Жаңалықтар

Қайта жаңғыру жолында



Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, сондай-ақ Үкімет мүшелерінің, Президент Әкімшілігі мен ұлттық компания өкілдерінің, өңір әкімдерінің қатысуымен Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. 

Жиынның кіріспесінде Нұрсұлтан Назарбаев партияның кейінгі жылдары қол жеткізген табыстарына тоқталды.

Қазіргі заманғы сын-тегеу­ріндер партияның алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, аумалы-төкпелі кезеңдерде ел дамуы үшін сая­си күштердің де, қоғамның да ішкі ауызбіршілігі берік болуы маңызды.

Нұрсұлтан Назарбаев әкімдер мен министрлер орын алған проблемаларды жасыр­мауы, оны халық алдында ашық айтып, жауап беруі тиіс екенін ескертті.

– Жұмыс барысында орын алған кемшіліктерді жасырып қалу дұрыс тәсіл емес. Әкімдер орын алған кемшіліктердің себеп-салдарын анықтап, қажет болса жауапкершілікті мойнына ала білуі керек. Бізде ондай әкімдер де, министрлер де бар, – деп ҚР Үкімет басшысының орынбасары Б.Сапарбаевты мысалға келтірді.

Елбасы билік басындағыларға адамдардың күнделікті тұрмысындағы шағын проблемаларды жедел шешу қажеттігін атап өтті.

«Адамдарды өміріндегі ең кіш­кентай мәселелер толғандырады. Мәселен, су жоқ. Бұл әкім үшін деңгей емес қой, иә? Сумен айналысудың қажеті қанша? Ал адамдар үшін – бұл өмірінің мәні. Ауылда жол жоқ. Бұл олар үшін – өмірі, ал біздер үшін – болмашы нәрсе. Біздер жаһандық мәселелерге құлаш сермейміз. Сондықтан адамдарға жақын болу керек. Партия­ның қоғамдық қабылдаулары жұмыс істеуі тиіс» деді Н.Назарбаев.

Тұңғыш Президент Н.На­зарбаев мемлекеттің сая­си тұрақтылығы шатқаяқ­тай бастағанда, бірінші кезекте, сол елдің халқы зардап шегетінін мысал етті. «Посткеңестік мемлекеттерден Африка құрлығына дейінгі елдерді алып қараңыз. Ереуілге шыққан жұрт жұмысты тоқтатады, шулап көшеге шығады. Шеру өткізеді. Одан экономикалық жағдай құлдырап, адамдардың өмір сүру сапасы төмендейді. Ол кімге керек? Тәртіп пен билік жоқ жерде проблема шешілмейді. Өзекті мәселелермен айналысу шетке ысырылады» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының айтуынша, Қазақстанның Еуропада­ғыдай демократияға жетуі үшін қоғам дамуы сол деңгейде болуы тиіс. Ол елдерде халықтың 50 пайыздан астамы шағын және орта бизнеспен өмір сүреді, олар қоғамның тұрақсыздығын қаламайды. Оларда үй, машина, жұмыс, табыс бар. Саяси тұрақсыз­дық кезінде оның бәрінен айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан ешкім оны жоғалт­қысы келмейді. «Ал бізде орта тап өкілдері 30 пайызға да жеткен жоқ. Қазақстан сол деңгейге көтерілуі тиіс» деп санайды Н.Назарбаев.

Биліктің барлық деңге­йіндегі партиялық жауапкершілікті күшейту қажет. Жергілікті мәслихаттар өздеріне берілген құқықтарды пайдалануы қажет. Мәслихаттар өңірлердің дамуына шынайы ықпал ететін тетіктерге ие. Заңнамаға сәйкес, олар бюджетті, жергілікті даму бағдарламаларын бекітіп, бюджет қаражатының жұмсалуын бақылай алады. Әкімдерге сенімсіздік таныту құқығына да ие.
Тұңғыш Президент барлық деңгейдегі әкімдерге партия жұмысына апта, ай сайын көңіл бөліп, беделін арттырып отыру қажеттігін ескертті. Бюджет қабылданбастан бұрын мәслихатта қаралуы керек. Фракция жергілікті бюджетті мақұлдауы тиіс.

– Әлі күнге дейін фракция бұл күш екенін білмейміз. Көп жағдайда сол айқындайды. Фракция Премьер-министр кандидатурасын айқындады. Жаңа заңға сәй­кес министрлерді де өткізуі тиіс. Неге бірде-біреуін қабылдамай қоймады? Неге жұмысқа ұқыпсыздығы үшін лауазымынан алып тастауды ұсынбады? – деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің пайымынша, фракция мықты болуы тиіс. Сонда ғана оның беделі жоғары болады. «Әлемнің басқа елдерінде бар ережеге арқа сүйей отырып, Мәжілістегі фракциямыздың жетекшісі лауазымына Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің кандитатурасын ұсынамын, егер ол қарсы болмаса. Ол партия жұмысын күшейтіп, Мәжіліс спикері ретінде фракция жұмысын жұмылдыра алатындығына сенімдімін» деді Н.Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, 2018 жылы сайлау заңнамасы жетілдірілді. Мәслихаттардың келесі сайлауы алғаш рет партия­лық тізім бойынша өткізіледі. Мәслихаттың келесі сайлауы Мәжіліс­тегідей партия­лық тізіммен өтеді. Еуропадағы 30 дамыған елдің қатарына кіретін мемлекеттердің 63 пайызы сайлауды пропорционалды жүйемен өткізеді.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button