#Жаңа Қазақстан

Партиялық тізімдерін тіркеді



Жуырда Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ағымдағы сайлау науқаны шеңберінде екі отырыс өткізді. Басқосуда 2023 жылғы 19 наурызға белгіленген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы және «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы», «Respublica» және «Аманат» партиясы қоғамдық бірлестіктерінің партиялық тізімдерін тіркеу мәселелері қаралды.

Отырыстарға бұқаралық ақпарат құралдары және ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау Миссиясының өкілдері шақырылды. Отырыстардың трансляциялары сурдоаударманы қамтамасыз ете отырып, интернет-ресурс және Youtube арқылы өтті. Жиынды ашып, сөз сөйлеген Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясы үміткерлердің Конституциямен және «Сайлау туралы» конституциялық заңмен қойылатын талаптарға сәйкестігін айқындау бойынша тиісті рәсімдер жүргізгенін хабарлады. Ортсайлауком өз құзыреті шеңберінде Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында саяси партиялар ұсынған партиялық тізімді тіркеуді жүзеге асырады.

Бірінші отырыстың күн тәртібі бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов баяндама жасады. Оның айтуынша, «Ауыл» партиясының партиялық тізімінде 25 адам бар. Тізімдегі 10 адам әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар, бұл жалпы енгізілгендердің 40 процентін құрайды. Партиялық тізімге енгізілген барлық адамдар Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді. Партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясының шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді. 2021 жылғы қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында «Ауыл» партиясы сайлаушылардың 5,29 процентін жинаған болатын, осыған байланысты ол сайлау жарнасын төлеуден босатылады.

Екінші отырыстың күн тәртібі бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина сөз сөйледі. Ол «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының» партиялық тізіміне 18 адам енгізілгенін хабарлады. 7 адам үш санаттың өкілдері: әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар, бұл жиынтығында 38,9 процентті құрайды. «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» партиялық тізімдегі 18 адам үшін 18900000 теңге сомасында сайлау жарнасын енгізді. Үміткерлердің сәйкестігін белгілеу және партиялық тізімді тіркеу туралы тиісті хаттамаларға қол қойылғаннан кейін ОСК мүшелері партиялық тізімдерді тіркеу туралы қаулы қабылдады.

Енді екі партия да сайлау қорын қалыптастыру үшін арнайы уақытша шот ашуға құқылы. Барлық тіркелген кандидаттар тиісті куәліктерді алды. Отырыс қорытындылары бойынша саяси партиялардың өкілдері дәстүрлі брифингтер барысында бұқаралық ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берді.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button