Мәдениет

ҚАЛЛЕКИЛІКТЕР ЖАҢА МАУСЫМДЫ АШТЫ



Кеше Астанада Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының жаңа ХХVI маусымы жылдағы дәстүрге сай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбеков қойған «Абай» трагедиясымен ашылды.

era_1102

ЖЕТІ ПРЕМЬЕРА КӨТЕРГЕН ЖҮК

Оның алдында театр бас­шылығы мен өнер ұжымының негізін қалаушы әртістердің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында былтырғы ХХV маусымдағы жетістіктер қорытындыланып, алдағы жос­парлар туралы айтылды.
Театр ұжымы артта қалған маусымда көрермендерге ұсынған премьералар аз болмады. Алдымен режиссер Әлімбек Оразбеков сахналаған әртүрлі жанрдағы қойылымдар жайлы айтайық. Классикаға келетін болсақ, М.Әуезов пен Қ.Ысқақтың «Таңғы жаң­ғы­рық» шығармасының желі­сі­мен «Қараш-қараш» драмасы­мен қоса, бұл режиссер осетин драматургі А.Айларовтың «Кепілдікке қалыңдық» туындысын негізге алып, «Сүрінген сүрбойдақ» комедиясын қойды.
Театрдың көркемдік же­тек­шісі Талғат Теменов Ш.Айт­матовтың «Боранды бекет» романы мен «Жәмила» по­весінің инсценировкасын жасап, оның нәтижесінде «Ақ­қудың көз жасы» ли­рикалық драмасы дүниеге келді.
Нұрлан Жұманиязов сахна­лаған Ж.Ерғалиевтің «Есігімді қаққан кім?» психологиялық драмасы мен Гүлсина Мер­ға­лиева қойған жазушы-драматург Р.Мұқанованың «Сарра» спектаклі көрермендердің санасын сілкіндірді.
Тәжірибе алмасу мақса­тында өткен маусымда арнайы шақыртылған шетел режис­сер­лері де Қаллеки театрында спектакльдерді сахналады. Со­лардың бірі – Башқұртстанның еңбек сіңірген қайраткері Айрат Абушахманов жас драматург О.Жанайдаровтың «Жұт» драмасын, ал Саха елінен келген режиссер Сергей Потапов А.Чеховтың «Шие» комедиясын қойды.

ҰЖЫМ МЕН АКТЕРЛЕРДІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ

Осы «Шие» комедия­сы жуырда өткен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғына арналған Қазақ­стан драма театр­­ларының XXIV респуб­ликалық фести­валінде «Үздік спектакль» аталымында топ жарды. Сол сияқты осы театр репер­туа­рындағы «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасы Мәскеуде өткен XIII халықаралық «Золотой Витязь» театр форумында бас жүлде иеленді. Ал онда рөлдерді сом­даған Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов пен бас кейіпкерлерді ойнаған Әбілмансұр Серіков және Ақмарал Танабаева фестивальдің дипломанттары атанды.

erm_7335
Актерлердің жеке же­тістіктері тақырыбын жалғастыратын бол­сақ, ХХV маусымда жас актрисалар Сая Тоқ­­манғалиева мен Таң­­сұлу Баталова «Сер­­пер» жастар сый­­­­лығын иеленсе, Айнұр Бермұхамбетова Қазақ­стан Театр қай­рат­кер­лері одағының «Ең­лік­гүл» сыйлығының «Жыл актрисасы» аталымында топ жарды.
Ұжымдағы бірнеше әртістің еңбегі мемлекет тарапынан бағаланды. Атап айтсақ, ҚР еңбек сіңірген әртісі Жанат Чайкина «Құрмет» орденінің иегері атанса, Қуандық Қыстықбаев Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды. Күні кеше ғана режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» картинасында Мәриям бейнесін сомдаған театрдың белді актрисасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек «Еуразия» ХІІ халықаралық кинофестивалінде тұңғыш рет тағайындалған отандық «Тұлпар» сыйлығының «Үздік әйел бейнесі» аталымының жүлдесін иеленді.

ТЕАТР РЕПЕРТУАРЫ ТОЛЫҒАДЫ

Өнер ұжымының жаңа мау­­сым жоспарларына келсек, биыл көрерменге Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Рақымжан Отарбаевтың «Әміре», Лев Толстойдың «Холстомер», Қабдеш Жұ­ма­діловтің «Ажалдан қашқан періште», Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» сынды қойылымдары жол тартпақ.
Ал алдағы қараша айында театр ұжымы Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойы мен Қаллеки театрының 25 жыл­ды­ғына арналған респуб­ликалық театрлардың фес­тивалін өткізуді жоспарлап отыр. Онда театрдың негізін қалаушы, режиссер Жақып Омаровтың, одан кейін ұжымға басшылық еткен майталмандар Қадыр Жетпісбаев пен Әзербайжан Мәмбетовтің аттары жаңғыртылып, театр өнеріне қосқан зор үлестері туралы айтылмақ.

«АБАЙМЕН» АЛҒА АДЫМДАДЫ

Өнер ұжымына сахна шебері Қалибек Қуанышбаевтың аты берілген. Оның шығар­ма­шылығында Абай рөлі ерек­ше орынды алатыны көзі­қарақты көрерменге белгілі. Тіпті, мұны актердің шоқтығы биік рөлдерінің біріне де ба­лауға болады. Сондықтан қаллекиліктер жаңа маусымды «Абай» трагедиясымен ашуды дәстүрге айналдырды. Өнер ұжы­мы бұл қойылымды әр қой­ған сайын үлкен жа­уап­кершілікпен келеді. Бұл жолы да спектакльде екі Абайдың бейнесін көрдік. Аға Абайды ҚР Халық әртісі Тілектес Мейрамов сомдаса, жас Абайды ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов ойнап, жиналған қауымды әдет­тегідей тұңғиық ойдың тереңіне батырды.
Сонымен, жаңа маусым ашылды. Әр аптаның сейсенбі-жексенбі күндері театрға келіңіздер, ағайын!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button