Қала баласы қалай демалады?
Балаларды қорғаудың халықаралық күні «Астаналық» саябағына барғанбыз. Айналадағы балдырғандардың шат күлкісі өзіміздің балалық шағымыздағы алаңсыз күндерге жетеледі. Сол кезде үш ай каникулды ала келетін жаймашуақ жазды асыға күтетінбіз. Жазғы демалысқа шыға салып, ауылымызда жалаңаяқ қыр кешіп немесе қаладағы апаларымызға қыдырып баратынбыз. Күзде мектебімізге оралғанда «Мен жазды қалай өткіздім?» тақырыбына шығарма жазатынбыз. Сонда қалай болғанда да ауылда өткен каникул қаладағыдан қызық еді.
САЯХАТШЫЛАР СТАНЦИЯСЫ
Иә, біз ауылдан шыққан бала болатынбыз. Қазіргі көп қала балаларындай күнұзақ компьютерге телмірмей, таза ауада күнімізді өткізетінбіз. Алайда, қалада да каникулды қызықты өткізуге болады екен. Әсіресе, Астана бұл жағынан өзге өңірлерден көш ілгері сияқты.
Елордада 2005 жылы Жас саяхатшылар станциясы ашылған. Қалалық Білім басқармасына қарасты мекеме бас қаладағы 20 мектептің 5-10 сынып оқушыларын, бас-аяғы 743 жеткеншекті жыл бойына түрлі танымдық және спорттық шаралармен қамтып келеді. Саябақтағы алаңқайға тігілген бірнеше шатырда біз станцияның үйірмелеріне қатысатын балаларды кезіктірдік. Онда жартасқа өрмелеу бойынша жарыс өтіп жатыр екен. Балалар жартасқа ұқсаттырып жасалған құрылысқа өрмелеудің шеберлігін көрсетті. Біз осы мекеменің Әдістемелік бөлімі меңгерушісі Гүлнәр Қорабаевамен тілдестік.
Оның айтуынша, саяхатшылар станциясында 26 үйірме бар. Соның ішінде «Тау туризмі», «Жаяу жүру туризмі», «Су туризмі, «Альпинизм», «Жартасқа өрмелеу», «Туристік көпсайыс», «Спорттық бағдарлау», «Велотуризм» сынды спорттық бағыттағы және «Жас эколог – өлкетанушылар», «Жас археологтар», «Өлкетанушы – туристер», «Географ – өлкетанушылар», «Мұражай ісі» сияқты танымдық сипаттағы үйірмелер, сондай-ақ, балаларға эстетикалық тәрбие беруді көздейтін «Бард әндері» үйірмесі жұмыс істейді.
- Астана қаласы Білім басқармасының хабарлауынша, «Арман» спорттық-сауықтыру лагерінде балалар биыл 6 маусымнан – 12 тамызға дейін демалады. Жалпы алғанда 5 ауысым көзделген. Әрбір ауысымда 330 баладан болады. Ал жаз мезгілі бойынша 1650 баланы қамту жоспарланған.
«Тәрбиеленушілеріміз жаз мезгілінде, маусым айының 14-інен бастап таза ауаға шығып, табиғат аясында демалады. Ақмола облысының Ерейментау ауданының Қаратау таулары шатқалындағы Алғабас ауылы маңында «Батыр» шатырлық лагері тігіледі. Онда балалар үш маусым бойы, әр маусымда он күннен каникулды қызықты, әрі денсаулыққа пайдалы етіп өткізеді. Жеткіншектер сол уақыт бойы компьютер бетін көрмей, ноутбук, ұялы телефон қолданбайды. Отқа тамақ пісіріп, туристік сапарларға шығады. Түрлі ойындар ұйымдастырылады. Біздің нұсқаушыларымыз оларға бағыт-бағдар береді» дейді Г. Қорабаева.
ЖАС ЖЕҢІМПАЗДАР
Станцияда патриоттық шаралар да ұйымдастырылып тұрады. Алған бағытына сәйкес балалар слеттерге, жарыстарға, конкурстарға қатысады. Мәселен, мамыр айында Шымкент қаласында «Отан жолымен» атты өлкетанушы – туристердің слеті өтті. Астана қаласының құрамасына Лейла Шмидке, Дина Қайырова (№ 13 орта мектеп), Нұрбай Есенов, Қайыржан Сапаров, Жансұлтан Сәулембаев (№65 мектеп-гимназия), Әнел Сұлтанова, Арайлым Жарылқасын (№50 мектеп-лицейі), Малика Байронова (№72 мектеп-гимназия) және Елжан Уахитов (№53 орта мектеп) кірді. Командаға №65 мектеп-гимназиясының география мұғалімі, жаяу жүру туризмі үйірмесінің жетекшісі Бекзат Рахымбеков және №50 мектеп-лицейінің география мұғалімі, «Географ-өлкетанушылар» үйірмесінің жетекшісі Қабанбай Жақыпов жетекшілігімен елорда құрамасы онда жалпыкомандалық үшінші орынды жеңіп алды. Балаларды қорғаудың халықаралық күні Астананың Білім басқармасы команданы марапаттады.
Өткен аптада Ақмола облысының Приречный ауылының Майлан шоқысы маңында «Су ағыны – 2016» атты су туризмі бойынша қалалық жарыс өтті. Үш күнге созылған жарысқа 80 адам қатысты. Қорытындысында жасына байланысты әртүрлі топқа бөлінген жеңімпаздар анықталды.
- «Батыр» шатырлық лагерінің 14 маусымнан – 14 шілдеге дейін созылатын үш ауысымы ішінде 375 жетім бала, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар каникулдарын тегін өткізеді.
Елімізде құпияға толы және қатпарлы тарихтан сыр шертетін үңгірлер кездеседі. Жас саяхатшылар станциясында осыған байланысты «Спелеотуризм» үйірмесі де жұмыс істейді. Жалпы, жаяу, су, тау үңгір туризмдерін станция нұсқаушылары күрделі спорттық жорықтарға балайды. Альпинизм мен жартасқа өрмелеу экстремалды туризм түріне жатады. Балалар қаршадайынан осындай ел мен жер көруге себеп болатын, ұлтымызға әлі де таңсықтау көрінетін спорт түрлерін үйренуде. Айтпақшы, станция үйірмелеріне қатысатын жеткіншектер біраз шет мемлекеттерді аралады. Жартасқа өрмелеу спорты бойынша Австрия, Франция, Германия, Сингапур, Иран, Ирак елдерінде болып, жүлдегердің қатарынан көрінді. Бұдан өзге де Жапония, Қытай, Индонезия, Бразилия сынды мемлекеттерде болып, Қазақстанның абыройын асқақтатты.
- 160 жетім бала және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар «Боровичок» демалыс орнында сауығады.
Станция көптеген спорттық федерациялармен серіктестік орнатқан. Сондай-ақ, Астана қаласы ІІД Нашақорлықпен күрес басқармасымен, Астана қаласы Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен үнемі байланыста болып, олардың жағымсыз, зиянды әдеттерге қарсы шараларына атсалысып тұрады.
Қорыта айтқанда, станция үйірмелеріне қатысатын балалардың алары көп. Әрине, мекеме болашақта елордадағы барлық мектеп оқушыларын қамтыса, нұр үстіне нұр болар еді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ