ДенсаулықҚала мен Сала

Жол беріңіз! Жедел жәрдем!

Елордалық «103» жедел жәрдем қызметіне күн сайын 2000-ға жуық шақырту түседі. Бас ауырса да, қызуы көтерілсе де, тіпті, түшкіріп мазасы қашса да, дереу телефон тұтқасына жүгіретіндер көп. Яғни, олардың 60%-ға жуығы «жедел» шақыртуға жатпайды. Мекеме қызметкерлері «Астана ақшамы» газетіне халық тек шұғыл көмек керек болған кезде ғана медициналық көмекке жүгінсе екен деген тілегін жеткізді.

Бір минутта – екі шақырту

Әуезов көшесіндегі іргесі ертеректе қаланған «103» ғимаратына қала тұрғындары сәт сайын хабарласады. Жедел көмектен бөлек, телефон арқылы тиісті мамандардан дәрігерлік кеңес алу үшін де жүгінетіндер көп. Ал, тәулік бойы жедел көмек беруге шығатын арнаулы бригада тобы сақадай-сай.
«Шақыртулардың көбі кешкі сағат 18.00-ден түнгі 23.00-ге дейінгі аралықта болады. Мекемеге бір минутта екі шақырту келеді. Біздің мамандар ең алдымен жол апатына түсіп, өмір мен өлім арасында жатқан жандарға барады. Оның үстіне, қазір жаңа оқу жылы басталды. Балалардың оқыс жарақат алуы көбейетін кезең. Сондықтан бригада тынымсыз жұмыс істейді. Олар тәулігіне 1500-1600 шақыртуға барып, өз міндеттерін орындап жүр» дейді қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Сапарбек Дүйсенов.

erm_0489
Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап қалалық 9 емхана базасында шұғыл медициналық көмек көрсететін бөлімдер құрылды. Мұндай бөлімдердің айырмашылығы, тек 4,5 және 6 санатттағы пациенттерге жедел көмек береді. Бүгінде қала бойынша 14 қосалқы станция бар. Оның 4-еуі – Есіл, 4-еуі – Сарыарқа және 6-уы Алматы ауданында орналасқан. Осылайша, аталмыш бөлімдердің арқасында медициналық көмекке мұқтаж жандарға орташа есеппен 10 минутта келіп-кетуге мүмкіндік мол.
Санат демекші, мұнда шақыр­тулар 6 түрге бөлінеді. Мәселен, алғашқы үш деңгей – шұғыл шақыртуға жатады. Оған апат­қа ұшыраған немесе өлім мен өмірдің арасында жатқан жандар кіреді. Сонымен қатар, аяғы ауыр әйелдер мен 1 жасқа толмаған балаларға да алдымен көмек көрсетіледі.

Жедел бөлімнің жұмысы

Біз телефон тұтқасына жауап беретін арнаулы бөлмеге бас сұқтық. Оншақты адам арнайы пультте отырып, келіп түскен қоңырауларға жауап беруде. Телефондарға дамыл жоқ. Бірі баласының қызуы көтеріліп шақыртса, енді бірі қан қысымының күрт түсіп кет­кенін айтуда. Келген қоңырау­лардың бәрі автоматты түрде тіркеліп, өңделіп отырады. Жаңа жүйенің арқасында монитор бетінде бәрін бақылап отыруға мүмкіндік бар.

erm_0396
«Ең алдымен бекітілген ережеге сәйкес, кезекші келіп түскен қоңырау нөмірін анықтап, содан кейін мәселесін тыңдайды. Бұл кері байланыс үшін өте қажет. Одан кейін мекен-жайын нақтылайды. Дәл осы мәселе кезекшілерге қиындық тудырады. Кейбір тұрғындар нақты мекен-жайын білмейді немесе көше атауларын шатастырады» дейді бас дәрігердің Әдістемелік ұйымдастыру жұмыстары бойынша орынбасары Гүлнара Тұяқова. Оның айтуынша, мекемеде жедел бөлімге қоса, педиатриялық, фельдшерлік бөлімдер жұмыс істейді.
Жалпы, бір адамға қызмет көрсету уақыты бар-жоғы 30 секунд болса, аталған мекенжайға бригада аттандыру уақыты 5 секундты құрайды. Жеделдік деген – осы!

Жүрегіңе жүк түспесін!

Кезекті шақыртудың біріне ілесіп баруды жөн көрдік. Орта жастағы ер адамның кенеттен жүрек тұсы ауырып, шаншыған. Алғашқы медициналық көмеккке мұқтаж жанның қан қысымы тексеріліп, кардиограмма жасалғаннан кейін тез арада ауруханаға жату керектігі айтылды. Бірнеше минуттың ішінде жедел жәрдем бригадасы науқасты дереу ауруханаға алып кетті.
Жүрек демекші, ресми мәліметтерге сүйенсек, бұл ауру әлем бойынша көбейіп барады. Әрі жас талғамайды. Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы жүрек қан-тамыр ауруынан болатын өлім-жітімді азайту үшін арнайы шараларды қолға алды.
Дәрігерлердің айтуынша, жалпы, жүрек ишемия ауруы тікелей қан қысымына байланыс-ты. Егер дер кезінде емдемесе бүйректің, жүректің қызметі бұзылады. Жүрек кеңейіп кетіп, қан жүрмей, сол маңай жансызданады. Яғни, бұл инфарк-тке әкеледі. Ал, миға қан бармай қалған жағдайда, науқас инсультқа ұшырауы мүмкін. Сондықтан, әрбір адам жүрегін аялап, күткені абзал.

Әр қоңырау – адам тағдыры

Көпшілік жедел жәрдемнің қызметін емес, келіп жету уақытын жиі сынайды. Шын мәнінде, елордада жәдел жәрдем көліктерінің саны жеткілікті. Қазіргі уақытта мекеме балансында 83 техника бар. Соңғы екі жыл ішінде автопарк 15 жаңа машинамен толыққан.
Жылдам жетуге кері әсер ете­тін фактордың бірі – жүргізу­шілердің жол бермеуі. Оның үстіне кейбір тұрғын үйлердің ауласы өте тар, әрі көліктен көз ашпайды.

жедел жәрдем
– Кейде межелі жерге жеткен­мен, үйдің ауласына кіре алмай қалатынымыз бар. Жолда жүрген соң түрлі оқиғалар болады. Рыс­құл­беков көшесіне шақырып алып, өздері Рысқұлов көшесінде тұратын болып шығады. Енді бірі есігін ашпай қояды. Жалпы, автобус қозғалысына арналған арнайы «Bus Lane» жолақтарының арқасында біздің көліктер жылдам жетіп, жол жүру уақытын үнемдейді, – дейді өзін Марат деп таныстырған жүргізуші.
Рас, күні-түні жұмыс істей­тін олардың қызметі ауыр әрі жауапкершілігі мол. Әр қоңыраудың артында адам тағ­дыры тұр. Сондықтан, жедел жәрдем қызметіне әрдайым ЖОЛ БЕРІҢІЗДЕР!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button