Басты ақпарат

Медицина саласын талқылады

   Кеше Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көл­гінов елорданың меди­цина мекемелері жетекшілерімен кездесу өткізіп, саланың проблемаларын талқылады. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы 250 денсаулық сақтау саласына қарайтын мекемеде 20 мыңнан аса медициналық қызметкерлер жұмыс істейді. Оның ішінде 8 мың дәрігер халықты емдеумен айналысады.

– Денсаулық сақтау саласына мемлекет үлкен қолдау көрсетіп келеді. Осы ретте Елбасының бастамасымен бірқатар салалық бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын білесіздер. Оның бәрінде отандық медицина қызметінің сапасын көтеру, адамның өмір жасын ұзарту көзделгені белгілі. Бүгінгі кездесуде сіздердің жұмыспен танысуды, өзекті деген мәселелерді талқылау­ды мақсат етіп отырмын. Өйткені елордамыздағы барлық медицина мекемелерінің жұмысын сіздер жүргізіп, үйлестіріп келесіздер, – деп бастады қала әкімі Нұр-Сұлтан қаласының медицина мекемелері басшыларымен өткен кездесуді.
Қаладағы ауруханаларда жұмыс тәулік бойы тоқтамай атқарыла беретіні белгілі. Бүгінде тұрғындар тарапынан медициналық қызмет көрсетудің сапасына талап жиі қойылады. Сондықтан денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын жақсарту елорда әкімдігінің негізгі міндеттерінің біріне айналып отыр.

– Қазір қала бойынша 3 жылдық бюджетті қарап, қажетінше нақтылап жатырмыз. Оның ішінде медицина саласына ерекше маңыз беріледі. Сондықтан денсаулық сақтау мекемелерінің қызмет көрсету сапасын көтеру, материалдық-техникалық жағдайын жақсарту жұмысы бәріміз үшін ортақ міндет болып табылады, – деп сөзін жалғастырған Алтай Сейдірұлы жиналысқа қатысушыларды ашық әңгімеге тартып, дәрігерлер тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді тыңдады. Зайтуна Хамитуллина, Мұхтар Төлеутаев, Айгүл Қасымова және басқа да медициналық мекемелер басшылары өтініш-ұсыныстарын жеткізді.
Бүгінде қалада үш перзентхана жұмыс істейді. Мәселен, 1974 жылы пайдалануға берілген Теміржол ауруханасымен қатарлас тұрған перзентхананың стационары ескірген, акушерлік орын да жеткіліксіз екен. Тәуелсіздік даңғылындағы Перинаталдық орталықта да осындай жағдай орын алып отыр. Кездесу барысында №2 балалар ауруханасы мен қатар тұрған перинаталдық орталыққа ортақ қабылдау бөлмесін жасаудың тиімділігі, Онкологиялық диспансерге бұрынғы тубдиспансер ғимаратының қосылып берілуіне байланысты күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты №7 емханаға қарасты Интернацио­нальный тұрғын алабындағы отбасылық амбулаторияны кеңейту жөнінде, сонымен қатар дәрігерлердің әлеуметтік жағдайының, оның ішінде ең бастысы баспана алуға қатысты ұсыныс-тілектер айтылды.
Әкім өз тарапынан медициналық мекемелер басшылары тарапынан айтылған өтініштер мен ұсыныстарға жан-жақты жауап берді.
– Өмірдің өзі бәріміздің алдымызға жаңа міндеттер қо­йып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөліп отыр. Елордамыз­дағы денсаулық сақтау саласын Үкімет те назарда ұстап отыр. Сондықтан әрбір мәселе бойынша нақтылы шешімдер қабылданатын болады. Біз үшін негізгі мәселенің тағы бірі – кадр мәселесі. Жоғары білікті мамандар даярлау үшін қаражат қажетінше бөлінетін болады. Өйткені медициналық қызметтің сапасын көтеру ең алдымен білікті маманға байланысты болады, – деп түйіндеді Алтай Көлгінов медицина қызметкерлерімен өткен кездесуді.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button