Басты ақпаратМәселе

Тілді бұрмалаудан арылу керек

Біз бүгін, бір топ азаматтар, ана тілімізге қатысты алаңдап, редакцияға мақала беруді жөн деп таптық.

Өкінішке қарай, елімізде тілімізге қарсы осындай үрдіс жүруде деп сеніммен айта аламыз. Өйткені БАҚ-тарымыздың тілімізді дәлдіктен, нақтылықтан, түсініліктен, ұғынылықтан айыруға бағытталған әрекеттерін, істерін, яғни материалдарын тыңдап немесе оқып отырғанда осылай ойлауға тура келеді. Соның кесірінен көптеген сөздерді, тіпті сөйлемдерді түсінуден қалып барамыз.

Дәлел ретінде бірнеше сөйлемдерді мысалға келтірейік. Сіз мәселен: «Мен саған аялдама дедім. Ең алдымен аңдатпа. Анықтама деймін. Дәләлдеме деп тұрмын ғой. Бұл – ескертпе. Саған жинақтама деп қанша айтамын?! Сен кепілдеме. Қалай ұқпайсың, көшірме! Ол – құтырма. Мөлшерлеме деймін. Бұл – нұсқама».

Осы сөйлемдерді қалай ұғуға болады? Қазақ тілін қанша жақсы білсеңіз де бұл оңай шаруа емес. Өйткені бұрынғы бірнеше жүздеген жылдар бойы қалыптасқан дәл, тура, нақты мағынасында немесе қазіргі кейбір филолог «ғалымдар» мен БАҚ қызметкерлері тілімізге енгізген түрде, яғни «аялдаманы» – аялдау, «аңдатпаны» – аңдату, «ескертпені» – ескерту, т.б. деп керісінше түсінуге болады. Қайтеміз, қазақ тілі осындай жағдайға жетті!

Өкініштісі, біз мысалға келтірген оншақты ғана емес, жүздеген сөздеріміз осылай екіұшты мағынада болып кетті. Тіпті, әр дыбыс—тан (әріптен) басталатын барлық атаулар мен терминдерден табуға болады. Мәселен, «балқыма» (балқытынды), «болжама» (болжам, болжау), «гуілдеме» (гуіл), «зерттеме» (зерттеу), «итерме» (итергі, итергіш), «қаптама» (қаптау, қабы, сырты), «орама» (орау), «өтпе» (өткел), «өлшеме» (өлшеу), «пішіндеме» (пішін, пішіндеу, сурет), «пісірме» (пісіру), «растама» (растау), «сараптама» (сараптау, экспертиза), «секірме» (секіру, секіргіш), «топтама» (топ, топтау), «түйіндеме» (түйін, түйіндеу), «ұңғыма» (ұңғы), «үйме» (үйінді), «хабарлама» (хабар, хабарландыру), «шаншыма» (шанышқы), «шектеме» (шек, шектеу), «ілеспе» (ілесу, ілесе), «іріктеме» (іріктеу), т.б. деп кете береді, тек кері мағына беруі керек.

Тілімізді дәлдіктен, нақ­ты­лық­тан айырып, әрі-сәрі, олай да, былай да ұғатындай ету «жаңалығы» әу баста жақсы ойдан туындағаны есте. Ол үрдіс Хрущевтің заманында 50-жылдардың ортасы мен 60-жылдардың басынан басталды деуге болады. Сол жылдары орысша қолданылып келген «выставка», «остановка» дегендер қазақшаланды. Бірақ «выставка», «көрушілік» немесе басқаша ұғынықты етіліп емес – «көрме», «остановка», «аялдау» немесе «тоқтау» деп емес – «аялдама» деп аударылды. (Осы жерде түркі тілдес татарлар «остановканы» «туқталыш», түріктер «дұрак» дейтінін айта кетейік). Кейін кері мағыналы сөздер (терминдер) көбейе берді. Бұрынғы «толайым сауда», «көптеп сату» емес – «көтерме сатуға», «Қазақ тілінің түсіндіру сөздігі» «түсіндірмеге» айналды.

Дегенмен тілімізді аздырудың, яғни әртүрлі ұғынатындай етудің мықтап қолға алынуы тәуелсіздік алған 90-жылдардың басындағы оншақты жылда жүзеге асты. Халқымыз тәуелсіз­дік алдық деп қуанышқа бөленіп жүргенде тіл зиянкестері шетел сөздерінен құтылуымыз керек деген желеумен (тіпті ұранмен десек те болады) бүкіл дүние жүзінің дамыған елдері түгел дерлік қабылдап қолданатын, бізде де қалыптас­қан терминдерді келсін, келмесін «қазақшалады». Және көпшілігі, Елбасымыз бірнеше дүркін айтқандай, мазмұнына сай келмейтіндей етіп. Осылайша «пианино» – күйсандық, «музыка» – саз, «музыкант» – сазгер, «класс» – сынып дегендер пайда болды. Олар мазмұнды қойып қарсы, керісінше, теріс ұғым беретін «терминдерді» көптеп ойлап шығарды. Осылайша медициналық термин – «инфекция» – жұқпа деп аударылды. Ал «метод», «методика» – әдістеме, «программа» – бағдарлама, «копия» – көшірме, «концепция» – тұжырымдама, тұғыр­лама, «чертёж» – сызба, «экспертиза» – сараптама, т.б. делінді.

Тілімізді аздырушылар бұл әрекеттерін сөздерді (терминдер мен атауларды) кері мағына беретіндей де етіп қолданғанда олардың ресми дәрежесі мен маңызы артады деп ақталды.Мәселен, «Ана тілі» газетінің қыз меткері С.Шүкірұлы сол газеттің 2003 жылғы №13 санындағы «Сырын білмей сырттамайық» деген мақаласында: «Тұжырымдама – ғылыми қорытынды, тұ­жырым – жеке адамның түйінді пікірі; сараптама – жасалған талдау нәтижесі, сараптау – талдау; түсініктеме беру – белгілі бір мемлекеттік шешім, ерекше құбылыс, оқиғаларға қатыс­ты насихатты түсіндірме сөз, түсінік беру – жеке адамның өзінің оғаш іс-әрекетіне байланысты түсінік жасауы; хабарлама жасау – үлкен саяси оқиғаларға байланысты жарияланған ресми ақпарат, хабар жасау – жеке адамдардың белгілі іс туралы хабарлауы, хабар беруі» деп жазды.

Бірақ неге және кімнің бұйрығымен бір сөзді кері­сінше, яғни болмайтындықты білдіретіндей етіп айтсақ, жазсақ оның дәрежесі артып кетпек? Тілімізді ұғынықсыз, түсініксіз ететіндіктен бе?! Бұл логикаға келмейді ғой.

Осы жерде жалпы термин туралы айта кеткен жөн секілді. Ол туралы Қазақ Совет энциклопедиясында: «Термин, атау – ғылым техника, сол сияқты тұрмыс­тың белгілі саласындағы ұғымдарды дәл атау үшін жұмсалатын сөздер мен сөз тіркестері» деп жазылыпты. Ал терминдердің ерекшелігі және оларға қойылатын басты талап – дара, яғни тек бір мағыналы болуы де­лінген. Бұл тұжырым біз­дің ғалымдардікі ғана емес, А.А.Реформатский, Д.Э.Розенталь, Д.С.Лотте, М.А.Теленкова, т.б. атақты ғалымдардікі де, тіпті дүние жүзінде солай. Ендеше неге әлем мойындаған қағидалардан біз бас тартамыз?! «Жұқпа», «тұжырымдама», «бағдарлама», «аялдама», т.б. деген секілді қарсы мағына беретін сөздерді «термин» деп қолданысқа енгіземіз?! Солар арқылы тіліміздің дәлдігіне, нақтылығына, түсініктілігіне, ұғынықтылығына қастандық жасаймыз?! Әлде бір кезде данышпан атамыз Ахмет Байтұрсынұлы жаз­ғандай: «Өз ұлтына жұрт­­ты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» дегендей халқымызды жойып, өзіне қосып алғысы келетін жасырын бір күш бар ма, мына зиянды үрдіс соның кесірінен болып отыр ма деген ой да келеді екен. Әйтеуір, түсініксіз?!

Жоғарыда келтірілген қате терминдер мен атау сөздер қазақ тілінің мемле­кеттік дәрежеде қолданылуына да кедергі келтіруде деуге болады. Сондықтан «Ана тілі» газетінің өткен жылғы 18-24 қаңтардағы санында «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, кеңес заманының өзінде шетелдерде дипломаттық қызметтер атқарған Сайлау Батыршаұлы: «Жаңа терминдерді түсінбеудің салдарынан қазақ тілін жақсы меңгерген адамдардың өздері орысша оқуға мәжбүр болуда. Мәселен, мен министр­лікте, әкімдікте жұмыс істейтін таныстарымнан «Сіздер заң, қаулы, жарғы, ережелерді қай тілде оқисыздар?» деп сұрағанымда: «Әрине, бұрын қазақ тілінде оқитынбыз. Бірақ орысшадан көп сөздердің аудармасы түсініксіз болған соң орыс тіліндегі нұсқасын оқитын болдық» дейді. Бүл сапасыз аудармадан, ойдан шығарылған терминдердің себебінен орын алды» деп жазыпты.

Терминдегі мұндай бы­лықтар мен қойыртпақтардың Қазақстандағы диаспора өкілдері мен қалада туып өскен қазақ балаларының мемлекеттік тілді үйренуі­не бұдан да зор зиянын ти­гізіп отырғаны айтпасақ та түсінікті. Өйткені оларға кейбір сөздерді айтылып, жазылғанындай емес, ке­рі­сінше, қарсы мағынада ұғыну керектігін, не себептен солай болатынын қалай түсіндіреміз?!
Бірақ өкінішке қарай, бұл орын алған олқылықтарды түзетудің оңай еместігі де белгілі. Өйткені «жаңа термин» жасаушылар көптеген сылтаулар мен «дәлелдер» айтып, өз пікірлерін барынша қорғап бағатындары анық. Мәселен, олар: «Егер әртүрлі мағына беретін омоним сөздер термин жасауға келмейтін болса, қазақ зиялылары (алаш ордашылар) 1920-1930 жылдары неге орыс тіліндегі «управление», «доклад», «обязательство», «задание» дегендерді «басқарма», «баяндама», «міндеттеме», «тапсырма» деп аударған?» деулері әбден мүмкін.

Расында, неге? Тілімізде А.Байтұрсынұлы жазғандай 19 түрлі жұрнақтар тобы бар ғой. Солардың ішінен не себептен сирек қолданылатын және қарсы мағынаны да беретін «ма» жұрнағын таңдаған? Біздіңше, большевиктердің қылмысты саясаты мен істеріне іштей қарсылық ретінде деген ой келеді. Мүмкін қателесерміз, сөйтсе де, ол болжамымызды бастапқыда «тапсырыс» деп аударған «заданиенің» кейін «тапсыр­ма» болып өзгертілуі де дәлелдей түседі. Псевдопатриоттар (олардың ішінде кейбір тіл мамандары мен лауазымды қызметкерлер де бар) басқа да «дәлелдер» айтар. Мысалы, биылғы жылғы өткен Парламент мәжілісінде: «Қазіргі жаңа терминдердің ішінде сәтсіздерінің бары рас болар. Алайда ондай термин­дер баспадан шыққан сөздіктерге, заңдарға, құжаттарға кіріп кетті. Сондықтан өз­гертілмей қала бергендері жөн. Жалпы бекітілген терминдерді өзгерте беруге болмайды» деп жанталасқан тіл маманын да көріп қалдық. Таңғаларлық уәж. Сонда қате сөз өзгертілмесе, тілімізден құжаттардың қымбат та бағалы болғаны ма?! Осындай өкініштерді айта беруімізге болады.

Сонымен қысқартып айт­қанда, біз, қарапайым халық, тілімізді дәлдіктен, нақтылықтан айырып, тү­сініксіз жасау үрдісінің тоқ­татылуын, сөйтіп қайтадан бұрынғы әдеби нормасына келтірілуін қалаймыз және талап етеміз. Түркі тілдерінің қара шаңырағы, ең тазасы, ең оралымдысы, ең байы болып есептелетін қазақ тілі ешбір бөтен тілдің терминдері мен атау сөздерінің көшіріндісі, диалектісі болуға тиісті емес. Және ол еліміз бен мемлекетіміздің болашағына сол бұрынғыдай қалыптасқан ұғынықты болғанда ғана мінсіз қызмет ете алады. Бұл – дәлелді қажет етпейтін шындық.

P.S. Біздің, қарапайым халықтың көпшілік ойын, тілегін білгендей Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова ханымның халықаралық және кері мағына беретін жаңа атаулар мен ұғымдарды бұрынғы мыңдаған, жүздеген жылдардағыдай түсінікті әдеби нормасына келтіру туралы пәрмек шығаруы өте дұрыс болған. Осы құжат арқылы тіліміз қайтадан нақты, дәл, ұғынықты мағынасына оралып, дами, өркендей бастайтынына сенімдіміз.

Олжас ЖҮНІС,
Нұрлан САМАТҰЛЫ,
Ермахан БЕЛҒОЖАҰЛЫ және тағы 13 адам қол қойған.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button