фотосурет байқауының үздіктері анық­талып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button