Қала тіршілігіСұхбат

ПОЛИЦИЯ ҮШІН ЕҢ МАҢЫЗДЫ – ЕЛ СЕНІМІ



Қалада қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуы, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы – ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдында тұрған ең басты міндет. Біз бүгін осы мәселелер төңірегінде Астана қаласы Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Амантай ӘУБӘКІРОВТІ әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Амантай Акрамұлы, елорданың криминалдық жағдайы қалай? Жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды айта отырсаңыз..
– Жалпы, елордадағы қылмыстық жағдай тұрақты деуге болады. Күн сайын қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге мың жарым полицей мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан сарбаздары шығады.

Расы керек, еліміздің жүрегінде орналасқан бас шаһардың халық саны тез өсіп келеді. Міне, осындай ортада қылмыстық жағдайды тұрақтандырып, көшелер мен көпшілік жиі шоғырланатын қоғамдық орындарда жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері қырықтан аса жедел алдын алу іс-шарасы, жүзден аса жергілікті рейд жүргізілді.

Нәтиже айтарлықтай, көшелер мен қоғамдық жерлерде жасалатын құқықбұзушылық саны 20%-ға жуық азайды. Бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы, оның ішінде пәтер ұрлығы 11%-ға дейін кеміп отыр. Жасыратыны жоқ, бізде ең көп тіркелетіні – пәтер ұрлығы. Осының барлығы кейде адамдардың салғырттығынан болып жатады. Жыл басынан бері пәтер ұрлығымен айналысқан мыңнан аса адам қылмыстық жазаға тартылды. Қазір бұл қылмысқа арнайы дайындалған, әккі баукеспелер баратындығы анықталып отыр. Көбіне олар сырт аймақтан, еліміздің басқа өңірлерінен келеді.

Елбасының қоғамда қылмысқа мүлде төзбеушілік ұстанымын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Қазір кез келген ұсақ тәртіп бұзушылық бірден назарға алынады. Жыл басынан бері «мүлде төзбеушілік» ұстанымы негізінде қырық мыңнан аса тәртіп бұзушылық анықталып, 200-ден аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қала тазалығын сақтауға да белсене атсалысып келеміз. Елорданың абаттандырылуы мен инфрақұрылымы ережесін сақтамаған, былайша айтқанда, көгалдандырылған жерлерді басып, көшені ластаған 13,4 мың адамға 19,4 млн теңге айыппұл салынды. Олардың қатарында қарапайым азаматтар да, ПИК-тер мен мердігер ұйымдардың және құрылыс нысандарының басшылары да бар.

Құқық бұзушыларға қатысты оқу орындары мен еңбек ұжымдарында көшпелі сот отырыстарын өткізу тәжірибеге кеңінен енгізіліп, оның айтарлықтай нәтижесі көрінуде. Әсіресе, азаматтардың «мүлде төзбеушілікке» қатысты ұстанымдары қуантады. Олар елордалық ішкі істер департаментінің блогына ұсақ құқық бұзушылықтар жөнінде күн сайын жазып отырады. Бұдан біз халықтың ішкі істер органдарына деген сенімдерінің нығая түскенін анық байқаймыз.

– Қаламызда әлем назарын аударған «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі өтуде. Осыған байланысты сақтық шараларына тоқсалсаңыз.

– «ЭКСПО-2017» мемлекетіміздің беделін асқақтатқан еліміздегі тарихи оқиға болуымен қатар тәртіп сақшыларына үлкен жауапкершілік жүктейтін сындарлы сәт екені де белгілі. Өйткені үш ай бойы халықаралық көрме аясында өтетін ірі іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы сөз еткенде, ең алдымен, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымызға қойған міндеттерін баса айтуымыз қажет. Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында радикалдық бағыттарға мүлдем төзбеушілікті қамтамасыз етуге шақырды. Өйткені қоғамдағы тұрақтылық пен темірдей тәртіп елді өркендетудің негізі екені сөзсіз.

Қазір бұл мәселелер төңірегінде үлкен жұмыстар жүргізіліп, қала тұрғындары мен елорда қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қылмыс пен құқық бұзушылыққа қарсы және нысандарды лаңкестік әрекеттерден қорғайтын кешенді іс-шаралар қабылданды. Соның арқасында күні бүгінге дейін «ЭКСПО» аумағында бірде-бір қылмыстық әрекет тіркелген жоқ.
Көрме қалашығы аумағында бүгінгі күннің барлық талаптарына жауап беретін жаңа полиция бөлімі жұмыс істеуде. Ол халықаралық көрме аяқталғасын да 50 мың тұрғыны бар Есіл ауданының қоғамдық тәртібін сақтауға қызмет ете беретін болады.

Көрме кешенінің бақылау-өткізу қосыны арқа қалқанды темірдетекторлы және сәулелік-телевизиялық қондырғылармен толық жабдықталған. Полиция қызметкерлері де бейнеталдау жүйесі арқылы келушілердің бет-жүздерін толық көре отырып, арнайы құралдармен тыйым салынған заттарды анықтайды.

Осындай қырағылықтың арқасында көрме кешенінің бақылау-өткізу қосыны аумағында атыс қаруының оқтары салынған полиэтилен дорба тастап кеткен Қарағанды облысының 22 жасар тұрғыны ұсталды. Қазір оның қандай мақсат көздегені анықталуда.

Кейінгі кезде қаладағы кейбір қылмыстарды ашуда бейнекамералардың айтарлықтай көмегі болып тұр. Әсіресе, бейнеталдау жасайтын құрылғыларды көптеп орнатуға көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда қалада тұрғын үй кешендері мен мекемелерде 3000-ға тарта бейнекамера жұмыс істеп тұр. Тек «ЭКСПО» нысандарының өзіне 2000-нан аса бейнебақылау камерасы қойылып, олардың барлығы да ҚР Ішкі істер министрлігінің Жағдайды бақылау орталығына қосылған. Тәртіп сақшылары көбіне сол құрылғылардың көмегімен құқықбұзушылықтың алдын алып, көрме павильиондары аумағында ата-аналарынан көз жазып қалған балаларды табуға немесе жоғалған заттардың иесіне қайтарылуына көмектесіп жатады. Мәселен, халықаралық автобуспен абайсызда елордадан асып кеткен ағылшын азаматын қонақүйге әкеліп орналастырған, екі испан азаматының таксиде ұмыт қалдырылған заттары мен Малайзия азаматының дәмханада қалдырып кеткен смартфонын заңды иелеріне қайтарып берілуіне ықпал еткен полиция қызметкерлеріне шетелдіктер шексіз алғыс білдірді. Ал біз үшін адамдардың сенімі маңызды.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осының барлығы қазақстандық полицейлердің жауапкершілігі мен имидждерін қалыптастыру үшін аса керек. Бүгінде халықаралық көрме аумағында жұмыс істейтін мың жарымға тарта полиция қызметкері ағылшын тілі курсынан өткен, шетелдіктермен еркін қарым-қатынас жасай алады.

– Қаладағы заңсыз көші-қон мәселесіне қатысты қандай жұмыстар жүргізілуде?
– «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында нақтырақ айтсақ, мамырдың 10-ы мен 31-і аралығында «Құқықтық тәртіп» шұғыл-алдын алу іс-шарасы өткізілді. Елордалық полиция қызметкерлері пәтерлер мен жекеменшік үйлерді, саяжай алабын, құрылыс нысандарын түгел аралып, тексеру жүргізді. Бүркемеленіп келген көптеген кемшіліктердің беті ашылды. Мәселен, бір айдың ішінде жүз мыңнан аса адамның тіркеусіз жүргені анықталды.

Үш айдың ішінде 695000 адам тұрақты, 750000 адам уақытша, барлығы 1 миллион 500 мың адам тіркеуге тұрды. Соның нәтижесінде қоғамдық орындар мен көшеде құқықбұзушылық пен қылмыстық әрекеттер саны азая бастады. Әрине, елордадағы заңсыз көші-қон мәселесі мұнымен аяқтала қалған жоқ. Бұл мәселе қазір қатаң бақылауға алынып, өткір қойылып отыр. Жыл басынан бері көші-қон заңдылығын бұзған төрт мыңнан аса шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың бір мыңнан астамы сот шешімімен ел аумағынан шығарылды. Бұдан бөлек, мақсатты іс-шаралар жоспары әзірленіп, шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын құрылыс компаниялары мен сауда салалары бақылауға алынды. Осы бағытта қазір елорданың басқа да қызмет органдарымен бірлесіп, ауқымды жұмыстар атқарылуда.

– Жұмыстың нәтижесі кадрлардың біліктілігіне байланысты екені белгілі. Полиция қатарына кімдер қабылданады?

– Ішкі істер органдарының ең басты мақсаты – халықтың сеніміне ие болу.
Ішкі істер органдарына жұмысқа қабылдау конкурстық негізде жүргізіледі. Атап айтқанда, орган қызметкерлерінің кәсіби деңгейін лауа-зымы бойынша біліктілік талаптарына сай бағалау жұмыстың түпкі нәтижелілігіне де септігін тигізуде. Осы бағытта қызметкердің атқаратын лауазым¬дық санатына сай үш дең¬гейде аттестат¬тау өткізіледі.

Сондай-ақ, бізде тәлімгерлік институты қызмет атқарады. Тәлімгерлікке тәжірибесі мол қызметкерлер іріктеліп, олар жас қызметкерлерге жан-жақты тәжірибелік, методикалық және моральды көмек көрсетеді. Департаменттің бастамасымен Қазақ гуманитарлық заң университетінде ішкі істер департаментінің жас тергеушілері мен анықтаушыларына арналған оқу семинарлары мен курстары өткізіледі. Сондай-ақ, аталған оқу орнында жоғары курс студенттеріне арналып, «Детектив» клубы ашылды. Онда тәжірибесі мол тергеушілер біліктілік сабақтарын жүргізеді. Сөйтіп, өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын сақтауына, олардың бойында патриотизм рухын қалыптастыруға үлкен мән берілуде.

– Қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары туралы не айтасыз?
– Біріншіден, біз қала әкімдігі тарапынан үнемі үлкен қолдау мен көмекке ие болып келе жатқанымызды айтқым келеді. Қазақстан полициясының 25 жылдығы қарсаңында қала әкімі Әсет Исекешев отандық өндірістен шыққан 100 қызмет көлігінің кілтін табыс етті.

Автомобильдердің барлығы да белгі беру, дыбыстық жабдықтармен, бейнетіркеу және басқа да күзет полициясы машинасы үшін қажетті заманауи құрылғылармен толық жабдықталған.
Жақында Ішкі істер департаментінің жас қызметкерлері үшін казармалық үлгідегі ішінде тұрмысқа қажетті барлық жағдайы бар жатақхана берілді. Бұл қалада қоғамдық тәртіпті нығайту үшін күн демей, түн демей қызмет атқарып жүрген полиция сарбаздарының жұмыстарын бұрынғыдан да жақсы атқаруға мүмкіндік туғызады деп ойлаймын.

Қазіргі заманғы полиция қызметкерлерінің тек қана кәсіби маман болып қоймай, жоғары адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіре қалыптасуы біз үшін аса маңызды. Бізге маман емес, алдымен адам керек. Осы қағиданы негізге ала отырып, біздің бастамамызбен балаларға арналған аула клубы ұйымдастырылды, базада спорттық жарыстар мен түрлі балалар арасындағы конкурстар өтіп тұрады.

Біз тәрбиесі қиын жас­өспірімдер мен әлеуметтік жағдайы төмен жеткіншектер де назардан тыс қалдырмаймыз. Әр мереке сайын өз қамқорлығымызға алған Астана қаласындағы балалар үйіне барып тұрамыз. Балалар үшін «Ашық есік күндерінде» арнайы техникалар, қызметтік иттер мен аттар көрсетіліп, атақты спортшылармен байқаулар, шеберлік сағаттары өткізіліп тұрады. Болашақта бұл балалардың бірі өз өмірін полиция қызметімен байланыстырады деп кәміл сенеміз. Сонымен қатар, «Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемесіне» барып концертер беріп, онда тұратын ардагерлерді мерекелерде құттықтап тұрамыз.

Үлгі етер, мақтанышпен айтар жетістіктеріміз де аз емес. Өткен жылы қарулы қылмыскерлерді ұстау барысында көрсеткен ерлігі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен департаменттің үш қызметкері «Айбын» ордені мен «Ерлігі үшін» медалін кеуделеріне тақса, биыл Астана қаласы ІІД-нің аса маңызды істер жөніндегі тергеу басқармасының аға тергеушісі Виталий Шутько ІІ дәрежелі «Айбын» орденіне ие болды.

Қазір полиция қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер қойылып отыр. Әсіресе, Елбасымыз айтып жүрген «полиция – халыққа жақын болу қажет» деген сөз күн тәртібінен түспейді. Біз осындай өзімізге жүктелген үлкен жауапкершілік пен келелі тапсырмаларды жүзеге асыру жолында жоспарлы жұмыстар жүргізудеміз. Осы бағытта полиция қызметкерлері мен қарапайым халықтың арасындағы қарым-қатынасты нығайта беретінімізге сеніміміз мол.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбатты жүргізген:
Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button