Басты ақпаратЖаңалықтар

БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫ ҚАЖЕТ МӨЛШЕРДЕ БӨЛІНІП ОТЫР МА?

Нұр-Сұлтан қаласының бюджетіне осы жылдың қаңтар-шілде айларында жеке кірістер түсімдері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,6 пайызға өсіп, 146,4 млрд теңгені құрады. Салықтық түсімдер 6,7 пайызға артып, 134,4 млрд теңгеге жетті. Қалалық қоғамдық кеңес отырысында осындай цифрларды келтірген Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев 2019-2021 жылдарға арналған елорда бюджетіне енгізілген өзгерістер туралы баяндады.

Әртүрлі маңызды жұмыстарға бөлінген қосымша қаржы көлемінен хабар берген баяндамашы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына 1 млрд 51 млн теңге қарастырылғанын жеткізді. Соның ішінде аз қамтылған көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төлеміне 641 млн теңге бөлінді. Бұған қоса, халықты жұмыспен қамтуға, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына, зейнеткерлерге, мүгедектерге жәрдем беруге тиісті қаржы бағытталған.
Басқарма басшысының есебін тыңдап болған соң қоғамдық кеңес мүшелерінде біраз сұрақтар туындап, олардың тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды.

– Кеңестің 17 шілдеде өткен отырысында кеңес төрағасы Сансызбай Сейітжанұлы бюджетті бөлгенде комиссия құрамына қоғамдық кеңес өкілін енгізу туралы бастама көтерді. Біз бұл ұсынысты қолдаймыз. Себебі түсініксіз жайттар бар. Өткен көктемде ғана жолаушыларды тасымалдауды субсидиялауға 1 млрд теңге бөлуді мақұлдадық. Бұл сома бұдан бұрын бөлінген 2,5 млрд теңгенің үстіне қосылды. Енді қосымша тағы 2 млрд теңге бөлініп отыр. Жолаушыларды та­сымалдауға бір ғана ұсынысты – субсидиялауға 8 автобус паркін ғана қостық. Бірақ тиісті есептеулерді көрмей отырмыз. Қаржы бөлу жөнінде шешім шыққанда бюджеттік ұсынымды, белгілі бір басқармаға қажет қаржының көлемін, Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының қорытынды шешімін көруіміз керек. Ал сіздердің бізге ұсынған түсінік хатыңызда бәрі екі-ақ сөйлеммен берілген, – деді кеңес мүшесі Жанат Нұрғалиев.

Осы сұраққа жауап берген Қ.Маңқараев қоғамдық кеңес өз отырыстарының біріне Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы, «Астана LRT» ЖШС басшылығын шақырып, бұл мәселе бойынша олардың есептерін тыңдауға құқылы деп есептейтінін жеткізді. «Біз басқармалардың бюджеттік ұсынымдармен жұмыс істейміз. Әрине, тиісті есептеулерді жүргіземіз. Есептеулер болмаса, мәселені бюджеттік комиссия қарауына шығармас едік» деді ол.

Қоғамдық кеңес мүшесі Мұхтар Еркетаев қаланы газдандыруға бөлінген қаржы жайын сұрады. «1 млрд 692 млн теңге бөлініп отыр екен. Бұл қаржы ішкі желілік жұ­мыстарға бөліне ме? Қаланың шеткі аумақтарына бұл жұмыстардың қатысы бар ма?» деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, шеткі аймақтарды газдандыру бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1 млрд 692 млн теңге бөлініп отыр. Жалпы төрт қала мен бір облысқа үш жыл бойы әр жыл сайын 7,5 млрд теңгеден бөлу қарастырылған. Бұл қаржы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Көкшетау және Ақмола облыстарына тиесілі.

Қоғамдық кеңес мүшесі Марат Мұстафин қаланың тазалы­ғын сақтау мәселесін көтерді. «Ататүрік» саябағы бұрын жайнап тұрушы еді. Қазір онда не жарық жоқ, гүлзардың өзінен түк қалмаған. Бұл саябақ Байқоңыр ауданына қарайды. Аталмыш аудандағы 16 аулаға «ақылды» технология енгізу жоспарланған болатын. Қазір бұл да қалды. Тұрғындар соның жайын сұрап жатыр. Бүгіндері қаржы бар болғаны екі аулаға ғана бөлінген. Жалпы, Байқоңырға бөлінген 200 млн теңге қандай жұмыстарға жетеді? Сая­бақты абаттандыруға ма, әбден ескірген жатақханаларды жөндеуге ме?» деген ол Жастар сарайын жөндеуге бөлінген қаржының не үшін қайтарылғанын сұрады.
«Жастар сарайына қатысты жауапты басқармадан бізге бөлінген қаржыны жылдың аяғына дейін игере алмаймыз деген хат келіп түсті. Сондықтан ақшаны қысқарттық. Ал саябаққа байланысты аудан әкімдігінен әлі ешқандай өтініштер түспеді» деді Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.
Қоғамдық кеңес мүшесі Әсима Бимендина шеткі аймақтар проб­лемасы көп екенін айта келе, аудан әкімдіктерінен тұрғын алаптар мәселелері бойынша 2019-2021 жылдар бюджетіне сұраныстар қанағаттандырыла ма деп сұрап, орта мектептер жайын қозғады.

23 тамызда қоғамдық кеңесте шеткі аймақтар проблемаларына қатысты отырыс өтеді. Қ.Маңқа­раев тиісті жауапты сол жерде беруге уәде етті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button